«Еңбекті» елемегеннің есесі кетеді
«Еңбекті» елемегеннің есесі кетеді
151
оқылды
Олай деуге негіз бар. Себебі аз қамтылған көпбалалы отбасыларды, еңбекке қабілетті, бірақ мүгедектігі бар азаматтар мен жастарды жұмысқа орналастыру, оқыту сапасын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік қол­дау­дың жаңа шаралары көзделген бағдарламаның Атырау облысында орындалуында кемшіліктерге жол берілген. Бұл жөнінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен «Еңбек» мемлекеттік бағдарла­ма­сын жүзеге асыруға қатысты жиында белгілі болды. Жиында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мемле­кеттік бағдарламасының орын­далуы мен еңбек берешегін бол­дырмау, сондай-ақ электронды еңбек шарттары талқыланды. 2019 жылы «Нәти­желі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд теңге қаржы игерілген. Жоспар­ланған шаралар толығымен орын­далды. Биыл бағ­дарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасы Үкімет бекіт­кен халықтың белгілі бір топтарын әлеуметтік қорғау мен нығайту бағытындағы жұмыстарды үйлес­тірумен қатар, екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар облыстық басқармаға қарасты 4 мемлекеттік мекеменің қызметін үйлестіру де аталған басқармаға жүктелген. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының биылғы мамыр айында нақтылан­ған бюджет көлемі – 11 млрд 327 млн 787 мың теңге. Бұл қаражатты тиімді игеру аталмыш саладан жа­уапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша, 2020 жылға аз қамтыл­ған азаматтарды әлеуметтік қорғау бойынша 2 996 отбасындағы 17 994 адамға атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 1 млрд 606 млн 18 мың тең­ге қаржы қаралды. 2020 жылдың 1-ші маусымындағы дерекке сүйен­сек, қаңтар-мамыр айлары­на 1 363 отбасындағы 7 781 адамға 314,1 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленіп жатыр. Биылғы мамыр айындағы көр­сеткіш бойынша облыста барлық санаттағы мүгедектер саны – 23 261 адам. Өткен жылы 12 460 мұқ­таж адам жеке оңалту бағдар­ла­масына сәйкес оңалту техни­калық құралдарымен және қыз­меттермен қамтамасыз етілді. Биыл жыл басынан облыс бо­йын­ша мүмкіндігі шектеулі адамдар 1 303 оңалту техникалық құра­лымен қамтылды. Елімізде әлеуметтік қорғауды нақты халықтың осал тобына, олар­дың тұрмыс-деңгейін қамта­масыз етуге бағытталған тиімді жүйелер үнемі енгізіліп отыр. Ең ал­дымен оған куә, 2017 жылдан бас­тап жүзеге асып жатқан «Нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» мемлекеттік бағдар­ла­масы. Өткен жылы аталған бағдар­лама аясында 28 344 адам қамты­лып, 5 057,2 млн теңге игерілді. Бар­лық шара толығымен орын­далды. Биыл бағдарламаға 23 566 адамды тартып, 4 млрд 988,1 млн теңге игеру жоспарланып отыр. Ал жыл басынан бері 6 694 адам қам­тылып, 905,5 млн теңге игерілген.  

Аудандардағы салғырттық сынға ілікті

Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 250 адамды кә­сіп­тік техникалық даярлау және 1 610 жұмыссызды қысқамерзімді курс­тарда оқыту жоспарланған. Жыл басынан бері 360 адам қыс­қамер­зімді курстарға оқуға жол­данса, «Те­ңізшевройл» мекемесі­нің сұра­нысы бойынша 341 адам қыс­қа­мерзімді курсты оқытуға жіберілген. Биыл «Бастау-Бизнес» жоба аясында 1 000 адамды оқыту жос­парланған. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен оқу онлайн режи­мінде 10 маусымнан бастап жүргі­зіледі. Оқытылатын адамдар тізімі нақтыланып, оқу кестесі келісіліп, бекітілген. Сонымен бірге, екінші бағыт шеңберінде 351 адамға 1 646,5 млн теңгеге несие, 434 адамға 200 АЕК мөлшерде гранттар беріледі. Күні бүгінге 25 адам грантты алды және 86 адамға 596,2 млн теңгеге несие берілді. 12 адам несие бойынша кепілдендірілген. Алайда аталған бағыттар бойынша жоспардың орындалысы төмен көрсетішке ие болып отыр. Тө­тенше жағдайға қарамастан, грант алушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 1,8 пайызға, ал несие алушылардың саны 22,7 пайызға көбейді. Тағы бір кемшілік, қоғамдық жұмыс орындарына үш мыңнан аса адам жолданып, жоспар 52 пайыз ғана орындалды. Бұл жұ­мыстар Жылыой, Махамбет, Ма­қат, Индер, Исатай аудандарында төмен деңгейде жүргізіліп, мәселе тудырып отыр. Сондай-ақ жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектер үшін ұйымдастырылған Жастар практикасына 240 жас жол­данған. Алайда бұл тапсырма­ның да аудандарда орындалуы көңіл көншітпейді. Жалпы, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 11 410 адамның 6 217-і немесе 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Есепті кезең соңында жұмыссыздар 9 805 адамды құрап отыр. Хабарласқандардың саны төтенше жағдай жариялануына орай 42 500 теңге көлеміндегі әлеу­меттік төлемді алу үшін көбейген.  

