Кеңестің кезекті көшпелі отырысы Душанбеде өтуі керек болатын. Алайда коронавирус індетінің таралуына байланысты күн тәртібіндегі мәселелер бейнеконференция форматында талқыланды. Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей және Тәжікстанның парламент басшылары, сондай-ақ Сербия мен Ауғанстан парламенттері ҰҚШҰ ПА бақылаушылары ретінде қатысты. Қатысушылар Парламенттік ассамблеяның 2021-2025 жылдарға арналған іс-шаралар бағдарламасының жобасын талқыға салды. Отырыста сөз сөйлеген Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин құжат нормативтік-құқықтық базаны кеңейтуге және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған көптеген тақырыптар мен бағыттарды қамтитынын атап өтті. Бағдарлама жобасы ҰҚШҰ ПА тұрақты комитеттерінде және ұлттық парламенттерде қаралады. – Модельді заңнаманы әзірлеу кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұстанымдары мен мақсаттарын, жарғысын басшылыққа алып, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын ескеруі қажет! – деп нақтылады Нұрлан Зайроллаұлы. Сонымен қатар жиынға қатысушыларға ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің күзгі сессиясының қорытындылары, ұйымның жауапкершілік аумағындағы ахуалы, ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қатер мен қауіптерге қарсы іс-шаралар және ҰҚШҰ аясында бекітілген халықаралық шарттарды ратификациялау туралы ақпарат берілді.
Айхан ШӘРІП