Барлық салада алдыңғы қатардан табылып келе жатқан еліміздің көшбасшы партиясы «Nur Otan» бұл істе де ізашарға айналады. Елбасы – партия Төрағасы Н.Назарбаев атап өткендей, праймериз ең белсенді және сенімді мүшелерді анықтауға мүмкіндік береді. Партия атынан өзекті мәселелерді шешетін де солар болады. Қазақ халқы байыпты бастамаларымен, тың ұсыныстарымен елді ілгері жетелейтін, қиыннан жол таба білетін, төтеден төге сөйлейтін тапқыр әрі ақылды, білікті әрі білімді адамдарды қадір тұтқан. XIX ғасырда көрнекті орыс академигі Василий Радловтың өзі: «Қазақтар мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауызекі тілдескеннің өзінде сөйлеген сөздері ұйқаспен, ырғақпен өрілетіні соншалық, бейне бір өлең екен деп таңғаласың!» деп халқымыздың сөзге тапқырлығы мен шешендігіне ерекше тәнті болыпты. Дамыған елдерде де әр партия өз қатарында елді сөзіне ұйытар шешен адамдардың болуына баса мән береді: праймеризге қатысушылар арнайы курстан өтіп, шебер сөйлеуге, көпшілік алдында сөз саптауға машықтанады. 2019 жылғы 21 тамызда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту процесі басталды. Отырыста Қазақстанның Тұңғыш Президенті ішкі партиялық іріктеудің қажетіне тоқталды: халықаралық тәжірибе бойынша праймериз – партияның белсенді мүшелері мен көшбасшыларын айқындаудың ең тиімді тетігі. Биылғы 5 наурызда «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында Праймериз өткізу ережелерінің жобасы мақұлданды. Таяуда Елбасы праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. 5 маусымда «Nur Otan» ресми сайтында партияның Саяси кеңесі бекіткен партияішілік іріктеуді өткізудің ережесі жарияланды. Осы арқылы «Nur Otan» партиясы халық арасында беделді, қазақстандықтар жақсы танитын, құрметке бөленген, партиялық-саяси салада жұмыс тәжірибесіне ие үміткерлерді анықтап, оларды Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайлауында партиялық тізіммен ұсынатын болады. Демек, ішкі партиялық іріктеу – уақытылы шара. Жалпы, «праймериз» термині бастапқы және бастапқы сайлау дегенді білдіретін ағылшын тіліндегі primaries, primary election сөздерінен туындаған. Көбіне, ол сайлауға түсетін партиялардың өз ішінде кандидаттарды іріктеп алуын білдіреді. Әлемде оның өзге де атаулары кездеседі. Мысалы, Австралияда «pre-selection», АҚШ-та «primary election», Канадада «nomination contests», көрші Ресейде «предварительное голосование» деп аталады. Алғаш рет праймериз XIX ғасырдың 40-жылдарында Америка Құрама Штаттарында сынақтан өткізілді. 1903 жылы оны Висконсин штаты заңдастырған. Қазіргі уақытта Еуропа, Азия, Латын Америкасының көптеген елі осы озық тәжірибені қолданады. АҚШ-тың Республикалық және Демократиялық партиялары, Германияның Христиан демократиялық одағы, Ұлыбританияның Консервативтік және Лейбористік партиялары, Мексиканың Институционалдық революциялық партиясы, Канаданың Либералды партиясы секілді танымал саяси күштер праймериз институтына ұдайы жүгініп келеді. АҚШ пен Канадада барлық жетекші партия осы бастапқы таңдау тетігін пайдаланады. Дүниежүзінде праймериздің негізгі бес түрі бар. Бірінші, яғни ашық түрін қабылдаған АҚШ, Ресей, Франция, Италия, Аргентина және Уругвайда праймериз кезінде партияда бар-жоқтығына қарамастан барлық сайлаушылар келіп дауыс бере алады. Екіншісінде, жабық түрінде ішкі сайлауға қатысуға тек сол елді мекендегі партия мүшелері ғана шақырылады. Канада, Германия, Түркия, Ирландия өзінде осы түрін енгізген. Үшіншісі – аралас праймериз. Мысалы, Ұлыбританияда кез келген қала тұрғыны партия бюджетіне арнайы жарна төлеген соң дауыс беруге жіберіледі. Оңтүстік Кореяда партия мүшелері және олардың жақтаушылары алдын ала тіркелсе ғана ішкі сайлауға өте алады. Төртіншісі – пропорционалды жүйе бойынша сайлау өткізетін елдерде қолға алынды. Финляндияда парламент ашық партиялық тізім бойынша сайланады. Округтерде ұйымдастырылатын праймериз кезінде партия мүшелері кандидаттардың ақырғы тізіміне кімнің кіретінін айқындайды. Бесінші түріне сай, бастапқы таңдау партияның съезі барысында өтеді. Съезд делегаттарының әрқайсысы не бюллетень толтырып, не қол көтеру арқылы кандидаттарға қатысты өз ықтиярын білдіреді. Жалпы, осы үлгі бұған дейін Қазақстанда сынақтан өткен болатын. 