Бұған дейін Ratel.kz сайты елдің Бас прокуратурасы Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіріп, Бергей Рысқалиев пен оның ағасы Аманжан Рысқалиевке шыққан үкімді қайта қарауды сұраған еді. Сайтта "Бас прокуратура Рысқалиевтер мемлекет мүлкін қылмыстық жолмен талан-таражға салғаны үшін олардың мүлкі заңды түрде тәркіленді. Бұған қоса, тәркілеу кезінде олардың әйелдері мен туысқандары зардап шегіп, мүлкінен заңсыз айырылған деп санайды" деп жазылған еді. Осы бойынша Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов Бас прокуратураның шағымымен Жоғарғы сот келіскенін растады. - 16 маусым күні Бас прокуратураның кассациялық шағымын Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарап, толық көлемде қанағаттандырды. Сот актісі әлі дайындалып жатыр. Процестік заңнама бойынша сот актісі 5 күн ішінде әзірленеді. Сот актісі сот кабинеті сервисіне салынады. Сол жерден танысуға болады, - деді ол. Баспасөз хатшысы актіге байланысты қолында бар ақпараттың осымен шектелетінін, Рысқалиевтер мен олардың жақындарына қандай мүлік, қанша ақша қайтарылатынын білмейтінін айтты. Жоғарғы сот та, Бас прокуратура да бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жариялаған жоқ.