Сақтанбасаң, қалтаң қағылады
Сақтанбасаң, қалтаң қағылады
Әңгіме ағзаға COVID-19  вирусының түскен-түспегенін анықтайтын тест тап­сыру тура­сында болып отыр. Төтенше жағдай мен карантин кезінде бет­перде киюге, сақтық шараларына назар аударуға немқұрайды қараған отан­дас­тарымыз қазір тест тапсыру үшін берісі 10 мыңнан 16 мың теңгеге дейін ақы төлеуге мәжбүр. Бұл – ел астанасындағы жағдай. Елі ішінде тараған жалған ақ­параттардың, түрлі қауе­сет­тің, індеттің таралуына сенбеу­дің керісі бүгінде тұрғындардың қалтасын қағып жатқан жайы бар. Шамасы, бұқара тест тап­сыру­дың маңызды екенін енді ұғы­на бастады-ау, әйтеуір соң­ғы күндері елордадағы COVID-19 вирусын анықтайтын тест лабораториялары қарбалас жұ­мыс істеп жатыр. Вирустың шы­нымен де қауіпті екеніне та­ныс-тамырлары сырқат­тан­бай тұрып сене қоймағандар қазір сақтанудың маңызды еке­нін сезінген сыңайлы. Әйт­песе, соңғы апталарға дейін тес­тілеуден өтуге асыққан аза­мат­­тар қа­расы аз еді. Оның үстіне, ко­ронавирусты жұқтыру мен тұ­мауға шалдығу, суық ти­гізіп алу­дың бірқатар симп­томы ұқ­сас болғандықтан да, жұрт әбі­герге түскен сыңайлы. Со­дан да болар, вирус жұқ­тыр­ған-жұқтырмағанын тексеру­шілер қатары көп. Еліміздің жетекші инфекционисі Дина­гүл Бае­шева коронавирус жұқ­тыру мен ЖРВИ дертінің ұқсас тұс­тарын да айта келе, белгілі бір симптомдар байқалса, тест тап­сыруға тұра жүгіру қажет пе, жоқ па дегенді айтты. Ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген инфекционист: «Тест тапсырмас бұрын неден және қа­лай ауырып қалғанын білу қа­жет. Мүмкін, ол адам бірнеше күн бұрын туған күнін атап өт­кен болар... Ауру барысын ба­қы­лау керек: адамдармен бай­ла­­ныста болды ма, кімнен жұқ­­тырып алуы мүмкін. Мы­са­лы, сіз жақында туған күнге бар­ған болсаңыз, сонда болған та­нысыңыз коронавирус жұқ­тырып, ауруханаға түскен бол­са, сіздің де инфекция жұқ­ты­рып алуыңыз әбден мүмкін», – деді. Яғни, тест тапсыру үшін де ойлану қажет болып тұр. Оның үстіне, корона­вирус­ты анықтайтын тестің жарам­дылық мерзімі 7 күн. Кейбір ор­талықтар 10 күнге де жарай­тынын айтуда. Қалай болғанда да вирус жұқтырып алмағанына көз жеткізу үшін азаматтар айы­­на екі-үш рет тест тапсыруы қа­жет. Бұл дегеніңіз –  әжеп­тәуір қаржы. Сондықтан сақ­тық ша­ра­­ларын сақтаудың өзек­­­тілі­гі тіп­тен арта түсті. COVID-19-дан ғана емес, кә­дімгі тұмаудан да сақтану қажет. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы үш айын­да елімізде жедел респи­ра­торлық сырқаттардың, тұмау мен өкпе қабынуының кесірі­нен 1 008 адам қайтыс болған. Ranking.kz сайтының мәліметі бойынша, бұл мөлшер былтыр­ғыға қара­ғанда 110 адамға аз, алай­да биыл жағдайды коро­навирус ушық­тыруы мүмкін екенін назарда ұс­таған абзал. Өйткені COVID-19  індетін жұқ­тырғандар са­ны кеше 15 192 адамға жетті. Ал көшеде бет­пердесіз жүре­тін­дер, той-то­малаққа баратындар әлі де азай­май тұр.