Қазақстанда мемлекеттік шекараны ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы күзетуге рұқсат берілуі мүмкін. Мәжіліс тиісті өзгерістер енгізілген заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы қаралды. Құжат депутаттардың бастамасымен әзірленген. Мәжілісмен Құдайберген Ержанның айтуынша, заң жобасының мақсаты – мемлекеттік шекара туралы заңнаманы одан әрі жетілдіру.
"Заң жобасында "Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы" заңнамасын бұзудың ықтимал тәуекелдерін төмендетуге бағытталған нормалар ұсынылады. Қазақстан аумағын транзит түрде теміржол көлігімен кесіп өткен кезде, жолаушыларды түсіріп-отырғызуды, жүктер мен тауарларды түсіріп-тиеуді жүзеге асырмайтын жағдайда ғана шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлері жүргізілмейді", - деді Ержан.Сонымен қатар, кәсіпшілікті жүзеге асыратын қазақстандық кемелерге орналасқан жері туралы мәліметті автоматты түрде жолдап тұратын техникалық бақылау құралдары болған жағдайда ғана, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің рұқсаты негізінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерінен өтпестен мемлекеттік шекараны кесіп өтуге рұқсат етіледі. Заң жобасына сәйкес, шекара арқылы өткізу процесіне тікелей қатыспайтын құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне өткізу пунктеріне кіруге құқық беру көзделген. "Тек қана жедел-тергеу бөлімшелерінің қызметкерлеріне және оларға Қазақстан заңымен бекітілген тапсырмаларды шешу үшін ғана өткізу бекеттеріне кіруге мүмкіндік беріледі", - деп түсіндірді депутат. Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар бөлімшесінің басшысы өткізу пунктерінде белгілі бір әрекеттерді жасауға нұсқау жазады. Аталған нұсқамаға сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі теміржол, автомобиль, теңіз және өзен өткелдеріне рұқсаттама береді. Ал авиация саласындағы құзыретті орган шекара қызметінің келісімі бойынша авиациялық өткізу пунктеріне кіруге рұқсат береді. Сонымен қатар, заң жобасында шекара қызметіне мемлекеттік шекараны күзету үшін пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалануға рұқсат беру қарастырылған.
"Шекара қызметі пилотсыз ұшу аппараттарын жағалауды, шекарада құқық бұзушыларды, көліктерді бақылау және анықтау үшін қолданады. Мысалы, наряд мемлекеттік шекараны күзетуде пилотсыз ұшу аппараттарын адам немесе көлік бара алмайтын жерлерде, таулы асулар, аңғарлар мен тау жолдарын бақылауда пайдаланады", - деді мәжілісмен.Айтуынша, пилотсыз ұшу аппараттарын басқару үшін білікті мамандар Ресейде даярланды. Оқу процесі одан әрі жалғасын табады. Депутат шекара қызметі үшін ұшақ типті 15 және квадрокоптер типті 90 пилотсыз ұшу аппаратын сатып алу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар, шекара кеңістігінде құқықбұзушылықтардың жолын кесу кезінде шекара қызметі тәркілеген жануарларды, балықтар мен өсімдіктерді, браконьерлік аулау құралдарын, браконьерлік жүзу құралдарын есепке алу, сақтау, бағалау және оларды одан әрі пайдалану жұмысын ұйымдастыру құзыреті жергілікті атқарушы органдарға берілмек. Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.