Полиция – қоғам айнасы

Полиция – қоғам айнасы

Оның нақты көрінісі – полиция ашық әрі қолжетімді күйге ауысты. Осының негізінде енді полицияның атқарып отырған қызметінің бағасын халық береді. Бұл  үлкен өзгеріс екені белгілі. Қазірдің өзінде осы ашықтық пен қолжетімділікке сай жүзеге асқан жұмыстар да аз емес. Ал оның нәтижесіне халықтың сенімі арта түсуде. Бұл бағытта Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Сындарлы қоғамдық диа­­лог – Қазақстанның тұрақ­ты­лы­ғы мен өркендеуінің негізі» ат­ты Жолдауында келелі мін­дет­терді алға қойды. Онда Президент ха­лықпен тиімді байланыс ор­на­туда, алдымен қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқ­тажына жедел назар аудару мем­лекеттік органдар қызметінің не­гізгі басымдықтары екенін ай­­рықша атады. Адамдардың қауіп­сіздігі, бейбіт тұрмысы, құ­қы­ның қорғалуы, заң талап­та­рының сақталуы – бүгінгі күннің басты талабы болып қала бермек. Осыған орай, еліміздің Ішкі істер министрлігі полицияның ашық әрі адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуы үшін бірқа­тар игі істі жүзеге асырды. Соның не­гізінде полицияның мем­ле­кет­тік күштік құрылымындағы бей­несі бірте-бірте өзгеріп, қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету үшін аза­мат­тарға қызмет көрсететін органға айнала бастағаны айқын көрінді.  

Бұл үшін не істеу керек болды?

Алға қойылған тапсырманы орындау, яғни жұмыстағы ашық­тық пен халық күткен қол­же­тім­ділікті жүзеге асыру сенім дең­гейін арттырып, кері байланысты ны­ғайту болып табылады. Ол үшін негізгі жұмыс, ең алдымен аза­маттарды қабылдау тәртібін қай­та қалыптастырудан басталды. Соның нәтижесінде қазіргі кезде об­лыстық, аудандық және қа­ла­лық Ішкі істер департаментінің бас­тықтары азаматтарды күнде қа­былдайтын болды. Бұл жұмыс министрліктің өзінде де тұрақты не­гізге айналды. Мәселен, өткен жылы ғана Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 326 азаматты қа­былдады. Оның орынбасарлары 309 адамды қабылдады. Бұл орай­да азаматтардың қабылдауда болуын оңайлату, жеңілдету мақ­сатында да тиімді амалдар қол­да­нылып жатыр. Соның бірі, елдің алыс түкпірлерінен жетіп үн қат­қысы келетін азаматтардың жолға жұмсар шығыны мен уақытын жо­ғалтпас үшін аймақтық де­пар­таменттермен бейнебайланыс ұйымдастырылды. Мұндағы мақ­сат – полиция басшылығына өзде­рінің жеке өтініш, шағымын жеткізгісі келетін кез келген аза­маттың үні естілуі тиіс. Мұн­дай жұ­мыстың арқасында тиісті ше­шімдер жедел қабылданады. Осы орайда, айта кетер тағы бір жайт, «Ішкі істер министрі блогы» заң­дарды ұғындыру, ЖЖЕ бұзылу де­ректері туралы хабарлау, қыл­мыстық істерді тергеу мәселелері жөнінде жыл басынан бері түскен 2 мың өтінішке түсіндіру берді. Осының негізінде халық полиция жұмысының ашықтығы мен қол­жетімділігіне ие бола бастады. Бұдан басқа, қалалық, аудан­дық полиция бөлімдерінде аза­маттарға арналған қабылдау ұйым­дастырылып, онда келу­ші­лерге қажетті кез келген кеңес беріледі. Тіпті, бұл аз десеңіз, аза­маттардың пікіріне құлақ асу үшін кабинетте отырып алмай, адам­дарды «Жолда қабылдау» да жолға қойылды. Бұл азаматтарға далалық жағдайда полициямен «жеке» кездесуге мүмкіндік берсе, полиция үшін халықпен тиімді байланысты орнатуға мүмкіндік туғызады. Мәселен, осындай сын­дарлы кездесулердің арқа­сын­да 184 мың азаматқа кеңес берілсе, 193 мыңның үстінде түрлі өтініш, оның ішінде полиция қызметін жақсартуға қатысты 26,6 мың ұсыныс қаралды. Ал ха­лықпен осындай өзара бай­ланыс­ты жұмыстарды жүргізу полиция органдарының басшылары мен учаскелік инспекторларға есептік кездесулерді өткізуге де үлкен әсе­рін тигізеді. Сөйтіп, азамат­тардан белгілі бір аймақтарда тәртіп пен полиция қызметін жа­қ­сартуға байланысты нақты да оң­ды ұсыныстар түседі. Мәселен, үстіміздегі жылы полиция бас­шыларының халықпен өткен 400-ден аса есептік кездесу нә­тижесінде 1 мыңдай ұсыныс түс­кен. Міне, осы ұсыныстың көбі жүзеге асырылды. Халықпен кері байланыс жұ­мысы да жолға қойылды. Мә­се­лен, биыл «Полиция. кз» медиа порта­лы құрылып, онда азаматтар мен БАҚ өзекті, жедел және нақты ақ­паратты алып отырады. Оған қоса, «сұрақ-жауап» та­рауы­на түс­кен кез келген өтініш қарау­сыз қал­майды. Бәріне жауап қай­­тары­лады. Соның арқасында бү­гінде бұл сайтты интернет пай­да­ланушылардың 15 мыңы оқып отыр. Мұны аз десеңіз, кеше ғана Facebook-те «азаматтарға арнал­ған қоғамдық онлайн қабылдау» басталды. Осылайша, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айт­қандай, қазақстандық полиция қауіпсіздік жағдайын жақсартуға байланысты ұсыныстар мен өті­ніш­терге құшағын айқара ашты.  

Халық сенімі – басты баға

Халық сенімі – полиция қыз­метіне берілетін негізгі баға. Осы бағаға лайықты болу үшін Ішкі іс­тер министрлігі ақпараттық тех­нологияларды енгізуде. Бұрын­ғы­дай жаппай қолданылатын қа­ғаз анықтамалар жойылып, ор­нына барлық мемлекеттік қыз­метті электронды жүйеге көшіру жүзеге асып жатыр. Мәселен, ме­кенжай анықтамасын беру тоқ­татылып, ол электронды түрде алы­нады. Ал бұрын осы анықта­маны алу үшін жылына 10 млн адам кезекте тұратын. Сөйтіп, Ішкі істер министрлігі көрсететін қызметтердің 83%-ы электронды форматқа ауысты. Демек, мұның тиімді жағы өте зор: біріншіден, сыбайлас жемқорлық тыйылады, екі­ншіден, қарапайым азаматтар уа­қыты үнемделеді, үшіншіден, әр адам үйде отырып «Электронды үкі­мет порталы» арқылы қажетті жұ­мысын тындыра алады.  

Адамдардың тұрмысы, құқының қорғалуы, заң талаптарының сақталуы – бүгінгі күннің басты талабы болып қала бермек. Осыған орай, еліміздің Ішкі істер министрлігі полицияның ашық әрі адам-дардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуы үшін бірқатар игі істі жүзеге асырды.

  Әрине, полициясыз қоғамды елес­тету мүмкін емес. Сондықтан да Ішкі істер министрлігі елі­міз­дегі ең ірі құқық қорғау органы болып табылады. Оның функцио­налдық міндеттері де өте көп. Мы­на әлемді шарлаған қауіпті дер­тке байланысты елдегі қиын-қыстау кезеңде адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін полиция үнемі алдыңғы шептен көрініп отыр. Төтенше жағдай мен карантин кезінен басқа да барлық уақытта полиция түрлі қылмыскермен күрес жүргізуде. Олар адам өлтірген, ұрып-соққан, зорлық-зомбылық, ұрлық, тонау­шылық жасағандар мен тағы басқа қылмыстарды ашу үшін күндіз-түні қызмет етеді. Осы жұмыстардың бәрін табанды түрде қажымай-талмай атқарудың арқасында елдегі қылмыстық жағдай түзеле бастады. Ағымдағы жылдың басынан есептесек, қылмыс саны 38%-ға азайып отыр. Өйткені көптеген қылмыс тү­рінің ізін суытпай ашу көрсет­кіші көбейе түсті. Ал бұл азамат­тардың полицияның жұмысына деген сенімінің артуына нақты нә­тиже болмақ.  

Қылмыс жасағандар құтылмайды

Электронды төлем опера­ция­ларын қолдануда азаматтар алаяқ­тардың арбауына түсіп қа­лады. Алаяқтардың бұқаралық ақпарат құралдарында түрлі қитұрқы жарнамалары жария­ланып, оған белгілі тұлғалар тар­тылады. Олардың теріс пиғы­л­ды істеріне одан әрі жол бермеу үшін полиция қылмыскерлерді анық­тауға бар күш-қайратын жұмсай­ды. Сондай бір алаяқтық амалдар қолдану үшін шағын қаржы пирамидаларын құрған «Тиімді қарыз», «Гарант 24 ломбард» т.б. шағын несие ұйымдары 39 мың төлемшіні 8 млрд теңгеге алдап соқ­ты. Соның салдарынан алаяқ­тардан алданғандардың көбінің материалдық жағдайы ауырлап кеткен. Әйтеуір ІІМ жедел ара­ласуы­мен (Молдова, Қырғызстан) 3 құрылтайшы компанияның аймақтық филиалдарының 25 басшысы ұсталды. Қалғандары да іздестірілуде. Сол сияқты адал бағып отыр­ған малын ұрлап әкету азамат­тарды үлкен шығынға ұшыратады. Бұл қылмыстың алдын алу үшін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Қылмыстық кодекске мал ұрлығы бабы енгі­зілгені белгілі. Соған сай жұмыс істеп жатқан полиция ұрланды деп тіркелген 4 594 малдың 2 217-сін қайтарып үлгерді. Мал жо­ғалуының көптеген себебі болса да, оның бәрі ұрлыққа теңелетіні белгілі. Осы жағдайда полиция мал басының жоғалуы мен ұрла­нуына қарсы тиімді әрекет ететін ұсыныстарды енгізіп, жауап­кер­ші­лікті қатаңдатуды қолға алып отыр. Полиция үшін қашанда қо­ғам­дық қауіпсіздікті сақтау, адам­дардың тыныш, бейбіт өмір сүруін тұрақты қадағалау – басты міндет. Бұл міндетті талапқа сай орындау мақсатында халықпен ті­келей байланысқа түсетін по­лиция бөліністері қызметі өзгер­тілді. Жол-патрульдік полиция патрульдік қызметке ауысты. Қыл­мыстың алдын алу шара­ларын күшейту мақсатында по­лиция қызметкерлері мектепке, көшеге, қоғамдық орындарға көп­теп тартылып, халықпен тіке­лей қызмет істеуде. Адамдардың өмірін сақтау үшін жол-көлік оқиғасын азайтуға байланысты көптеген шара қолға алынып жатыр. Жыл сайын жол апатынан 2,5 мың адам опат болады. 20 мың­нан астам адам жарақат ала­ды. Сонда бұған негізгі себеп – көлік жүргізу тәртібін жүр­гізу­шілердің сақтамауы. Әсіресе, спиртті ішімдік ішіп алып көлік жүргізетін азаматтарға тоқтам жоқ. Сондықтан мұндай заң­бұзу­шылықтың алдын алу мақсатында тәртіп күшейтілді. Мәселен, биыл­ғы жылдың өзінде 881 жүр­гізуші қылмыстық жауапкерші­лікке тартылды. 3,4 жүргізуші заң бұз­ғаны үшін жүргізуші куә­лі­гінен айырылды. Ал 6,7 мыңға жуық жүргізушіге айып тағылды. Соған қоса, жүргізушілерге де барлық оңтайлы жағдай жасалып жатыр. Көп ұзамай жүргізуші куә­лігін, көлік құралының тір­келу куәлігі, сақтандыру қағазы және т.б. бірнеше құжаттарды жүргізушілерге алып жүрудің қажеті болмайды. Жүргізуші қо­лында тек жеке куәлігі болса жет­кілікті. Қалған ақпараттың бәрі полиция қызметкерінің қолын­дағы планшет арқылы тексеріледі. Бұған қоса, полицейлер бей­нетіркеу жүйесімен қамтамасыз етілген. Сол сияқты қылмыстық іс жүргізудің ашықтығы, мөлдір­лігі үшін биылғы жылдан бастап барлық қылмыстық істің көбі электронды форматта тергеледі. Бұл сыбайластықты болдырмауға, тергеу мерзімін қысқартуға және бақылауға жол ашады.  

Оңтайлы реформа – оңды іске бастады

Әрине, полицияның атқарып жатқан қызметі орасан. Оның түрі де көп. Соның бәрі халықтың қа­мы үшін жасалып жатқан істер. Ал ол талаптан шығу үшін ішкі істер жүйесін реформалау да күн тәртібінен түскен емес. Өткен жылы құрылым оңтайландырыл­ды, артық басқару салалалары қысқартылды. ІІМ бөліністері мен органдардың саны 10%-ға қысқарды. Нысандарды күзетудің кейбір түрін бәсекелес ортаға беру арқылы бірқатар өзіне тән емес қызмет түрі тоқтатылды. Сөйтіп, одан үнемделген қаржы қызметкерлердің жалақысын кө­бейтуге жұмсалды. Оған қоса, тұрғын үй жалдау ақысы үшін өте­мақы алатын қызметкерлер саны ұлғайды. Осылайша, по­лицейлердің жаңа келбетін қа­лыптастыруда ведомстволық білім берудің күрделі реформасы жүр­гізілді. Полицейлерді дайын­дайтын 12 оқу орнының ең үздік деген 5-еуі ғана қалдырылды. Қорыта келгенде, айтар ойы­мызды Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың: «Қарапайым азаматтардың тыныш ұйықтап, қауіпсіз өмір сүруі – біздің басты міндетіміз. Әрине, полицейлердің жұмысында да кемшіліктер бар. Оларды түзеу үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Тәртіп бұзған, қылмысқа жол берген қыз­меткерлердің ішкі істер ор­ган­дарында жұмыс істеуге құқығы жоқ. Біз ондай полицейлерден та­зарып, тек Отан алдында адал қызмет ететіндерді қолдаймыз. По­лиция – қоғам айнасы! Пре­зидент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, біз қашанда ашық әрі халықтың сенімді серігі болуға бар күшімізді саламыз» деген сөзімен түйіндейміз.  

Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