– Мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шеңберінде пәтерді заңсыз жалға берушілерді анықтау кезінде қызметкерлеріміз түрлі мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері мен басқа да ақпарат көздерін пайдаланады. Бұл ПИК мәліметі, саналы азаматтар мен көршілерден түскен ақпарат болуы мүмкін, – дейді Комитеттің Бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Әнуар Сүлейменов.
Оның айтуынша, алдын ала жасалған қорытынды бойынша қазіргі уақытта 3 және одан да көп пәтерге меншік құқы бар. Алайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және тиісті салық төлемеген 20 мыңнан астам тұлға анықталды. Олардың арасында 10-нан астам пәтерге меншік құқығы бар 150 тұлға бар. Соңғы деректер бойынша жеке кәсіпкер ретінде 7 403 адам тіркелген, бұл былтырмен салыстырғанда 22 пайызға көп. Салық түсімі 37 пайызға өсті және 7 252,1 млн теңгені құрайды.
Ә.Сүлейменов жеке тұлғалардың да, сондай-ақ заңды тұлғалардың да дара кәсіпкер ретінде тіркелместен жылжымайтын мүлікті «жалға» беруге құқығы барын айтады. ДК ашу үшін, жеке тұлға салық органына не болмаса e-license сайты арқылы қызметтің басталуы туралы хабарламаны электронды түрде жіберіп, он күн ішінде салық режимін анықтауы қажет.
2018 жылдың басынан патент негізіндегі салық режимін қолданатын ДК үшін салық мөлшерлемесі пәтерді жалға берушілер үшін 2%-дан 1%-ға дейін төмендеді. Бюджетті есептеудің мұндай схемасы жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын және табысы жылына 3 528 АЕК-тен аспайтын жеке тұлғалар үшін қолжетімді. Мәселен, егер жалға беруден түсетін табыс айына 100 000 теңгені құраса, тиісінше, салық сомасы 1000 теңгені құрайды.
Егер сіз бірнеше пәтерді жалға берсеңіз, мысалы, пәтерді жинау үшін жалдамалы жұмысшыларыңыз болса, онда жеңілдетілген декларацияны қолдана аласыз. Бұл кезде салық мөлшерлемесі 3% құрайды, төлем жарты жылда бір рет табысты алу фактісі бойынша жүргізіледі. Жыл басынан бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілген, оны дара кәсіпкер ретінде тіркелместен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар төлеуге құқылы. Мұндай жеке тұлғаға тұрғын үйді жалға беретіндер де жатады.
БЖТ төлеушілердің табыс көлемі 1 175 АЕК-тен аспауы тиіс екенін есте сақтау керек.
Егер ДК ретінде тіркелмей пәтерді жалға берсе, жалға беруден түскен табыс мүліктік табыс ретінде қарастырылады. Яғни, жылжымайтын мүлікті жалға беруден түскен қаражатқа Қазақстан Салық кодексіне сай «салық агенті» деп танылмайтын тұлғаларға жеке тұлға ретінде 10% мөлшерлемесі бойынша салық салынады. Бұл ретте мұндай жеке тұлғаларға мемлекеттік кірістер органдарына ЖТС бойынша декларацияны (240.00 нысаны) 31 наурызға дейін тапсырады және есептілік жылынан кейінгі жылдың 10 сәуіріне дейін салық төлейді.