Алайда соған қарамастан, емдік шипалы суымен аты шыққан әйгілі көл жағалауының абаттандырылуы көңілден шықпай отыр. Мұны Алакөлдің жағалауына арнайы барып, жазғы демалыс маусымына дайындығын өзі тексеріп қайтқан облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де жасырмады. Алакөлдің жағалауын абаттандыру жұмыстары жыл сайын жалғасын тауып келеді. Мәселен, 2016 жылдан бері бұл мақсатқа 6,2 млрд теңге бөлінсе, биыл бөлінген бюджеттік инвестиция көлемі – 3,9 млрд теңге. Солай бола тұрса да, инфрақұрылымның ұдайы жақсаруына қарамастан, көл жағалауының өзі еліміздің туризмді дамыту картасының ондығына ғана енді. Кәсіпкерлер тарапынан әлі күнге дейін өздері мойнына алған міндеттемелерінің толық есебі жоқ. Арбатты аралаған аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бизнесмендердің жағалаудағы басты көшеге жүргізген құрылысына көңілі толмады. – Біз мұнда ауқымды абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өткен жылмен салыстырғанда мұнда айтарлықтай өзгерістер бар. Бірақ мен әр келген сайын кәсіпкерлерге назар аударамын, бізге, ең бастысы, мұнда турист ретінде келетін қазақстандықтарға деген басқаша көзқарас, басқаша деңгей керек. Бизнесмендер орташа әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсететін түрік жағалауларына бәсекелес болуы тиіс. Тамақтандыру саласындағы кәсіпкерлер үлкен табыс тауып отыр. Бірақ әлі күнге дейін әлемдік талаптарға сай қызмет көрсететін не бір мейрамхана, не бір кафе жоқ. Оның үстіне, мұндай нысандардың барлығы орталықта, жағалаудың бойында орналасқан. Олардың ешқайсысы да абаттандыру, қызметтің сапасы туралы ойланбайды. Бәрінің ойлағаны бірінші кезекте табыс, себебі олар қандай бағаға болмасын, демалушылардың келетінін біледі, – деді облыс әкімі. Алакөлде ең бірінші кезекте кәсіпкерлер тамақтандыру нысандарын ретке келтіруі қажет. Жалпы, көл жағалауында 345 кәсіпкерлік нысан қызмет көрсетеді. Оның ішінде 11,5 мың төсек-орындық 175 демалыс үйі, 36 қоғамдық тамақтандыру нысаны, 27 дүкен, 104 дүңгіршек, үш дәріхана бар. Биыл сегіз жаңа демалыс үйі салынып, он бірі аумағын кеңейтті. Бұл тағы да қосымша 650 төсек-орын қосылды деген сөз. Бұдан бөлек, 200 орындық Alakol Love туристік кешенінің құрылысы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тағы да екі жоба – су құбыры мен электр желісінің құрылысы басталды. Ұзындығы 2,5 шақырымдық вело-тротуар жолының құрылысы мен абаттандырылуы аяқталып, бес жаңа модульдік сауда павильоны орнатылды. Биыл көл жағасында жаңа әжетханалар, шешініп-киінетін кабиналар, құтқару посты, шағын су кемелеріне арналған қоршауы мен ақпараттық тақталары бар тұрақ салынады. Демалушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін сахна мен би алаңы, аквапарк құрылысы басталды. – Көріктендірудің түйінді сәті Үржардағы әуежайды қайта жаңғырту жұмысы болмақ, кез келген ұшақ қонуы үшін ұшып-қону жолағы ұзартылады. Бұл шаруа келесі жылдың соңында орындалады. Сондай-ақ біз үшін Үржар ауылын көріктендіру де өте маңызды. Бейнелеп айтсақ, Үржар – курортты аймақтың астанасы. Біз ауыл тартымды болу үшін 2,2 млрд теңге бөлмекпіз. Енді бір үш жылдан кейін сіздер мүлдем басқа Үржарды көретін боласыздар, – деді облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесуде.
Маса да мазаны алып тұр
Биыл Алакөлге табан тірегендердің құтын қашырған тағы бір мәселе – маса. Демалушылар мен тұрғындар қызыл бөртпе болып жүр. Маса мен шіркей әсіресе, кешқұрым уақытта қаптайды екен. Осыған байланысты әлеуметтік желіде желдей ескен фото-бейне ақпараттар Алакөлдегі демалыс базалары иелерінің алаңдаушылығын тудыруда. Масаның кесірінен туристер келмей қала ма деген қорқыныш та жоқ емес.Акті болмаса, турист қабылдауға рұқсат жоқ
Бүгінде 175 демалыс базасы бар Алакөл демалыс аймағының он мыңнан астам адамға қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Алайда облыс басшысы атап көрсеткендей, қазіргі коронавирус індеті жағдайында тиісті санитарлық талаптарды барынша мұқият сақтау қажет. Мысалы, ондағы 72 базаның екеуінде ғана демалушылар көп шоғырланатын жерлердегі кезекті белгі сызықтар арқылы реттеу жолға қойылған болса, 20-сы байланыссыз термометрмен, 31-і санитайзермен, 41-і дезинфекциялық құралдармен қамтылған. Сонымен қатар база аумағында орналасқан ойын және сәулет нысандары залалсыздандырылмаған, санитарлық қауіпсіздікті, демалуға келген адамдармен сауалнама жүргізуді қадағалауға жауапты тұлғалар бекітілмеген. Сапар барысында Алакөлдегі 175 демалыс базасының бірде-біреуі 2020 жылғы туристік маусымға толық дайын екенін растайтын акт алмағаны да белгілі болды. Сонымен қатар демалушылар Алакөлге келген кезде экспресс-тесттің немесе ПТР-дің нәтижесін көрсетуі тиіс. Коронавирусқа тестті отбасында бір ғана адам тапсырса жеткілікті. – Демалыс базаларының қызметкерлері өздеріне жүктелген талаптарды орындамай жұмыстарын бастамайды. Санитарлық талап сақталмайынша, демалушыларды қабылдауға тыйым салынады. Бір жұма уақыт бар. Бір жұманың ішінде тапсырылған жұмыстарды орындайтындарыңызға сенемін, – деді Даниал Ахметов Алакөлге барған сапарында.Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы