«Арыздардың артында тұрған мақсат – менің орнымды көздеу» – Махметғали Сарыбеков
«Арыздардың артында  тұрған мақсат – менің орнымды көздеу» –  Махметғали Сарыбеков
Тіпті, ел арасында «ТарМУ-де шынында диплом сатыла ма?» деген әңгіме желдей есіп кетті. Бұл мәселеге қатысты шағымданушы тараптың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазған жазбаша, сондай-ақ видеоүндеуін толыққанды естігеннен кейін, енді екінші тарап, яғни сын садағына іліккен жоғары оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбековтің де пікірін тыңдағанды жөн көрдік. – Махметғали Нұрғалиұлы, сіз басқарып отырған университеттің заң факультетінің оқытушылары әлеуметтік желі арқылы жария­лаған видеоүндеуі қоғамда қызу талқыға түскені рас. Айтыңызшы, оқу орнының ішінен мұндай шу неден туып отыр? – Арыздардың артында тұрған бір-ақ мақсат – ол менің орнымды көздеу. Менің осында ректор бо­лып келгеніме 8 жылға жуықтады. Мұндай шағымдар неге бұрын айтылмады? Өздеріңіз білесіздер, 2019 жыл­дың қараша айында шыққан Үкімет қаулысына байланысты қа­зір біз республикалық мемле­кеттік кәсіпорыннан коммерция­лық емес акционерлік қоғамға ауысып жатырмыз. Екіншіден, қасымыздағы көршілес оқу орны Тараз мемлекеттік педагогикалық университетімен бірігудеміз. Бі­рігу деген – басшылардың ауы­суы, университеттің басқару құ­рылымының өзгеруі деген сөз. Осындай тұста қазақтың қанына сіңген дүние – басшылық орынға таласу жүреді. Яғни, білім орда­сын басқарып отырған басшының абыройы мен іскерлігіне нұқсан келтіру арқылы оның орнын көздейтіндер көбейеді. – Мұндай әрекетке кім баруы мүмкін? Кімнен күдіктеніп отыр­сыз? – Негізгі ұйымдастырушы­лар­ды білемін. Ал заң факуль­тетінен шу шығарған оқытушылар осы жоспарды іске асырушылар ғана. Алайда мұның артында нақты адамдар тұр. Қазір олар кім екенін айтпаймын. Себебі олар сияқты мен дәлелсіз дүниені жария етпеймін. Алайда шағым білдіріп отыр­ған үш ғылым кандидаты осы тапсырысты орындаушы бо­лып отырғанына қынжылдым. Неге олар дәл осындай мәселені қазіргі өзгерістер болғалы жатқан кезде көтеріп отыр? Егер олар шын мә­нінде университеттің мамандар даярлау мәселесіне жаны ашитын болса, 8 жылдың ішінде алдыма келіп осыны неге көтермеді екен? Университеттің үш оқытушы­сының видеоүндеуі – бұл негізгі шағымдарының бір бөлігі. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтан бастап, еліміздің Бас прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және Білім және ғы­лым министрлігіне жазбаша үн­деу де жолдаған. Олар сонда уни­верситетке деген бар өкпе­лерін айтқан. Оның алғашқысы Заң факуль­тетінің деканы Зауре Абдукари­мованың басқару стилі мен адам­дарға деген қарым-қатына­сына қарсылық білдіруде. Заң факуль­теті біздің оқу орнындағы үлкен факультет емес. Мұнда бар-жоғы 57 адам жұмыс істейді. Оның 32-інің магистр деген академиялық атағы болса, 3-уі философия док­торы, 15-і заң ғылымдарының кандидаты. Міне, осындай шағын факультетке 2 жыл бұрын Зауре Абдукаримова конкурстан өтіп, декан болып келген. Өткен жыл­дың аяғында шағым жазып отырған заң факультетінің 3 оқытушысы деканның жұмысына наразылығын білдіріп келді. Олар өздерінің шағымын дәлелдейтін құжаттары бар екенін айтқан­дықтан, оны маған беруі қажетін ескерттім. Алайда олар сол бойы дәлелдерін көрсеткен жоқ. Содан мұндай мәселенің болып жат­қанын деканға айтып едім, ол факультеттің оқытушыларымен кездесіп, пікірлерін тыңдауды ұсынды. Мен бұған келісіп, бел­гіленген күні барғанымда шағым жазып жүрген ғылым канди­даттары басқосуға келмей қойды. Оқытушылардың мұндай әдеп­сіздігіне де кешіріммен қарап, университеттен шығып бара жатыр