Осыдан бірнеше жыл бұрын шақырымдарға созылған Қонаев көшесінің оң қапталындағы жасыл желекке бөленген тау бөктеріндегі биік шоқының төбесінде «Көктөбе» бақылау алаңы ашылып, көпшіліктің көзайымына айналған болатын. Текеліліктер алыс-жақыннан келген қонақтарын сол биіктіктегі шағын алаңқайға шығарып, қаланы төбесінен тамашалатып, мақтануға мүмкіндік алған еді. Күні кеше сол бақылау алаңында тағы бір ерекше жаңалық тіркелді. Бақылау алаңшасының төрінде биіктігі 12 метрлік ту орнатылған тастұғыр салтанатты түрде ашылды. Айтулы оқиғаға орай ақсақал берген ақ батадан кейін ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Әйгерім Әуелбек пен Ольга Пастухова және пауэрлифтингтан Қазақстан спорт шебері Захар Буймов көк байрақты көкке көтерді. Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Жаңалыққа куә болуға жиналғандарға сөзін арнаған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев: – Бүгін Текелі төрінде көк Туымыз көкке өрледі. Қаламыздың көпшілікті өзіне магнитше тартатын ең сүйікті жері Көктөбеге келіп, байрағымыздың тұғырын қаладық. Мемлекеттік Туымыз мәңгілік желбіресін. Құрылыс жұмыстарын жүргізген қызметкерлердің барлығы текеліліктер. Туған жерге абыройын асыруға адал қызмет еткен барлығына үлкен рақмет айтамын. Ел аман, жұрт тыныш болсын. Құт қонсын. Барлықтарыңызды құттықтаймын, – деді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қалада 2 жоба жүзеге асырылыпты. Соның бірі – Туға арналған тұғыр орнату болса, екіншісі – бақылау алаңы айналасын абаттандыру. Тутұғыр орнату жұмыстарын «Нұрғазы құрылыс» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 6 миллион 465 мың теңге. Нысанды салуға еңбекпен қамту орталығы арқылы 5 адам, оның ішінде 3 текелілік жұмысқа тартылған. Абаттандыру жұмыстарымен «Девятка» ЖШС айналысыпты. Бұл жоба құны 8 миллион теңге болған. Бұл нысанда 12 адам жұмыс атқарған, оның ішінде 6 текелілік еңбекпен қамту орталығы арқылы екі қолға бір күрек тауыпты. Екі жобаның да нәтижесі жұртшылық көңілінен шықты. Келешекте де осы бағыттағы жұмыстар қолға алынбақ. Теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктікте желбіреген 12 метрлік Ту теңіз деңгейімен есептегенде еліміздегі ең биік Ту болып саналады. – Бақтияр бауырымыздың халықтың игілігіне жасап жатқан ісіне береке берсін. Бұған мақтанышпен қарау керек, бұл деген – кісі қызығатын дүние. Текелідегі керемет сұлулықты көп адам байқамауы мүмкін еді. Ендігі жерде көкке өрлеген көк байрақ қалада тұратындардың да, келген қонақтардың да назарын аудару арқылы шаһардың шырайын тамашалап көруге, танып-білуге мүмкіндік сыйлады. Ағайындар аман, төңірек түгел болып, тек тойда кезігейік. Құдай бәрімізге абырой берсін. Өзгелерге жұғысты болсын, – деген, көпшіліктің қуанышына ортақтасып, құтты болсын айта келген «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, күйші Секен Тұрысбеков «Ақ жауын» және «Көңіл толқыны» күйлерін тебіреніспен орындап берді. Салтанатты жиында Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері де оқылды.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы