Праймериз – демократияландырудың жаңа кезеңі
Праймериз – демократияландырудың жаңа кезеңі
165
оқылды
Барлық салада алдыңғы қа­тардан табылып келе жатқан еліміздің көш­бас­шы пар­тия­сы «Nur Otan» бұл істе де ізашарға айна­лады. Елбасы – партия Тө­рағасы Н.Назарбаев атап өт­кен­дей, праймериз ең бел­сен­ді және сенімді мүшелерді анық­тауға мүмкіндік береді. Партия атынан өзекті мә­селелерді шешетін де солар болады. Қазақ халқы байыпты бас­та­маларымен, тың ұсыныстарымен елді ілгері жетелейтін, қиыннан жол таба білетін, төтеден төге сөй­лейтін тапқыр әрі ақылды, бі­лікті әрі білімді адамдарды қадір тұтқан. XIX ғасырда көрнекті орыс академигі Василий Рад­лов­тың өзі: «Қазақтар мүдірмей, кі­дір­мей, ерекше екпінмен сөйлей­ді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі тілдескеннің өзінде сөй­ле­ген сөздері ұйқаспен, ырғақпен өрі­летіні соншалық, бейне бір өлең екен деп таңғаласың!»  деп хал­қымыздың сөзге тапқырлығы мен шешендігіне ерекше тәнті бо­лыпты. Дамыған елдерде де әр партия өз қатарында елді сөзіне ұйытар ше­шен адамдардың болуына баса мән береді: праймеризге қатысу­шы­лар арнайы курстан өтіп, ше­бер сөйлеуге, көпшілік алдында сөз саптауға машықтанады. 2019 жылғы 21 тамызда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұ­мысын жүйелі жаңғырту про­­цесі басталды. Отырыста Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті ішкі партиялық іріктеудің қажетіне тоқталды: халықаралық тәжірибе бойынша праймериз – партияның белсенді мүше­лері мен көшбасшыларын айқындаудың ең тиімді тетігі. Биылғы 5 наурызда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Прай­мериз өткізу ережелерінің жо­­­­ба­сы мақұлданды. Таяуда Ел­басы праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. 5 маусымда «Nur Otan» ресми сайтында пар­тияның Саяси кеңесі бекіткен партияішілік іріктеуді өткізудің ережесі жарияланды. Осы арқылы «Nur Otan» пар­­тиясы халық арасында бедел­ді, қазақстандықтар жақсы та­­­­­­ни­тын, құрметке бөленген, пар­тиялық-саяси салада жұмыс тәжірибесіне ие үміткерлерді анықтап, оларды Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында партиялық тізіммен ұсынатын болады. Демек, ішкі партиялық іріктеу – уақытылы шара. Жалпы, «праймериз» термині бастапқы және бастапқы сайлау дегенді білдіретін ағылшын тіліндегі primaries, primary elec­tion сөздерінен туындаған. Көбіне, ол сайлауға түсетін партиялардың өз ішінде канди­даттарды іріктеп алуын білдіреді. Әлемде оның өзге де атаулары кездеседі. Мысалы, Австралияда «pre-selection», АҚШ-та «primary election», Канадада «nomination contests», көрші Ресейде «пред­варительное голосование» деп аталады. Алғаш рет праймериз XIX ғасырдың 40-жылдарында Аме­рика Құрама Штаттарында сы­нақ­­­­­тан өткізілді. 1903 жылы оны Висконсин шта­ты заңдастырған. Қазіргі уақытта Еуропа, Азия, Латын Америкасының көптеген елі осы озық тәжірибені қолдана­ды. АҚШ-тың Республикалық және Демократиялық пар­тия­­лары, Германияның Христиан демо­­кратия­­лық ода­­­­ғы, Ұлы­бри­танияның Кон­сервативтік жә­­не Лейбор­истік партиялары, Мекси­­каның Институ­ционалдық револ­юция­­лық пар­тиясы, Канада­ның Либер­­алды партиясы секілді таны­мал саяси күштер праймериз институт­ына ұдайы жүгініп келеді. АҚШ пен Канадада барлық жетекші партия осы бастапқы таңдау тетігін пайдаланады. Дүниежүзінде праймериздің негізгі бес түрі бар. Бірінші, яғни ашық түрін қабылдаған АҚШ, Ресей, Франция, Италия, Аргентина және Уругвайда праймериз кезінде партияда бар-жоқтығына қарамастан барлық сайлаушылар келіп дауыс бере алады. Екіншісінде, жабық түрінде ішкі сайлауға қатысуға тек сол елді мекендегі партия мүшелері ғана шақырылады. Канада, Германия, Түркия, Ирландия өзінде осы түрін енгізген. Үшіншісі – аралас праймериз. Мысалы, Ұлы­британияда кез келген қала тұрғыны партия бюджетіне арнайы жарна төлеген соң дауыс беруге жіберіледі. Оңтүстік