едім, әлгі 3-4 оқытушы оқу орнының қабырғасында топ­тасып жиналып тұр екен. Солар үшін осы жиналысқа келгенімді, не себепті ұжымды сыйлап бас­қосуда болмағандарын сұраған едім, олар декан Абдукаримова бүкіл ұжымды өздеріне қарсы қойып қойғанын айтып, сол се­бепті келгісі келмегендерін жет­кізді. Бұған да түсіністік танытып, «бұлай болатын болса, шағым­дарыңызды маған жазбаша тү­рінде беріңіздер» деп тағы ес­керттім. Алайда осы күнге дейін олардан маған бір жазбаша ша­ғым түспеді. Оның орнына оқы­ту­шылар Тараз қаласындағы «Комитет по защите гражданских прав» деген қоғамдық бірлестікке барып, оқу орнының үстінен ша­ғым түсірген. Әлгі бірлестік түрлі құйтырқы фактілерді осы жыл­дың қаңтар айынан бастап әлеу­меттік желілерде жариялай бас­тады. Бірлестікке бір рет рес­ми түрде жауап бердім. Осылайша, бір­лестіктің де әрекетінен түк шық­пағаннан кейін, заң фа­куль­тетінің оқытушылары Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­тан бастап, бірқатар құзырлы ор­гандарға ашық хат жазып отыр. Оқытушылардың бұл шағым­дарындағы тағы бір мәселе – профессор Б.Тайторина уни­вер­ситеттен заңсыз айлық алып отыр­ғаны туралы айтылады. Бұны «Комитет по защите граж­данских прав» қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне де жазды. Департамент басшы­лығы аталған жайт бойынша арнайы мониторингтік топ бара­тынын айтқанда да қарсылық танытқаным жоқ. Бірақ арнайы мониторинг тобының құрамына шағымданушылардың кіргенін құп көрмедім. Себебі олар тексеру барысында кейбір құжаттарды әлеуметтік желілерге салып, жа­риялап жіберді. Бұл дұрыс емес. Олар ең алдымен тек­серісті аяқ­тап, оның нәтижесін маған та­ныстыруы керек еді. Алайда сол мониторингтік топ­тың тексерісі әлі күнге қолыма тиген жоқ. Міне, осындай әре­кеттерінен түк шықпағаннан кейін, Прези­дент­тің атына үндеу жолдап отыр деп ойлаймын. – Мемлекет басшысының атына жазылған бұл жазбаша үндеуге жауап келді ме? – Жоқ, әзірге ешқандай жауап келген жоқ. Бірақ Білім және ғы­лым министрлігінің тексеру тобы қазір университетте жұмыс жүр­гізіп жатыр. Алдағы уақытта оның қорытындысы шығып қалар.   TarMY ctydentteri 1 – Жалпы байқап тұрсақ, заң факультеті оқытушыларының өкпесі әу баста деканға қатысты туындаған сияқты. Сіз ешқандай әрекет етпегеннен кейін өзіңізге қарсы шықты деп ойламайсыз ба? – Иә, мұндай да ой келеді. Егер олар маған алғаш келгенде деканды қызметінен алып тас­тасам, бұның бәрі болмас па еді? Бірақ адамды еш себепсіз қыз­меттен қуа алмаймын ғой. Жо­ғарыда айтқанымдай, оқытушы­ларға өздерінің сөзін дәлел­дейтін арыздарын жазбаша әке­ліңдер дедім. Алайда олар басқа жолды таңдады. Президенттің атына жазылған ашық хатқа қайта оралсақ, олар екінші мәселе ретінде универ­си­теттегі білім сапасын көтереді. Кешегі видеоүндеуде шағымда­нушының бірі Құрманбек Сағын­беков «заң факультетінің жүзде­ген студенті сабаққа келмесе де, жоғары жақтың тапсырмасымен балл қойып беріп жатырмыз» деп айтып отыр, ол – жала. Мен қанша университетті басқарсам да, ешқашан ондай тапсырма берген емеспін. Ол – менің өмір­лік ұстанымым. Заң факультетінің кешкі бөлі­мінде қазір 98 бала оқып жатса, сырттай бөлімде 759 бала білім алып жатыр. Ал факультеттің күндізгі бөлімінде жалпы 696 сту­дент оқуда. Видеоүндеуде ша­ғымданушы осы балалардың қай­сысына кімнің нақты нұсқа­уымен баға қойылып беріп жат­қанын айтпайды? Жалпылама қалай жала жабады? Осы тұста айта кетерлігі, уни­верситеттің кешкі және сыртқы бөлімі былтыр еліміздің Білім ту­ралы заңына енгізілген өзге­рістер мен толықтырудан кейін студенттерді қабылдауды тоқтат­ты. Қазір тек қабылданып қойған студенттердің