2019 жылғы 23 қазан мен 21 қараша аралығында «Nur Otan» пилоттық жобасы аясында еліміздің 14 қаласы мен ауданында партиялық кадрлық резервке кандидаттар дәл осылай іріктелді. Сонда бұл шара жұртшылық тарапынан кең қолдау мен құптауға ие болды. Өңірлерде азаматтар өз еркімен келіп дауыс берді. Тұтастай алғанда, кадрлық резерв праймеризінде қала мен ауданнан 780 үміткер бақ сынады. Демек, 1 орынға 4 адамнан бәсекеге түсті. Сайлаушылардың келу үлесі 98%-ды құрапты. Ұсыну қарсаңында кандидаттардың 22%-ы партия мүшесі болмаған. 57%-ы өзін-өзі ұсынды. Партия қатары 20 мыңдай жаңа белсенді мүшемен толықты. Олар праймериздің жаңа қатысушылары үшін дауыс беруге келді. «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша 2020 жылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында бүкіл республика көлемінде өтетін праймеризде тек бастауыш партия ұжымы ұсынғандар ғана емес, елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдаған кез келген белсенді қазақстандық үміткер бола алады. «Nur Otan» мүшесі емес азамат қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосылса, соның өзі жеткілікті. Барлық кандидаттар мажоритарлық жүйедегі сайлау кезіндегідей үй-үйді аралап, жұртшылықпен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбек. Бұл олардың бұқара алдында сөйлеу ісінде ысылуына септеседі. Әрі халық та өзі дауыс беретін тұлғалармен танысады. Осылайша, праймериз кезінде-ақ сайлаушылардың құрмет-қошеметін иеленген тұлғалардан тұратын Парламентке елдің сенімі жоғары болады. «Nur Otan» партиясы жұртшылықтың әртүрлі қабаттарын қамтуға көңіл бөліп отыр. Сондықтан партиялық тізімде әйелдерге кем дегенде – 30%, 35 жасқа дейінгі жас ұрпақ өкілдеріне 20% квота бөлінеді. Соның ішінде көпбалалы аналардың, қандастардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және басқа да әлеуметтік топтардың өкілдері енгізілуі мүмкін. Тіпті, іс басындағы Мәжіліс депутаттарының өзі «Nur Otan» партиялық тізіміне қосылып, келесі 7-шақырылымдағы Парламенттің сайлауына қатысқысы келсе міндетті түрде праймериз додасына түсіп, жария пікірсайыста білігі, білімі, ақыл-ойы озық екенін халыққа дәлелдеуі керек. Үгіт-насихат кезінде әр кандидат төл кәсіби қызметіне қарай жалпы мемлекеттегі ғана емес, нақты бір елді мекендегі проблемаларды шешуге қатысты төл ұсыныстарын қорғауы тиіс. Үгіт науқанын үміткер өз бетінше жүргізуі керек, оларды меморгандардың немесе шетелдіктердің қаржыландыруына жол берілмейді. Қорыта айтқанда, Қазақстанның саяси тарихында бірінші рет көшбасшы партия тізімі ашық іріктеуден өткен адамдардан құралатын болады. Елбасының бастамасымен «Nur Otan» партиясының праймериз өткізуі – отандық партиялық жүйедегі демократияландырудың жаңа кезеңі бастау алғанын куәландырады. Праймеризге және өткізу шарттарына қатысты барлық ақпарат nurotan.kz сайтында орналастырылған. Өз кезегінде Саяси менеджмент мектебі праймеризге қатысушыларға арналған «Праймериз. Жария саясат. Депутаттың бейнесі қандай болуы керек?» деп аталатын оқу бағдарламасын іске қосты. Семинарда белгілі саясаттанушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, психологтер сөз сөйлейді. Оқытуға көңілі қалаған кез келген адам партия қатарына кірген соң қатыса алады.
Елдос СЕНБАЙ