450 үйді жөндеп береді
450 үйді жөндеп береді
184
оқылды

Апатқа бейжай қарамаған азаматтар мен белсенді кәсіпкерлер, өнер және спорт жұл­дыздары мен еріктілер бір кісідей қолдан кел­ген көмегін көрсетуде. Мемлекет тарапы­нан қал­пына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.

Nur Otan партиясының бастамасымен аймақ­тағы барлық филиал күні-түні жұмыс істеуде. Арыс жұртына халық жан-жақты қол­дау көр­сетуде. Бүгінге дейін жарты миллиард­тан астам қаржы жиналған. 500 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек, күнделікті қажетті керек-жарақ заттар, дәрі-дәрмек, көрпе-төсек жабдықтары, құрылыс материал­дары Арысқа жеткізілді.

Арыстың халқына көмек көрсету мақса­тында Қостанай облысының кәсіпкерлері бастаған жүк көліктері мен гуманитарлық жүк көліктері жетті. Облыс әкімі Архимед Мұхам­бетовтің басшылық етуімен арнайы жедел штаб құрылды. Азамат­тарға көмек көрсету мақ­са­тында 20 тонна ұн,
7 тонна макарон мен 3 тонна кондитерлік өнім жіберілді. Облыстық кәсіподақтар орталығы «Сәби» гуманитарлық көмек беру акциясының аясында 1 жасқа дейінгі балаларға қостанай­лық­тардың атынан қажетті заттарды аймаққа жөнелтті.

– Мұндағы мақсат – уақыт оздырмай төтенше жағдайға тап болған Арыс тұрғын­дарына қолдан келгенше жәрдемдесу. Осы оқиғадан кейін бірінші күні-ақ көптеген мемлекеттік мекеме, кәсіпорындар біркүндік жалақы аудару мәселесін қолдады. Тек қана мемлекеттік органдардың қызметкерлері зардап шеккендерге 20 миллион теңгеден астам қаржы аударды. Қазір игі іс одан ары жалғасып жатыр. Бұдан жекеменшік меке­мелер де бас тартып жатқан жоқ. Мәселен, «Қарасу» холдингі – 3,5 миллион теңге, «Милх» ЖШС – 1 миллион теңге, «БК-Строй» құрылыс компаниясы 2 миллион теңге аударды. Сондай-ақ «Олжа-агро» ЖШС, «Баян Cұлу» кондитер фабрикасы тәрізді ірі өндіріс орындары да бастамаға үн қосып жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысына 20 тон­на ұн, 7 тонна макарон өнімі, «Баян Cұлу» АҚ 3 тонна контидерлік өнім жө­­­нелт­­ті. Қандай жағдай болмасын, көмек бе­руге дайынбыз. Қиын сәтте қол ұшын созу – парыз. Сондықтан осы сәтті пайда­ланып, барша қостанайлықты Арыстағы ағайынды қаржылай қолдауға шақы­рамын. Бірлігі бекем ел ғана алға озады, – деді Архимед Мұхамбетов.

Қостанай облысының әкімі Арыс қаласын­дағы қирап, бүлінген 450 үйді қалпына келтіріп беретінін айтты. Қазір онда облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк баста­ған делегация жұмыс істеп жатыр. Олар бір апта ішінде қираған, бүлінген үйлердің шығынын есептеп, құрылыс жұмыстарына қанша қаражат қажет екенін анықтайды. Содан кейін құ­рылысшылар нақты іске кірісетін болады.

Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисімбаевтың айтуынша, Арысты қалпына келтіруге қостанайлықтар белсенді атсалысуда.

– Жайсыз хабар жеткен кезде Қостанай өңірінің жұрты қиналған ағайынға қолдау біл­діріп, қол ұшын беруге асықты. «Көп түкірсе – көл» дегендей, мұқтаж жандарға қол ұшын созғысы келетін азаматтар әлі де Nur Otan партиясының филиалы жанынан құ­рылған арнайы бекетке бара алады. Қа­зір­­­дің өзінде қала-аудандардан, кәсіп­керлердің атынан жеткен жүктер бекет басына жинақ­талып жатыр. Осындай сәтте ынтымақ танытуымыз қажет, – деді Жаңабай Бисімбаев.

Сондай-ақ партия қызметкерлері біркүндік еңбек жалақысын көмектесу үшін аударды. Қаржылай көмек көрсеткендердің арасында қостанайлық кәсіпкерлер де бар. Мәселен, жергілікті кәсіпкер, Nur Otan партиясының мүшесі Сергей Блок – бір миллион теңге, Еңбек Ері Алмат Тұрсынов 3,5 миллион теңге аударды.

Қостанайлықтардың қолдауы Арыс қал­пына келгенше жалғаса бермек.