Праймериздің тынысы мен тәртібін түсіндірді
Праймериздің тынысы мен тәртібін түсіндірді
204
оқылды
Nur Otan патиясы Жамбыл облыстық филиалы төрғасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев бұқарамен кезекті кері байланысқа шығып, келе жатқан праймериз - партияішілік іріктеу науқаны төңірегінде әңгіме өрбітті. Балабек Жанбекұлы праймериз ережесі мен тәртібі туралы түсіндіріп, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. - Әлемнің жетекші елдерінде праймериз – партияішілік іріктеу бұрыннан қолданылады. Партия ішіндегі сайлау бәсекелестікті арттырып, жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік туғызады. Бұл ең алдымен партияның шалғай аймақтағы мүшелері үшін үлкен мүмкіндік болып тұр. Праймериз 5 кезеңнен тұрады. Біріншісі – кандитаттарды ұсыну және тіркеу. Екіншісі – кандитаттарды үгітке даярлау. Үшіншісі –үгіт жұмысы. Төртінші – дауыс беруді өткізу. Бесінші – тізімдерді дайындау. Парламент Мәжілісіне жасы 25-ке, ал Мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады. Кандитатты ұсыну бастауыш партия ұжымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну арқылы жүргізіледі. Праймериздің басты артықшылы – кандидаттардың барлығы жария пікірсайысқа қатысуға міндетті. Пікірсайыста үміткерлер өздерінің аумағындағы нақты мәселелерге көзқарасын білдіруі керек. Екінші бөлімде сұрақ-жауапқа кезек беріледі. Ал үміткерлерге партия мүшелері ғана дауыс береді. Праймериз бұл жетекші партияның саяси белсенділігін арттырып, қоғам талаптарына сай өзгеріп, нақты реформалар жасауға жол ашады, - деді Балабек Нарбаев. Бұдан кейін Балабек Жанбекұлы Facebook, Instagram әлеуметтік желілер арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді. Олардың дені праймериздің мақсат-мүддесіне қатысты болды. Партия облыстық филиалы төрғасының бірінші орынбасары праймериздің негізгі мақсаты - күшті лидерлерді жасақтау, сондай-ақ «мықты лидер – мықты партия» ұстанымы аясында жаңашылдыққа жол бастау екенін түсіндірді. Ал дауыс беру қаншалықты ашық жүргізіледі деген сауалға Балабек Жанбекұлы өлкедегі сайлау учаскелерінің барлығында бейнебақылау орнатылатындығын, сонымен қатар арнайы құрылған комиссия да жіті тексеретіндігін жеткізді. «Партияға мүше емес азаматтар өз-өзін ұсына ала ма?» деген келесі сауалға Балабек Нарбаев егер бойында күш-жігері мен тың идеялары тасып тұрған азаматтар болса, партияға мүшелікке өту арқылы кандидат бола алатындығын айтты. Жалпы тікелей эфир барысында бұқара тарапынан праймеризден бөлек, жеке мәселесіне қатысты да қойылған сұрақтар көп болды. Партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары барлық сауалдарға жеке-жеке көңіл бөліп, тұщымды жауаптар қайтарды.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы