Жасыл алаң – ауылға арман
Жасыл алаң – ауылға арман
192
оқылды
 Иә, қазақ ба­ласы футбол көруді ұнатқанымен, аяқдопты ұршықша иіре алмайды. Неліктен? Себебі жасыл алаң мен есік алдында айыр­ма бар. Сондықтан ауыл-аймаққа газоны «Қайрат» ста­дио­нын­дағыдай болмаса да, доп тебуге ыңғайлы орын керек-ақ. Мұндай пікір көптің көкейінде жүргеніне біраз жыл болды. Кейбі­реу­лер  футбол отанына тәжірибе жинауға жастарды жібердік деп уәж айтар. Бірақ ел клубтарынан солардың бірін байқадыңыз ба? Осы тұста аталған өрен­дерді Бразилия сапарына жібер­генше клубтардың стадионын жөндеп, ауылға бір-бір алаңқай жасап бермеді ме деп, сіз де ой түйдіңіз, білем. Бұл жайында биліктен пәрмен түспегесін еріктілер бас қосып, «Ауыл-футбол» халық жобасын бастаған-ды. «Ауыл-футбол» акциясының мақ­саты – мектептерде жасанды газоны бар алаң салып, балалар футбол клу­бын құру. Жоба жетекшісі  Серік Мәмбетов ауыл жастарының спортқа бейім, футболға құмар болып өскенін қалайды. Ол Instagram парақшасында елімізде 600-ден астам ауылда заманауи футбол алаңы жоғын жазған. Ал атал­ған 600 ауылға футбол алаңын салуға 3 млрд қаражат керек. «Бұл ақпарат са­уалнама арқылы әлеуметтік желіде жи­налған. Саны кем немесе артық бо­луы мүмкін. Бастысы – проблема бар және ауылдарды спорттық инфра­құ­рылыммен қамтамасыз ету керек. Өйт­кені талай ауылдың баласы жазда шаң жұтып, көктемде батпақ кешіп фут­­бол ойнап жүр. Ал қамтамасыз ету­ге келсек, тек алаң салып берумен мә­селе ше­шілмейді. Шаруаны жүйелі түр­де атқа­ру керек», – дейді Серік Мәмбетов. Бір ғана Алматы облысында 91 ауылда заманауи футбол алаңы жоқ. Осыны ескерген жоба жетекшісі Аман­дық Баталовқа хат жолдаған. Бі­лікті басшы «Ауыл-футбол» жобасын қолдап, көмек қолын созатынын мә­лім­деген. Әр облыстың шама-шарқын байқаған Серік Мәмбетов Баталовқа жолдаған хатын өзге өңір басшыларына да жіберген екен. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымына сү­йен­ген ол әлеуметтік желі арқылы Прези­дентке де базынасын жазған. Жоба жетекшісінің әр жазбасына Қасым-Жомарт Тоқаевтың instagram парақ­шасын белгілеген оқырман саны көп. Демек, елімізде жасыл алаңға жете алмай жүрген жастар мен осы істі ұйымдастыра алмайтын шенділер бар. Пікір жазғанның бірі – Шығыс Қа­зақстан облысы Ақмектеп ауылы бүл­дір­шіндері. Шаң-топырақтың ара­сын­да доп теуіп жүрген олар ауылында фут­бол алаңқайы болғанын қалайды. Жоба жетекшілеріне жолдаған бей­некөрініс жан тебірентеді. «Көрер көз, естір құлақ» болса, ауыл футболын да­мыту қиын емесі көрініп тұр. Өйт­кені жас­тардың жігері мен құлшы­нысында ше­кара жоқ. Бірақ бастаманы қостар бас­шы табылмаса, бәрі бекер екені тағы бар. Пікірлерді оқып отырып, көп ара­сында үмітін үзгендер барын байқау қиын емес. Себебі халық жобасы бас­тал­май тұрып та мұндай дүмпу бар-ды. Мәселен, «Ауыл-футбол» жобасының Instagram парақшасында жазылған төмендегі пікірге назар аударыңыз. Жазылбек