Олай деуге негіз бар. Себебі аз қамтылған көпбалалы отбасыларды, еңбекке қабілетті, бірақ мүгедектігі бар азаматтар мен жастарды жұмысқа орналастыру, оқыту сапасын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары көзделген бағдарламаның Атырау облысында орындалуында кемшіліктерге жол берілген. Бұл жөнінде облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты жиында белгілі болды. Жиында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен еңбек берешегін болдырмау, сондай-ақ электронды еңбек шарттары талқыланды. 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд теңге қаржы игерілген. Жоспарланған шаралар толығымен орындалды. Биыл бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Үкімет бекіткен халықтың белгілі бір топтарын әлеуметтік қорғау мен нығайту бағытындағы жұмыстарды үйлестірумен қатар, екі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар облыстық басқармаға қарасты 4 мемлекеттік мекеменің қызметін үйлестіру де аталған басқармаға жүктелген. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының биылғы мамыр айында нақтыланған бюджет көлемі – 11 млрд 327 млн 787 мың теңге. Бұл қаражатты тиімді игеру аталмыш саладан жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша, 2020 жылға аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғау бойынша 2 996 отбасындағы 17 994 адамға атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 1 млрд 606 млн 18 мың теңге қаржы қаралды. 2020 жылдың 1-ші маусымындағы дерекке сүйенсек, қаңтар-мамыр айларына 1 363 отбасындағы 7 781 адамға 314,1 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленіп жатыр. Биылғы мамыр айындағы көрсеткіш бойынша облыста барлық санаттағы мүгедектер саны – 23 261 адам. Өткен жылы 12 460 мұқтаж адам жеке оңалту бағдарламасына сәйкес оңалту техникалық құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етілді. Биыл жыл басынан облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдар 1 303 оңалту техникалық құралымен қамтылды. Елімізде әлеуметтік қорғауды нақты халықтың осал тобына, олардың тұрмыс-деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған тиімді жүйелер үнемі енгізіліп отыр. Ең алдымен оған куә, 2017 жылдан бастап жүзеге асып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында 28 344 адам қамтылып, 5 057,2 млн теңге игерілді. Барлық шара толығымен орындалды. Биыл бағдарламаға 23 566 адамды тартып, 4 млрд 988,1 млн теңге игеру жоспарланып отыр. Ал жыл басынан бері 6 694 адам қамтылып, 905,5 млн теңге игерілген.
Аудандардағы салғырттық сынға ілікті
Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 250 адамды кәсіптік техникалық даярлау және 1 610 жұмыссызды қысқамерзімді курстарда оқыту жоспарланған. Жыл басынан бері 360 адам қысқамерзімді курстарға оқуға жолданса, «Теңізшевройл» мекемесінің сұранысы бойынша 341 адам қысқамерзімді курсты оқытуға жіберілген. Биыл «Бастау-Бизнес» жоба аясында 1 000 адамды оқыту жоспарланған. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен оқу онлайн режимінде 10 маусымнан бастап жүргізіледі. Оқытылатын адамдар тізімі нақтыланып, оқу кестесі келісіліп, бекітілген. Сонымен бірге, екінші бағыт шеңберінде 351 адамға 1 646,5 млн теңгеге несие, 434 адамға 200 АЕК мөлшерде гранттар беріледі. Күні бүгінге 25 адам грантты алды және 86 адамға 596,2 млн теңгеге несие берілді. 