Атырау радиосының тынысы кеңейді
Атырау радиосының тынысы кеңейді
Телерадиохабардың алғашқы саны Түркістан облысы Арыс қаласындағы жойқын жарылыстан зардап шеккендерге атыраулықтардың көмегі турасында болды. Телерадиохабар форматының ерекшелігі, Атырауда тұңғыш рет радиоэфир телеэфирге қосылып отыр. Осылайша қалың көпшілік телерадиобағдарламаны әуе толқынынан тыңдап, әрі телеэкраннан да тамашалай алады.

Кәсіби мерекеге орайластырылған іс-шара аясында сондай-ақ, «Atyraý» телерадиосының жаңа салынған жапсарлас ғимараты мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетімен бірлескен жобаның тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шараға Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Сақтайұлы, белгілі сазгер, жазушы Ілия Жақанов, Х.Досмұхамедов ат. АтМУ журналистика кафедрасының  меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Мәншүк Тынышқалиқызы, ақын-жазушы мен зиялы қауым өкілдері, журналистика ардагерлері т.б. қатысты.

Салтанатты іс-шараны құттықтау сөзімен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев:

«Atyraý» телерадиосы облыстағы 80 жылдан аса тарихы бар іргелі қара шаңырақ. 80 жыл бұрын сол кездегі  Гурьев халқына  алғашқы жаңалық таратқан бұл медиа-мекеме  бүгінде заман сұранысына сай жаңа технологиямен жабдықталып, тың хабарларымен көрермен көзайымына айналып отыр. Елдегі саяси-экономикалық, төтенше жағдайлар кезінде дереу үн қосып,  халыққа жедел ақпарат  таратып, қоғамда оң пікір қалыптасуына ықпал етіп отыр. Бүгін келесі бір белесіне шығып, жапсаржай ашып, радионың тынысын кеңейтіп отыр. Жаңа форматтағы телерадиохабардың алғашқы санын Арыс қаласындағы   төтенше жағдайға арнаудың өзі телеарна ұжымының өнегелі  бастамасы деп білемін», - деп өңір басшысы жүрекжарды лебізін білдірді.