Қазір нысанда құрылыс қарқынды. Жұмыстың бірінші кезеңі 80% аяқталған. Бүгінде аумағын абаттандыруға баса назар аударылуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізіліп жатқан жобаның құрылысын облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі жиі-жиі тексеріп тұрады. Бұл жолы маңызды нысанды мердігер Bazis Construction компаниясының басшылығымен, мамандарымен бірге аралаған өңір басшысы алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстарды егжей-тегжейлі талқылады. Ірі нысанда ұсақ-түйек болмайды. Сондықтан ішкі дизайн элементтері, балалар бассейніндегі қабырғалардың жазулары, түс жағынан үйлесімділігі, ғимараттың ішіне де, сыртына да ту тұғырын орнату, сол сияқты ғимаратты жарықтандыру, тұрмыстық бөлмелерді жабдықтау, кіреберіске төселетін плиткалардың түсі мен түрі сияқты мәселелердің барлығы сөз болып, ұсыныстар айтылды. – Бассейн мен «Жастар» саябағы және осы маңдағы көшелер өзара бір-бірімен бірыңғай кешен құрап, үйлесімді болуы керек. Бұл мәселелермен бірінші орынбасарым Лаззат Тұрлашов пен қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, облыстық Құрылыс басқармасы, қалалық сәулет және басқа да қызметтер тұрақты айналысуға тиісті. Байқауымша, аталған бағыттағы жұмыстар өте сылбыр. Көбі әлі күнге дейін шешілмеген. Алдағы кезде мұндайға жол бермеу керек. Келесі келгенде бүгін жасаған түзетулерімді, қайта дайындалатын ландшафтық дизайн жобасын, жалпы абаттандырудың егжей-тегжейлі жоспарын көрсетесіңдер. Жарық шамдарының, орындықтардың, шағын архитектуралық формалардың түрлері сынды нәрселердің барлығы да маңызды. Түгел ойластырып, дайындап, бекіту керек. Осы нысанда аптасына екі рет кездесу өткізіп, барлық мәселелерді шешуді, жұмысты жандандыруды тапсырамын. Екі аптада бір рет келіп, көріп тұрамын, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруіміз керек. Оған қоса әрбір дүйсенбі сайын жұмыстардың барысы, әсіресе, абаттандыру туралы есеп беріп отырасыңдар. Жүзуден түрлі деңгейдегі жарыстардан өзге бұл жерде балаларды, жалпы тұрғындарды жүзуге үйретеді, су добынан, мәнерлеп жүзуден, суға секіруден жарыстар өтетін болады. Сондықтан күрделі құрал-жабдықтарды орнатып, оның қыр-сырын жақсы білетін мамандар қазір де, бұдан былай да осында жұмыс істесе, жақсы болады. Біз өз тарапымыздан алдағы уақытта олардың тұрмыстық мәселелерін шешуге жәрдемдесеміз, – деген облыс әкімі облыстық Спорт басқармасының басшысына мердігер мекемемен бірлесіп кадр мәселесін кеңінен ойластыруды тапсырды. Келесі келгенінде абаттандыруға қатысты дизайн жобасын көретін болды. Bazis Construction мердігер компаниясының атқарушы директоры Мұстафа Афраиловтың айтуынша, құрылыстың бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Екінші кезеңде іске қосу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін, бассейндерді суға толтыру, суды жылыту мен желдету сапасы тексеріледі. Барлық қажетті италиялық, германиялық құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатуға дайын тұр. Қазіргі кезде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы аптада компания абаттандыру жұмыстарына кіріседі. Нысандағы жұмыстарға 475 адам тартылған, шатырдың өзінде 75 адам жұмыс істеп жатыр. Халықаралық талаптарға сай, әлемдік стандарттарға толық жауап бере алатын бассейннің жалпы алаңы – 27 мың шаршы метр, әлемдік стандарттарға сәйкес 2 бассейні бар. Ұзындығы 50 метрлік бассейндердің бірі жүзу, аквааэробика, су добы, мәнерлеп жүзу бойынша оқу-жаттығу сабақтарына, екіншісі 5-тен 10 метрге дейінгі биіктіктен суға секіруге арналған.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы