Иә, қазақ баласы футбол көруді ұнатқанымен, аяқдопты ұршықша иіре алмайды. Неліктен? Себебі жасыл алаң мен есік алдында айырма бар. Сондықтан ауыл-аймаққа газоны «Қайрат» стадионындағыдай болмаса да, доп тебуге ыңғайлы орын керек-ақ. Мұндай пікір көптің көкейінде жүргеніне біраз жыл болды. Кейбіреулер футбол отанына тәжірибе жинауға жастарды жібердік деп уәж айтар. Бірақ ел клубтарынан солардың бірін байқадыңыз ба? Осы тұста аталған өрендерді Бразилия сапарына жібергенше клубтардың стадионын жөндеп, ауылға бір-бір алаңқай жасап бермеді ме деп, сіз де ой түйдіңіз, білем. Бұл жайында биліктен пәрмен түспегесін еріктілер бас қосып, «Ауыл-футбол» халық жобасын бастаған-ды. «Ауыл-футбол» акциясының мақсаты – мектептерде жасанды газоны бар алаң салып, балалар футбол клубын құру. Жоба жетекшісі Серік Мәмбетов ауыл жастарының спортқа бейім, футболға құмар болып өскенін қалайды. Ол Instagram парақшасында елімізде 600-ден астам ауылда заманауи футбол алаңы жоғын жазған. Ал аталған 600 ауылға футбол алаңын салуға 3 млрд қаражат керек. «Бұл ақпарат сауалнама арқылы әлеуметтік желіде жиналған. Саны кем немесе артық болуы мүмкін. Бастысы – проблема бар және ауылдарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Өйткені талай ауылдың баласы жазда шаң жұтып, көктемде батпақ кешіп футбол ойнап жүр. Ал қамтамасыз етуге келсек, тек алаң салып берумен мәселе шешілмейді. Шаруаны жүйелі түрде атқару керек», – дейді Серік Мәмбетов. Бір ғана Алматы облысында 91 ауылда заманауи футбол алаңы жоқ. Осыны ескерген жоба жетекшісі Амандық Баталовқа хат жолдаған. Білікті басшы «Ауыл-футбол» жобасын қолдап, көмек қолын созатынын мәлімдеген. Әр облыстың шама-шарқын байқаған Серік Мәмбетов Баталовқа жолдаған хатын өзге өңір басшыларына да жіберген екен. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымына сүйенген ол әлеуметтік желі арқылы Президентке де базынасын жазған. Жоба жетекшісінің әр жазбасына Қасым-Жомарт Тоқаевтың instagram парақшасын белгілеген оқырман саны көп. Демек, елімізде жасыл алаңға жете алмай жүрген жастар мен осы істі ұйымдастыра алмайтын шенділер бар. Пікір жазғанның бірі – Шығыс Қазақстан облысы Ақмектеп ауылы бүлдіршіндері. Шаң-топырақтың арасында доп теуіп жүрген олар ауылында футбол алаңқайы болғанын қалайды. Жоба жетекшілеріне жолдаған бейнекөрініс жан тебірентеді. «Көрер көз, естір құлақ» болса, ауыл футболын дамыту қиын емесі көрініп тұр. Өйткені жастардың жігері мен құлшынысында шекара жоқ. Бірақ бастаманы қостар басшы табылмаса, бәрі бекер екені тағы бар. Пікірлерді оқып отырып, көп арасында үмітін үзгендер барын байқау қиын емес. Себебі халық жобасы басталмай тұрып та мұндай дүмпу бар-ды. Мәселен, «Ауыл-футбол» жобасының Instagram парақшасында жазылған төмендегі пікірге назар аударыңыз. Жазылбек атты желі қолданушысы «Байқоңырдың көлеңкесінде қалып кеткен Ақай ауылына футбол алаңы керек. Жастардың атынан соны сұраймыз. Әй, қайдам, бірақ...» деп жазба қалдырған. Соңғы сөзінде үміттен күдік басым екені көрініп тұр. Ауылында жасанды газоны бар алаңқай болғанын аңсап жүрген Жазылбектер қаншама?! Топ баламен бірігіп өздері-ақ құрылысын бастар еді-ау, бірақ қаражат қолды байлап тұр. Төтенше жағдай кезінде интернет пен мұғалімнің қадіріне жетіп еді. Карантин шарасы жеңілдегелі бері жасыл алаңның зары өтіп кетті. Биыл дейміз-ау, бұл мәселе көптен бері шешілмей жүр. Жазылбектің ағалары да «қаладағыдай алаңқайда доп тепсем» деп ержеткен. Сондықтан ол халық жобасын көргенде бір қуанып, бір мұңайды. Өйткені жоба заманауи асар түрінде іске асады. Серік ағайы көрсеткен 600 ауылға ақша жинап бітем дегенше бұл мектеп бітіріп кетпей ме? Жоба бастауын Райымбек ауданынан алғанын оқыған-ды. Жақын арада Алматы облысы өрендері жасыл алаңқайда бас қосады. Ал оның туған жеріне алаңқай салу кезегі қашан келер екен? Сөйтіп жүргенде ойын баласы жігіт ағасына айналып кетсе ше? Ішінен мен де бір алаң салармын деп түйіп алды. Бір жағынан жоба самалы Нұр-Сұлтан жақты бетке ала соққанын қалайды. Елдегі күрмеуі қиын мәселенің сол жақта шешілерін теледидардан естіген. Апасының сөзіне қарағанда шаруаны шешу аудан мен ауыл әкімінің де қолынан келеді. Бірақ олар тартыншақтайтын сыңайлы. «Әлде ауылдан шыққан Месси мен Роналдуды көргісі келмей ме?» деп бір ойлады. Осылай дегенінде, есіне бірден досы Ержан түсті. Өте ширақ, дарынды бала. Ержан доп тепкенде күллі ауыл баласы оның аяғына қарайды. Құдды магниті бар дерсің. Көрші ауданға қонаққа барғанда, балалармен сөз таластырғанда Ержанды айтып мақтанатыны бар. Тіпті, осы үшін ағасымен ренжісіп қалған. Ағасының сөзінше, мұндай Ержанның талайы болған, бәрі ауыл деңгейінде қалып қойған екен. Екі көше ілгері тұратын тракторшы Құрманбектің Зидан тәрізді екпіні болғанын есіткенде сенер-сенбесін білмеді. Мұның бір ғана жолы бар екен. Не Ержан қалаға көшіп, футболшы болам деген арманын жүзеге асыруы керек. Не болмаса ауыл футболы дамып, инвестиция салатын ағалар көбейюі қажет. Ағасының инвестиция туралы айтқанын толық түсінбесе де, «Ауыл-футболға» ақша керегін біледі. Сол үшін әкесінің жаз бойы балмұздаққа беретін тиынын жинап, Серік аға жазған есепшотқа аударуды көздейді. Әрі іштей Президент-атаның әлеуметтік желіден парақшаны көргенін тілейді. Себебі үлкендерден жобаның қанат жаюы үшін Мемлекет басшысының ықпалы керегін естіген. Егер бәрі сәтімен іске асса, досы Ержан қалаға көшпейді. Өзі де жасыл алаңқайда доп теуіп, бар білгенін жетілдіреді. Осыдан ауылда жасанды алаң салынса, бірінші болып ағасын ертіп апармақ. Солай істесе, ағасы бәстен сөзсіз ұтылады. Өзі ағасына, Ержан Құрманбекке айналмайды.