Қазақстанның жетекші инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева коронавирусқа шалдыққан науқастарға қатысты зерттеу қорытындысымен бөлісті. «13 наурыздан бері ауруханаға түскен науқастардың 39 пайызында симптом болмаған. Ал 36,7 пайызында COVID-2019 жеңіл формада өткен. Осы екі көрсеткішті қоссақ, 70 пайыздан асып кетеді. Яғни, еш белгісі жоқ, жеңіл түрдегі аурулар 70-75% аралығында болып отыр. Соның ішінде орташа дәрежеде – 20%, ауыр дәрежеде -2%», - деді Баешева Facebook-те өткен онлайн сұхбатта. Оның айтуынша, симптомсыз науқастардың кейбірінде уақыт өте келе ауру белгілері пайда болады. «Біздің есебіміз бойынша, уақыт өте келе симптомсыз келген науқастардың 15% - коронавирустың жеңіл түріне ауысады, кейбірі орташа түріне, ал 3 адам немесе 0,5% - ауыр дәрежеге ауысқан. Симптомсыз науқасты 14 күн бақылағанның өзінде де еш көрініс болмауы керек. Сол адамды біз «Симптомсыз науқас» деп атаймыз. Көбінесе 20-59 жас аралығындағы тұрғындардың ауруы симптомсыз және жеңіл түрде өтеді», - деді маман. Әдетте симптомсыз науқастардың бойынан 2,3,4-күндері ауру белгілері пайда болады. Сондықтан, симптомсыз науқастар үйге жіберілсе де, олардың денсаулығына мониторинг жүргізіледі.