Еліміздегі жетекші ұялы қосымшамен ықпалдасу нәтижесінде қазақстандықтар салық пен бюджетке төлемді уақытынан кешікпей, онлайн жасай алады. Салықтың төленгені туралы ақпарат мемлекеттік Кірістер комитетіне 2 минутта түседі. Бұл шоттағы бұғатты жылдам шешіп, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуге, шот ашуға және басқа да қаржы өнімдерін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұрын көлік немесе мүлік салығын төлеу үшін адам аудандық салық бөліміне барып, алдымен көлемін білетін. Одан кейін банкке барып, кезекте тұрып, комиссия төлеп, түбіртекті көрсетіп, базаға енгізу үшін салық органына қайта баратын. Қазіргі жағдайда ол әрі қауіпті де. Енді салықты онлайн төлеу коммуналдық қызмет немесе ұялы байланысқа төлеу сияқты қарапайым нәрсе болып қалды. Мұның арқасында тұрғындар төлеген салық көлемі 2,5 есе артты. Салық төлемдерінің көпшілігі Kaspi.kz мобильді қолданбасы арқылы жасалған. Өткен жылы қазақстандықтар Kaspi.kz арқылы 155 млрд теңгелік 7,5 млн салық төлемін жасаған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 80%-ға артық. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықпен кездесу барысында оның ведомствосы мәліметтер базасына ауқымды тексеру жасағанын және салық дұрыс түсуі үшін әрдайым жақсартып отыратынын хабарлады. Қаржы министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірігіп 25 млн мәліметті өңдеп, 3,6 млн-нан астам қате деректі түзеткен. Атап айтсақ, жылжымайтын мүлік бойынша – 2,6 млн, көлік құралы бойынша – 943 мың, жер учаскелері бойынша 116 мың мәлімет жаңартылған. Бұл – Қазақстан халқына салық туралы деректер дұрыс келеді деген сөз. Салықтық төлемдерді цифрландыру – жеке компаниялардың нарық жағдайында Қазақстан халқы мен мемлекетке пайдалы, ыңғайлы онлайн қызметтерді дамытып отыруының жақсы мысалы.