білімін аяқтау ба­ғы­тында жұмыстар жүргізіліп жатыр. – Видеоүндеуде шағым­дану­шылар «жоғары жақтың бұйры­ғымен негізсіз баға қойып беріп жатырмыз» деп сізді емес, фа­культет деканын меңзеп отырған жоқ па? – Деканның ондайға құзыреті жетпейді. Қазір балалардың са­баққа қатысуы мен білім сапасын бақылайтын университетте жаңа жүйе бар. Біріншіден, балалардың сабаққа қатысуын бақылау үшін электронды журнал енгізілген. Орталықтандырылған ол базаны өзгерту мүмкін емес. Екіншіден, студенттердің сабаққа қатысуы мен үлгерімін қадағалайтын рес­публикалық Platonus деген бағ­дарлама бар. Platonus-қа бір ен­гізілген ақпаратты қайта ала алмайсыз. Министрліктен келген тексеру тобына осы электронды журнал сияқты барлық ресми құжаттарымызды көрсетіп отырмыз. Бұдан бөлек, студенттердің са­баққа қатысуы мен үлгерімі апта сайын «декан сағатында» қаралады. Айына бір рет өзімнің басшылығыммен ректорат өтеді. Сонда осы мәселелердің барлығы да мұқият пысықталады. Сондай-ақ тоқсанына бір рет ғылыми кеңесте де бұл мәселелерді күн тәртібіне шығарып, талқылаймыз. Сондықтан «балалар сабаққа қатыспайды, оларға өтірік балл қойылып жатыр» деу – шындыққа жанаспайтын дүние. Бұл оқытушылардың неге өкпелеп жүргенін түсінбедім. Факультеттің ғылыми дәрежесін ұстап тұру үшін ғылым канди­таттарының жалақысына 100 пайыз қосымша үстемеақы тө­лен­ді. Яғни, олар екі еселенген мөлшерде айлық алады. Жоғарыда айтып өткен про­фессор Б.Тайторинаны да фа­культеттің ғылыми дәрежесін сақ­тап қалу үшін Алматы қала­сы­нан қабылдадық. Оған себеп – заң факультеті бойынша ма­гистрларды оқыту үшін оқыту­шы­лар құрамында ғылым док­торы болуы қажет. Ал Тараз қала­сында заң ғылымдары бойынша ғылым докторы жоқ екені бар­лығына мәлім. Б.Тайторинаны біз осы мақ­сатты көздеп жұмысқа қа­былдадық. Оның айлығы 800 мың теңге деген шағымдану­шылардың әңгімесі шындыққа жанаспайды. Ол да университеттің өзге про­фессорлары сияқты бел­гіленген мөлшерде айлық жалақы алып отырды. Бір сөзбен айт­қанда, Б.Тайторина Білім және ғылым министрлігінің норма­тивтік құ­жаттарына еш қайшы келмейтін конкурс негізінде жұмысқа про­фессор-зерттеуші ретінде қа­былданды. – Қазір профессор Б.Тайтори­на ТарМУ қабырғасында жұмыс істеп жатыр ма? – Жоқ. Әлеуметтік желілерде ол кісінің тарапына жазылған дүниелерден кейін профессор Б.Тайторина біздің универ­си­теттен өз еркімен жұмысын тоқтатты.   TarMY ctydentteri Шағымданушылардың ауыр тиген тұсы – ректор ретінде ме­нен ілік таба алмағаннан кейін қызым Салтанат Сарыбековаға тиісті. Олар шағымдарында «қы­зым ТарМУ-дың атынан мақсатты докторантураны оқып, алайда қазір университетте жұмыс іс­те­мейді» деп көрсетіпті. Енді бұл – таза жала жабу. Рас, қызым Еура­зия ұлттық университетінің док­торантурасын бітірді, қазір гу­манитарлық-әлеуметтік ғылым­дар факультетінде заң психоло­гиясы пәні бойынша дәріс береді. Оны айғақтайтын кадр бөлімі бар, тіптеп келгенде бухгалте­рия­дан тексере салса да болады. Оған сенбесе, студенттерден сұрасын. Осыны біле тұра, қызыма тіл тигізгендерін түсінбедім. Тағы бір мәселе – биыл пай­далануға берілетін жатақхана құрылысына қатысты да маған күйе жақты. Шағымдану­шы­лар­дың сөзіне сүйенсек, мен мем­лекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «ПИКО» ЖШС-мен заңсыз келісімшартқа тұрыппын. Сондай-ақ осы серіктестік мен ректор болғалы университеттің барлық жобасын жеңіп алатын көрінеді. Бұл да өтірік. Бірінші­ден, университет жатақхананы жекеменшік-серіктестік аясында емес, консорциум жасау арқылы 50/50 төлем негізінде салып жатыр. Екіншіден, мен «ПИКО» ЖШС-ын биыл бірінші рет көріп отырмын. Яғни, серіктестік