12 адам несие бойынша кепілдендірілген. Алайда аталған бағыттар бойынша жоспардың орындалысы төмен көрсетішке ие болып отыр. Төтенше жағдайға қарамастан, грант алушылардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 1,8 пайызға, ал несие алушылардың саны 22,7 пайызға көбейді. Тағы бір кемшілік, қоғамдық жұмыс орындарына үш мыңнан аса адам жолданып, жоспар 52 пайыз ғана орындалды. Бұл жұмыстар Жылыой, Махамбет, Мақат, Индер, Исатай аудандарында төмен деңгейде жүргізіліп, мәселе тудырып отыр. Сондай-ақ жоғары және орта-кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектер үшін ұйымдастырылған Жастар практикасына 240 жас жолданған. Алайда бұл тапсырманың да аудандарда орындалуы көңіл көншітпейді. Жалпы, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 11 410 адамның 6 217-і немесе 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Есепті кезең соңында жұмыссыздар 9 805 адамды құрап отыр. Хабарласқандардың саны төтенше жағдай жариялануына орай 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемді алу үшін көбейген.Мердігерлер енжарлық танытуда
Жол картасы шеңберінде барлық Жұмыспен қамту орталықтарымен жоспарланған жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі. Бүгінде 7 113 адам жұмысқа орналастырылған. Оның тең жартысы Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыс тауып, нәсібін көріп отыр. Газ-химия кешенінің жобасына биыл 2 мың адамды орналастыру жоспарланған. Атырау облысы бойынша республикалық деңгейдегі автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жүргізу бағытындағы жобаларға «Казавтожол» АҚ ҰК филиалымен келісіліп, мердігер мекемелермен жұмысқа қабылдау шаралары жүргізілуде. Серік Қамидолланың айтуынша, қазіргі таңда Мемлекет басшысы бекіткен Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге асып жатыр. Аталған жол картасы бойынша 63 инфрақұрылымдық жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 46 жобада жеңімпаз анықталды. Қазынашылық департаментінде 40 шарт тіркеліп, жұмыс басталды. Бүгінге жобаларға 1 799 адам жұмысқа орналасты, оның 1 191-і – Жұмыспен қамту орталықтары есебінде тұрған жұмыссыздар. «Құрманғазы және Исатай аудан әкімдеріне жоспарланған жобаларда жұмыс орындарын құру туралы тапсырма берілген болатын. Қазіргі таңда Исатай ауданында 1 жоба бойынша жұмыс басталды. Аудан бойынша ауылішілік автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жобасы бойынша 249 жұмыс орнын құру жоспарланды. Жергілікті тұрғындар есебінен жобаға жоспар бойынша 125 адамның орнына тек 10 адам жұмысқа қабылданды. Мердігер мекеме талапты орындамай отыр. Құрманғазы ауданы бойынша Сүйіндік-Асан-Үштаған ауылдарының магистралды су құбыры жүйесінің құрылысына 166 адамды тарту керек. Аудан әкімі соның 83-не Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жергілікті тұрғындардан қабылдау туралы міндеттеме алған болатын. Алайда келісімшарт талабы орындалмай, мердігер «Болат-Д» ЖШС бірде-бір адамды жұмысқа қабылдамаған. Денсаулық сақтау саласы бойынша Махамбет аудандық орталық ауруханасына қарасты 4 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілмей отыр», – деген басқарма басшысы тағы бір мәселеге назар аудартты. Ол мәселеге тоқталсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Жол картасы бойынша ай сайын есеп жіберілуі тиіс. Алайда алдын ала ескертілгенімен, бүгінге дейін облыстық Құрылыс басқармасынан басқа бағдарлама әкімгерлерінен бірде-бір есеп түспеген. Жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отырған аудан әкімдерін сынға алды. «Жұмыстарыңызда кемшілік көп. Бәрін карантинге сілтейсіздер. Маған жоспарды қай уақытта толық орындайтындарыңыз керек. Келесі айда жүктелген міндетті қаншалықты орындап, көрсеткішті жақсарта аласыздар? Нақты жоспарларыңызды айтыңыздар. Жұмыс істейтіндерге әрдайым жол ашық. Төтенше жағдай, тіпті карантин кезінде де жұмыс істеуге арнайы рұқсат бердік. Облыстық арнай штаб сол үшін күні-түні жұмыс істеді», – деді аймақ басшысы. Жиын соңында облыс әкімі құзырлы органдармен бірлесіп, мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақының уақытында және толық төленуіне мониторинг жасауды жалғастыруды, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізіп, әлеуметтің әлсіз тобының мәселелеріне терең талдау жасауды тапсырды.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы