Күл сырқатының зардабы қандай?
Күл сырқатының зардабы қандай?
288
оқылды
Негізгі белгілері – Ой­сыл­қара тұқымының аузы түгел бөртіп, уылып, азық жеуге шамасы болмай, сұлап түседі. Бір ғана «Тау­шық» шаруа қожалығының өзінде 144 түйе арам қатқан. 1 200 бас түйесі бар шаруашылықтың түгелге жуық малы ауырған екен. Шаруашылық жетекшісі Сәндібек Қосуақов: «Біздің бір мың бас түйе ауырды. Мал жаппай қырылып жатқанда, жергілікті билік хабар алған жоқ. 144 түйе өліп қалды. Бір маман келіп қораларға бір күн залал­сыздандыру жұмыстарын жүргізді де, кейін төбе көрсетпестен кетті. Өзіміз дәрісін алып, майын жағып сырқаттан аман алып қалған түйелер бар. Сырқаттың салдарынан 94 аруа­на бота тастады. Олардан күніне сауы­луы тиіс 540 литр сүт биыл жоқ. Демек, ша­руашылық күніне 300 мың теңгеден астам шығынға ұшырап отыр деген сөз», – дейді. Ал Маңғыстау облыстық Ветеринария бас­қармасының басшысы Шамғали Хамиев­тің айтуынша, былтыр Маңғыстауда күл ауруынан 21 түйенің өлгені ресми нақты­ланған. Көрсеткіштің ондаған есе қысқарып кеткеніне шаруалар шамданып қалды. Ауруын жасырған өледі. «Сөзбұйдалыққа салмай, мәселені ашық айтып, нақты шеш­кен дұрыс» дейді олар. Шаруалардың ендігі талабы – арнайы комиссия құрылып, қырылып қалған түйе­лердің 50% өтемақысын өндірту. Бұл сырқат­тың дәрісін тауып, онымен қамтамасыз ету жолдарын шешу. Өйткені күн салқындай бастағанда, ауру қайта өршіп, малшылар таздың қалпын қайта кешуі әбден мүмкін. Түйелердің жаппай қырылу жағдайы соңғы рет 90-жылдардың басында болған көрінеді. Ол кезде арнайы вакцина Мәс­кеу­ден шығарылатын еді. Кейін бұл дәрілерге сұраныс болмағандықтан, өндірістен шығып қалған. Қазір Қазақстанда және Кеден ода­ғына мүше елдерде түйенің күл ауруына қарсы вакцинасы шығарылмайды. Осы жайтты ескерген, Білім және ғылым ми­нистрлігі Биологиялық қауіпсіздік проб­лемаларының ғылыми зерттеу институ­тының ғалымдары ауруға қарсы жаңа вакцинаны жасады. Өткен жылдың ақпан айында ғалымдар Маңғыстау облысы Бей­неу ауданы шаруашылықтарында жаңа вакцинаны өндіріске енгізу алдындағы сынақ жұмыстарын жүргізген болатын. «Бейнеудегі үш шаруа қожалығының 110 түйесіне зерттеу ретінде дәрі егілді. Әзірше оның кері әсері байқалған жоқ. Күл ауруына қатысты мәселе алдағы уақытта туындамауы тиіс. Сырқаттың алдын алу шараларын бас­тап кеттік. Отар стансасынан арнайы келген мамандардың вакцинасы дайын тұр. Екі айдың шамасында өңірлерге келіп те қа­лады. Тек соны Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі шаруашылық қожалықтарына алып беруі тиіс», – дейді Шамғали Смитұлы. Ал шаруалардың шығынға ұшыраған малдарына өтемақы төлеу мәселесі басы ашық күйі қалғалы тұр. Өйткені өтемақы талап ету үшін малшыларға әрбір өлген түйесіне зертханалық қорытынды болуы шарт. Ең қиыны – күл ауруы өтемақы тө­ленетін сырқаттар тізіміне енбеген. Бұл жайт ғалымдарды да толғандырып отыр. Ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы, Қазақ ұлттық аграрлық универси­тетінің Құрметті профессоры, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасына қарасты Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы Күзембай Ерғалиев: «Қазақ­стандағы түйе шаруашылығының үштен бірі Маңғыстауда шоғырланған. Ойсылқара түлігін үйде байлап бағу мүмкін емес. Ол – дала кезіп, жайылымда жүретін жануар. Шөлге, ыстық пен суыққа төзімділігі тағы бар. Бұл ауру былтыр Маңғыстау, Батыс Қа­зақстан, Ақтөбені шарлап кетті. Маң­ғыс­тауда түйелердің өлуі Жаңаөзеннен бастал­ды. Шаруалар біршама қиналды. Енді бей­қам отырмай, мынадай үш сатыда жұмысты қолға алу керек деген ұсыныс айтамын. Бірінші, мал сырқатының диагнозын дұрыс қою, нақты сәйкестігін анықтау. Екінші, емдеу шаралары. Ем сапалы, әрі мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы керек. Үшінші, аурудың алдын алу шараларын қазірден бастап кету қажет. Арнайы екпе жұмыстары жүйелі жүргізілуі шарт», – дейді. Түйінін айтар болсақ, күзге салым былтырғы сырқаттың кебін киіп қалмау үшін шаруалар, ветеринарлар және жер­гілікті билік үшжақты жұмыла әрекет етуі қажет. Олай болмаған жағдайда «шұбаттың отаны» саналатын Маңғыстауда ұлттық сусын қат болып, Ойсылқара түлігі күрт азайып кетуі әбден мүмкін. Мұндай ауырт­палықты әупі­рімдеп күн көріп келе жатқан шаруашылықтар көтере алмасы анық.  

Жазира ӘБІЛ, Маңғыстау облысы