Кореяда партия мүшелері және олардың жақтаушылары алдын ала тіркелсе ғана ішкі сайлауға өте алады. Төртіншісі – пропор­цио­налды жүйе бойынша сайлау өткізетін елдер­де қолға алынды. Финлян­дияда парламент ашық пар­­тиялық тізім бойынша сай­­ланады. Округ­­тер­де ұйымдас­тырылатын праймериз кезінде партия мүшелері кандидат­тардың ақырғы тізіміне кімнің кіретінін айқындайды. Бесінші түріне сай, бастап­қы таңдау партияның съезі барысын­да өтеді. Съезд делегаттарының әрқай­сысы не бюллетень толты­рып, не қол көтеру арқылы канди­дат­­тарға қатысты өз ықтияр­ын білдіреді. Жалпы, осы үлгі бұған дейін Қазақстанда сынақтан өткен болатын. 2019 жылғы 23 қазан мен 21 қараша аралығында «Nur Otan» пилоттық жобасы аясында еліміздің 14 қаласы мен ауданында партиялық кадрлық резервке кандидаттар дәл осылай іріктелді. Сонда бұл шара жұртшылық тарапынан кең қолдау мен құптауға ие болды. Өңірлерде азаматтар өз еркімен келіп дауыс берді. Тұтастай алғанда, кадрлық резерв праймеризінде қала мен ауданнан 780 үміткер бақ сынады. Демек, 1 орынға 4 адамнан бәсекеге түсті. Сайлаушылардың келу үлесі 98%-ды құрапты. Ұсыну қарсаңында кандидаттардың 22%-ы партия мүшесі болмаған. 57%-ы өзін-өзі ұсынды. Партия қатары 20 мыңдай жаңа белсенді мүшемен толықты. Олар праймериздің жаңа қатысушылары үшін дауыс беруге келді. «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша 2020 жылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында бүкіл республика көлемінде өтетін праймеризде тек бастауыш партия ұжымы ұсынғандар ғана емес, елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдаған кез келген белсенді қазақстандық үміткер бола алады. «Nur Otan» мүшесі емес азамат қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосылса, соның өзі жеткілікті. Барлық кандидаттар мажо­ри­­тарлық жүйедегі сайлау кезін­­дегідей үй-үйді аралап, жұрт­шылықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек. Бұл олардың бұқара алдында сөйлеу ісінде ысылуына сеп­теседі. Әрі халық та өзі дауыс беретін тұлғалармен танысады. Осылай­ша, праймериз кезінде-ақ сайлаушылардың құрмет-қошеметін иеленген тұлғалардан тұратын Парламентке елдің сенімі жоғары болады. «Nur Otan» партиясы жұрт­шылықтың әртүрлі қабаттарын қамтуға көңіл бөліп отыр. Сондықтан партиялық тізімде әйел­­дерге кем дегенде – 30%, 35 жасқа дейінгі жас ұрпақ өкілдеріне  20% квота бөлінеді. Соның ішінде көпбалалы ана­­лардың, қандастардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері енгізілуі мүмкін. Тіпті, іс басындағы Мәжіліс депутаттарының өзі «Nur Otan» партиялық тізіміне қосылып, келесі 7-шақырылымдағы Пар­ламенттің сайлауына қатыс­қысы келсе міндетті түрде праймериз додасына түсіп, жария пікірсайыста білігі, білі­мі, ақыл-ойы озық екенін халыққа дәлелдеуі керек. Үгіт-насихат кезінде әр кандидат төл кәсіби қызметіне қарай жалпы мемлекеттегі ғана емес, нақты бір елді мекендегі проблемаларды шешуге қатыс­ты төл ұсыныстарын қорғауы тиіс. Үгіт науқанын үміткер өз бетінше жүргізуі керек, оларды меморгандардың немесе шетелдіктердің қаржы­ландыруына жол берілмейді. Қорыта айтқанда, Қазақ­станның саяси тарихында бірінші рет көшбасшы партия тізімі ашық іріктеуден өткен адамдардан құралатын болады. Елбасының бастамасымен «Nur Otan» партиясының праймериз өткізуі – отандық партиялық жүйедегі демократияландырудың жаңа кезеңі бастау алғанын куәландырады. Праймеризге және өткізу шарттарына қатысты барлық ақпарат nurotan.kz сайтында орналастырылған. Өз кезегінде Саяси менеджмент мектебі праймеризге қатысушыларға арналған «Праймериз. Жария саясат. Депутаттың бейнесі қандай болуы керек?» деп аталатын оқу бағдарламасын іске қосты. Семинарда белгілі саясаттанушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, психологтер сөз сөйлейді. Оқытуға көңілі қалаған кез келген адам партия қатарына кірген соң қатыса алады.  

Елдос СЕНБАЙ