атты желі қолданушысы «Байқоңырдың көлеңкесінде қалып кеткен Ақай ауылына футбол алаңы керек. Жастардың атынан соны сұрай­мыз. Әй, қайдам, бірақ...» деп жазба қалдырған. Соңғы сөзінде үміттен күдік басым екені көрініп тұр. Ауылында жасанды газоны бар алаң­қай болғанын аңсап жүрген Жа­зылбектер қаншама?! Топ баламен бірігіп өздері-ақ құрылысын бастар еді-ау, бірақ қаражат қолды байлап тұр. Төтенше жағдай кезінде интернет пен мұғалімнің қадіріне жетіп еді. Каран­тин шарасы жеңілдегелі бері жасыл алаңның зары өтіп кетті. Биыл дейміз-ау, бұл мәселе көптен бері шешілмей жүр. Жазылбектің ағалары да «қала­дағыдай алаңқайда доп тепсем» деп ержеткен. Сондықтан ол халық жоба­сын көргенде бір қуанып, бір мұңайды. Өйткені жоба заманауи асар түрінде іске асады. Серік ағайы көрсеткен 600 ауылға ақша жинап бітем дегенше бұл мектеп бітіріп кетпей ме? Жоба бас­тауын Райымбек ауданынан алғанын оқыған-ды. Жақын арада Алматы облысы өрендері жасыл алаңқайда бас қосады. Ал оның туған жеріне алаңқай салу кезегі қашан келер екен? Сөйтіп жүргенде ойын баласы жігіт ағасына айналып кетсе ше? Ішінен мен де бір алаң салармын деп түйіп алды. Бір жағынан жоба самалы Нұр-Сұлтан жақты бетке ала соққанын қа­лайды. Елдегі күрмеуі қиын мәсе­ленің сол жақта шешілерін теледи­дар­дан естіген. Апасының сөзіне қара­ғанда шаруаны шешу аудан мен ауыл әкімінің де қолынан келеді. Бірақ олар тартыншақтайтын сыңайлы. «Әлде ауылдан шыққан Месси мен Ронал­ду­ды көргісі келмей ме?» деп бір ойлады. Осылай дегенінде, есіне бірден досы Ержан түсті. Өте ширақ, дарынды бала. Ержан доп тепкенде күллі ауыл баласы оның аяғына қарайды. Құдды магниті бар дерсің. Көрші ауданға қонаққа барғанда, балалармен сөз таластырғанда Ержанды айтып мақ­танатыны бар. Тіпті, осы үшін ағасы­мен ренжісіп қалған. Ағасының сөзін­ше, мұндай Ержанның талайы болған, бәрі ауыл деңгейінде қалып қойған екен. Екі көше ілгері тұратын трактор­шы Құрманбектің Зидан тәрізді екпіні болғанын есіткенде сенер-сенбесін білмеді. Мұның бір ғана жолы бар екен. Не Ержан қалаға көшіп, фут­бол­шы болам деген арманын жүзеге асы­руы керек. Не болмаса ауыл футболы дамып, инвестиция салатын ағалар көбейюі қажет. Ағасының инвестиция туралы айтқанын толық түсінбесе де, «Ауыл-футболға» ақша керегін біледі. Сол үшін әкесінің жаз бойы балмұз­даққа беретін тиынын жинап, Серік аға жазған есепшотқа аударуды көз­дейді. Әрі іштей Президент-атаның әлеуметтік желіден парақшаны көр­генін тілейді. Себебі үлкендерден жо­баның қанат жаюы үшін Мемлекет басшысының ықпалы керегін естіген. Егер бәрі сәтімен іске асса, досы Ержан қалаға көшпейді. Өзі де жасыл алаңқайда доп теуіп, бар білгенін жетілдіреді. Осыдан ауылда жасанды алаң салынса, бірінші болып ағасын ертіп апармақ. Солай істесе, ағасы бәстен сөзсіз ұтылады. Өзі ағасына, Ержан Құрманбекке айналмайды.  

 width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