мен ректор болғалы университетпен бірінші рет жұмыс істеп отыр. Оны тексере салу да қиын емес. 500 орынға арналған жатақ­хананы бұйырса желтоқсан айында пайдалануға берсек деп отырмыз. Сондықтан мемле­кет­тен бір тиын алмай, бюджеттен тыс қаржыға консорциум жасау арқылы жүргізіліп жатқан құры­лысқа қуанудың орнына, тырнақ астынан кір іздеп, дәлелсіз жала жапқандары санаға сыймайды. Бұдан бөлек, бізде Түркімен­стан мемлекетінің 700-ден астам азаматы оқиды. Міне, осы сту­дент­тердің оқу төлемақысына қатысты да құбылмалы доллардың курсын есептей отырып, 20-30 пайыздық айырмашылықты оқу орнының бухгалтериясы артыл­ған ақшаларын қайтармай отыр деп айыптапты. Бірақ мұндай мәселемен бүгінгі күнге дейін бірде-бір студент келген жоқ. Енді бұл тұста ерекше айта ке­терлігі – Мемлекет басшысы мен құрылымдық мекемелерге жа­­зылған жазбаша арызда алты адам­ның қолы тұрса, қазір екеуі бұл құжатқа қол қоймағандары ту­ралы тексеру комиссиясына қол­хат берді. Қазір ол бойынша анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бір сөз­бен айтқанда, арызда­нушыларға қатысты да шикілік болып тұр. – Жалпы, шағымданушы­лардың ұжыммен ара-қатынасы қандай екен? – Олардың видео және жаз­баша шағымдарынан кейін заң факультетінің оқытушылары маған келіп «бүкіл елге ұят қылды, біз де олардың айтып отырғандары жалған дүние екенін көрсетіп жазайық» деп ойын білдірді. Бі­рақ мен оған қарсы болдым. Се­бебі қазір олар жазса, көпшілік мұны ректор ұйымдастырып жа­тыр деп ойлайды. Сондықтан арым таза болғандықтан, бұған қарсы келдім. Шынымды айтайын, бұл орын­ға жабысып отырғаным жоқ. Пайғамбар жасына келдім. Егер ертең қызметтен кететін болсам да, жала жабылып емес, арым таза күйі кеткім келеді. – Тексеру комиссиясы шағым­данушылардың айтқанын дәлелсіз деп тапса, оларға қатысты қандай шара қолданбақсыз? – Жамбыл облысындағы ір­гелі оқу орнының атына келтірген залалы үшін сотқа беремін. Заң шеңберінде жазалануын талап етемін. Себебі менің артымда 12 мың студент, 2,5 мың оқытушы мен қызметкер тұр. Бұл мәселе солардың барлығына кері әсерін тигізіп жатыр. Тіпті, жаңа оқу жылына студенттерді қабылдау науқанына да бұл жайт жағымсыз әсерін келтіруде. Осы үшін жа­уап­тылардың жазаға тартылуын талап ететін боламын. – Сөз соңында оқырман қауымға, балалары сіздерде білім алып жатқан және оқуға түскелі отырған ата-аналар мен жастарға қандай ой айтасыз? – М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті –об­лысқа ғана емес, елімізге танымал білім ордасы. Оқу орны мемлекет шеңберінен бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттермен де байланыс орнатып, студенттерінің қос дип­ломды білім алуына мүмкіндік тудырған. Бұдан бөлек, білім ор­дасы жаңа мамандықтар бойынша да бағдарлы бастамалар көтеріп, студенттердің теориялық қана емес, практикада да білімін шың­дауға жағдай жасаған. Біздің университетте оқумен қатар ғылыммен де айналысуға болады. Ғылыми жобаларға бе­рілетін мемлекеттік гранттар да бар. Осындай ауқымды оқыту жү­йесі арқылы бүгінде түлекте­ріміз түрлі салада жемісті жұмыс істеуде. Бір ғана заң факультетін мысалға алатын болсақ, облыстық прокуратурада жүрген 200 ма­манның 57-і – ТарМУ түлектері. Яғни, әр төртінші прокуратура маманы университет қабыр­ға­сында білім алған. Ал облыстық Полиция департаментіне қарасты құрылымдарда университе­тіміз­дің 500-ден аса заң факультетінің түлегі еңбек етіп жатыр. Осының өзі оқу орнының білім деңгейі мен беделін айқындап тұрғаны анық. Сондықтан білім ордасына деген сенімге селкеу түсірмей, ТарМУ-мен бірге болуға шақы­рамын. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы