Түркістан облысының тауларында оқушылар жоғалып, бірінің өлі денесі табылды
Түркістан облысының тауларында оқушылар жоғалып, бірінің өлі денесі табылды
© сурет интернеттен алынды
129
оқылды
Түркістан облысында тауға демалуға шыққан оқушылар жоғалып кетті. Бірінің өлі денесі табылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті хабарлайды. 15 маусымда күндіз Төле би ауданы, Біргөлік ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан «Біргөлік» демалыс аймағында 22 оқушы мен 3 ересек адам тау бөктеріне демалуға шыққан. Тоғыз оқушы мен 1 тәрбиеші тауға күндіз шыққан. Алты оқушы мен 1 тәрбиеші таудан өз бетімен түсе алған. Ал 3 оқушы адасып кеткен. Тәрбиеші таудан түскеннен кейін сағат 22:48-де «112» нөміріне хабарласқан. Сағат 23:00-ден бастап Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Жедел-құтқару жасағының (6 қызметкер мен 1 техника), Түркістан облысының ТЖД (10 қызметкер мен 3 техника), жедел медициналық жәрдем бригадасы (5 қызметкер мен 1 техника), полиция бөлімі (2 адам мен 1 техника) күштері іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Барлығы 23 адам мен 5 техника жұмылдырылған. «16 маусым сағат 00:58-де Шымкент қаласының ТЖД-ның іздестіру тобы жардан құлап кеткен 2003 жылы туған жасөспірімнің денесін тауып, жерге түсірді. Кейін полицияға тапсырады. 16 маусым сағат 11:00-дегі жағдай бойынша, құтқарушылар таудан 2 оқушыны тапты. Құтқарушылардың айтуынша, олармен ұялы телефонмен байланыс бар. Шымкент қаласы ТЖД ЖҚЖ құтқарушылары альпинистік құрал-жабдықтарды қолдана отырып, балаларды түсіру және құтқару бойынша операция жүргізуде. Алайда, жартасты жерлер, биік таулар мен тік беткейлерге байланысты құтқару жұмыстары қиындай түсуде. Құтқару операциясының қорытындысы туралы қосымша хабарланады», - делінген ІІМ ТЖК хабарламасында.