Поэзия падишасының тойы
Поэзия падишасының тойы
213
оқылды

Махамбет сыйлығының иеге­рі, белгілі ақын Светқали Нұржан бастаған қазылар алқасы мүшәй­раға түскен жүзге жуық өлеңді сарапқа салып, баға берді. Жыр додасының қорытындысында жүлделі үшінші орынды Динара Мәлік, Тоқтарәлі Таңжарық, Жанерке Ғинаят иеленді. Екінші орынның тұғырынан «Байрон» де­ген лақап атпен қатысқан Батыр­хан Сәрсенхан, Асыланбек Шығыров көрінді. Жүлделі бірін­ші орынды Қалқаман Сарин еншіледі. Фариза Оңғарсынова­ның отбасы атынан ұлы Алмас Оңғарсынов пен немересі Алан Айварұлы жас ақын Арайлым Жақ­сылыққа арнайы жүлде тап­сыр­­ды.

Тоқымдай ғана Манашта дүниеге келіп, Алашқа танылып, поэзия падишасы атанған Фариза Оңғарсыноваға арналған рес­пуб­ли­ка­лық аламан бәйгенің бас жүл­десін жүзден жүйрік бо­лып, жырымен тамсандырған Мирас Асан иеленді. Жас ақын мүшәйраға үш бағыт­ты үш жыр арнап жазып ұсынған екен. Оның айтуынша, фа­риза­тану енді басталады. Фари­за­ны әр қазақ жырлауы керек.

Бас жүлде иесіне марапатты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тапсырды.

– Бүгінгі өлеңнің тойы – ақын тойы Атырау еліндегі шымыл­дығын ашқалы отыр. Қазақта «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген жақсы сөз бар. Жазба поэзия өкілдерінің қатысуымен өткен бұл байқау шын мәнісіндегі талантты жас­тар­дың келешегіне қанат бітіреді деген ойдамыз. Аса күрделі, жұм­бақ, асқақ ақынның өлеңдегі бей­несін жасауға талпыныс білдір­ген жүзге жуық үміткердің арасынан озық шыққандар бүгін Фариза Оңғарсынова туған жерге келіп отыр. Фариза апамыз жүз­деген жас талантты қанаты­ның астына алған қамқор ұстаз болды. Ол тұсауын кескен көптеген жас­тар бүгінде қазақ әдебиетінің белгілі өкілдеріне айналып үлгер­ді. Мүшәйрада жүлделі орын­ға ие болғандар ғана емес, осы мүшәй­раға қатысқан ақындардың бар­лы­ғына Фариза апамыздың рухы разы деп ойлаймын, – деген аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы ақын рухына бас иіп, сағынышпен еске алуға мүмкіндік берген айту­лы шараны ұйымдастырған жандарға алғысын айтты.

Атырау облысы әкімдігі, облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушы­лар одағы облыстық филиалы, «Руханият» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған респуб­ликалық мүшәйра Фариза Оңғар­сынованың шығарма­шы­лы­ғын насихаттауды, жас таланттарға қолдау көрсетіп, поэзияда жаңа есімдерді шығаруды мақсат етті. Сондықтан да позэия падишасы­ның өміршең жырларын наси­хаттау, фаризатану еліміздің бар­лық аймақтарында жалғасып, ақын жырлары ғасырларға ама­наттала берері сөзсіз.