Шымкентте негізгі басымдық баспанада
Шымкентте негізгі басымдық баспанада
118
оқылды
Елде жарияланған төтенше жағ­дайға қарамастан, санитарлық талаптарды сақтай отырып, қарқынды жұмыс жүрді.  

7 000 отбасы үйлі болады

Бүгінгі таңда үшінші мегапо­листегі негізгі құрылыс тұрғын үй салу болып тұр. Баспанаға басым­дық берілген. «Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Одан бөлек, Шымкент қаласында 140 мың адам үй кезегінде тұр», – дейді қалалық Құрылыс басқар­масының басшысы Ербол Ахме­тов. Оның 40 мыңы жергілікті атқарушы органда кезекте тұрса, 100 мыңы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары екен. Қалалық әкімдік осынау мәселені шешу үшін көпқабатты тұрғын үй салуды барынша кө­бейткен. Жалпы, қалалық Құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан әлеуметтік ны­сандар мен тұрғын үй жұмыстары бойынша 105 инвестициялық жо­ба жүзеге асуда. Басқарма бас­шысының айтуынша, биыл 612 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға беріледі. Олардың ішінде құрылыс басқармасы мен Shymkent ӘКК тапсырысымен және жеке компаниялар есебінен бой көтеріп жатқан үйлер де бар. – Биыл біздің тапсырыспен 212 мың шаршы метр болатын 3732 пәтерлік 59 тұрғын үй салы­нуда. Сонымен қатар, Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпо­ра­циясы 178 мың шаршы метр бо­латын 2229 пәтерлік 44 үйдің кіл­тін тапсырады. Үшінші, қала бойынша құрылыс компаниялары өз қаражаттары есебінен 943 пә­терлік 18 үй тұрғызып жатыр, – дейді Ербол Құланбайұлы. Иә, дәл қазіргі таңда Шым­кент­те 3 ауданда құрылыс қар­қынды. Әкімшілік іскерлік орта­лығында салынып жатқан, биыл тапсырылатын 1 848 пәтерлі 16 көпқабатты тұрғын үйдің 8-і жал­ға алынатын тұрғын үй болса, 8-і несиеге берілетін тұрғын үй. Яғни, 8 көп­қабатты үйге тұрғын үй ке­зегінде тұрғандар қол жеткізсе, 8-ін Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары иеленеді. Тұран шағынауданында 42 үйдің құры­лысы жүріп жатыр. Биыл оның 25-і пайдалануға берілмек. Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі ар­қылы берілетін үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында шар­шы метрі 180 мың теңгеден есеп­телмек. Shymkent City, «Асар» ықшамауданында да зәулім-зәу­лім үйлер бой көтеруде. Жалпы, жеке компаниялар есебінен 126 көпқабатты тұрғын үй салынуда.  

Қалада жаңа шағынаудан бой түзеп келеді

Құрылысы қызу жүріп жатқан тұрғын үйлердің қатарына мега­по­­листегі жаңа шағынаудан Shym­kent City қалашығын да қо­су­ға бо­лады. Қала күні қарсаңында осында тұруға ниетті тұрғындарға заманауи келбетте бой көтеріп жат­қан әдемі, зәулім тұрғын үй­лердің кілті тапсырылады. Мұнда француз сәулеті стиліндегі 16 қа­батты үйлер де бар. Тұрғын үй ке­­шені аумағында заманауи спорт алаңдары, автотұрақ та жос­пар­ланған. Қалашықтағы құ­ры­лысты «Отау Строй» компа­ниясы жүргізуде. Көкжайлау, Ақжайық, Нұртас шағын аудандары мен Төлеметов, Қонаев көшелерінің бойынан «Отау-Строй», «А.Р.Т-Құрылыс», BI Group сынды ірі компаниялар өз қаржылары есебінен үй тұр­ғызып жатыр. «Президент тап­сыр­масына сай тұрғын үй салуға ба­сымдық беріп жатырмыз. Қар­жы­ның басым бөлігі де осы ны­сан­дарға бағытталуда. Біздің тапсы­рыспен салынып жатқан 448 пә­терлік 8 арендалық үйден бөлек, кезекте тұрған жандар үшін екінші деңгейлі үйлерден 669 пә­терді сатып алмақпыз. Осылайша, биыл жалпы тұрғын үй кезегінде тұр­ған­дардың қатарын 1 148-ге азай­та­мыз», – дейді басқарма басшысы.  

Дендросаябақта тұрғындар тынығуы тиіс

Мегаполисте 3 ауысымды – 18, апатты жағдайдағы 1 мектеп бар. Шымкент қаласында былтыр 13 мектептің құрылысы басталған. Биыл оның 9-ы пайдалануға бе­ріл­мек. Үшеуі 1 200 орындық, 3-еуі 600 және 3-еуі 300 орындық қосымша ғимарат. Осылайша, бі­лім ұясының жетіспеушілігі мә­селесі біртіндеп шешімін табады. Басқарма басшысы биыл жа­нуарлар бағында тағы бір па­вильон ашылатынын атап өтті. Тен­нис орталығы жөндеуден өту­де. Ал дендросаябақта веложол мен жаяу жүргіншілер жолы са­лынуда. Ұзындығы 6500 метр ве­ложол мен жұмсақ, аяққа жайлы тиетін аяқжол тұрғындардың ты­нығуына қолайлы болу үшін атқарылуда. «Онда негізінен ха­лық тынығып, демалу үшін бара­ды. Дәл қазір онда асфальт жол салынған. Асфальт аяқты ауыр­тады. Біз жаяу жүргіншілер үшін арнайы резина материалдан 3 ша­қырымдық жол салып жатыр­мыз. Мұнда тұрғындар қайнаған қала тіршілігінен бір сәтке ты­нығып қайту үшін келетіндіктен, оларға жағдай жасауымыз ке­рек», – дейді Ербол Ахметов. Мегаполисте биыл пайдала­нуға берілген әлеуметтік нысан­ның бірі – модульдік жұқпалы аурулар госпиталі. Қаратау ауда­нының «Ақжайық» шағынауда­нында орналасқан жалпы 200 төсек-орынға арналған ғимаратта 20 төсектік реанимация бөлімшесі бар. BI Industrial ЖШС құрылысты бір ай көлемінде салып бітірді. Қалалық жұқпалы аурулар ауруха­насының филиалы болып сана­латын госпиталь коронавирус инфекциясына күдікті барлық пациенттерді қабылдайды. Мегаполистегі бүгінгі жүріп жат­қан құрылыстың бірі – көп­қабатты үйлердің қасбеттері. Қа­ланың көркін кетіріп тұрған жаңа үйлердің қасбеттерінің түсіп қа­луы қала әкімін бейжай қал­дыр­мады. Қала басшысы кәсіп­кер­лер­ді жи­нап, қасбеттерді жа­ңарту жұмыс­тарына ұсыныс жасады. Құрылыс жұмыстарының барлық шығынын кәсіпкерлер көтеретін болып шеш­ті. Осы­лайша, маман­дар жөн­­делуі тиіс 71 үйдің тізімін жасап, қасбеттерін ретке келтіру жобасы 2 кезеңмен жүзеге асы­рыл­мақ болып бекіті­леді. Міне, бүгінде бюджет қар­ажа­тынсыз шым­­кенттік меценат­тардың кө­мегімен 71 үйдің қасбеті жөнделуде.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы