Қуаныш пен қиындықта бірге болу – ұлт болғандықтың дәлелі. Ел-жұрттың басына ауыртпалық түсіп еді, қалың қазақ әуелі алаңдады, сосын баспанасыз босып кеткен азаматтарға жедел көмек көрсетті; біреулер заттай, біреулер қаржылай қол ұшын созды; мұның сыртында қаншама сөз жәрдемі – игі тілек, қолдау, дем беру дегеннің бәрі болды.
Осындай сын сағатта Nur Otan партиясының басшылығы мен мүшелері де қарап қалмады. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев оқиға орнына арнайы барды. Республика аймақтарында жедел штабтар құрылып, арыстықтарға нақты көмек көрсетуге құмбыл кірісті.
«Бізге мемлекеттен қандай көмек берілетіні және басқа қалаларға көшірілуі мәселесі туралы сұрақтар қойылып жатыр. Осы апаттан зардап шеккен азаматтарға 4 жақтан көмек беріліп жатқанын айтқым келеді. Біріншіден, Президент Үкіметке резервтен қаржы бөлу жөнінде тапсырма берді. Үкіметтің республикалық бюджеттен бөлінетін қаржысы Арыс қаласы мен тұрғындардың үйлерін қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда үкімет облыстық штабпен келісе отырып, қосымша қаражат бөлуі мүмкін. Екіншіден, егер азаматтар апаттан зардап шеккен, денсаулығы нашарлап, мүмкіндігі шектелетін болса, отбасы апат салдарынан асыраушысынан айырылған болса немесе осы апатқа байланысты жұмыссыз қалған болса – онда мемлекеттік бюджеттен республикалық сақтандыру қорынан қаражат төленеді. Үшіншіден, әрбір жергілікті бюджетке облыстық, аудандық бюджеттен азаматтардың қажетіне қарай жергілікті мәслихаттың шешімімен тағы да қосымша қаражат бөлінуі мүмкін. Төртіншіден, Түркістандағы әлеуметтік даму қорына түскен жарты миллиардқа жуық қаражат та бөлінеді. Облыс әкімінің штабымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Онда арнаулы комиссия жұмыс істеуде», – дейді партия хатшысы Тамара Дүйсенова.
Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі қаланы толық тазалап болған көрінеді. Әкімдік тұрғындардың үйлеріне қайтуға мүмкіншілігі бар екені жөнінде хабарлама берді. Тұрғындар туған қаласына орала бастады.
Қазақтың «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дейтін бір сөзі бар ғой. Арыс оқиғасы жағдайында халықтың ішкі бірлігінің бекемдігі, ұлттық тұтастық ұғымының беріктігі анық көрінді. Бұл біле білгенге: нағыз ұлттық құндылық! Мұны қастерлей білген дұрыс!