Мердігерлер енжарлық танытуда

Жол картасы шеңберінде бар­лық Жұмыспен қамту орталық­тарымен жоспарланған жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі. Бүгінде 7 113 адам жұмысқа орна­ластырылған. Оның тең жартысы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс тауып, нәсібін көріп отыр. Газ-химия кешенінің жобасына биыл 2 мың адамды ор­наластыру жоспарланған. Атырау облысы бойынша республикалық деңгейдегі автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізу бағы­тын­дағы жобаларға «Казавтожол» АҚ ҰК филиалымен келісіліп, мер­дігер мекемелермен жұмысқа қабылдау шаралары жүргізілуде. Серік Қамидолланың айтуын­ша, қазіргі таңда Мемлекет бас­шысы бекіткен Жұмыспен қам­тудың 2020-2021 жылдарға ар­налған Жол картасы жүзеге асып жатыр. Аталған жол картасы бойынша 63 инфрақұрылымдық жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 46 жобада жеңімпаз анықталды. Қазынашылық департаментінде 40 шарт тіркеліп, жұмыс басталды. Бүгінге жобаларға 1 799 адам жұмысқа орналасты, оның 1 191-і – Жұмыспен қамту орталықтары есебінде тұрған жұмыссыздар. «Құрманғазы және Исатай аудан әкімдеріне жоспарланған жобаларда жұмыс орындарын құру туралы тапсырма берілген бола­тын. Қазіргі таңда Исатай ауда­нында 1 жоба бойынша жұмыс бас­талды. Аудан бойынша ауыл­іші­лік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жобасы бойынша 249 жұмыс орнын құру жоспарланды. Жергілікті тұрғындар есебінен жо­баға жоспар бойынша 125 адамның орнына тек 10 адам жұмысқа қа­былданды. Мердігер мекеме та­лапты орындамай отыр. Құр­ман­ғазы ауданы бойынша Сүйіндік-Асан-Үштаған ауылдарының магистралды су құбыры жүйесінің құрылысына 166 адамды тарту керек. Аудан әкімі соның 83-не Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жергілікті тұрғындардан қабылдау туралы міндеттеме алған болатын. Алайда келісімшарт талабы орындалмай, мердігер «Болат-Д» ЖШС бірде-бір адамды жұмысқа қабылдамаған. Денсау­лық сақтау саласы бойынша Ма­хамбет аудандық орталық ауруханасына қарасты 4 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілмей отыр», – деген басқарма басшысы тағы бір мәселеге назар аудартты. Ол мәселеге тоқталсақ, Ин­дустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрлігіне Жол картасы бойынша ай сайын есеп жіберілуі тиіс. Алайда алдын ала ескертіл­генімен, бүгінге дейін облыстық Құрылыс басқармасынан басқа бағдарлама әкімгерлерінен бірде-бір есеп түспеген. Жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс жұмысты өз дең­гейінде ұйымдастыра алмай отыр­ған аудан әкімдерін сынға алды. «Жұмыстарыңызда кемшілік көп. Бәрін карантинге сілтейсіздер. Маған жоспарды қай уақытта толық орындайтындарыңыз керек. Келесі айда жүктелген міндетті қаншалықты орындап, көрсеткішті жақсарта аласыздар? Нақты жос­парларыңызды айтыңыздар. Жұ­мыс істейтіндерге әрдайым жол ашық. Төтенше жағдай, тіпті ка­рантин кезінде де жұмыс істеуге ар­найы рұқсат бердік. Облыстық арнай штаб сол үшін күні-түні жұ­мыс істеді», – деді аймақ басшысы. Жиын соңында облыс әкімі құзырлы органдармен бірлесіп, мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақының уақытында және толық төленуіне мониторинг жа­сауды жалғастыруды, халыққа тү­сіндіру жұмысын жүргізіп, әлеу­меттің әлсіз тобының мәселелеріне терең  талдау жасауды тапсырды.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,  Атырау облысы