Елбасының ғылым саласына сіңірген еңбегі зор
Елбасының ғылым саласына сіңірген еңбегі зор
215
оқылды
1986 жылы Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласында дүниеге келдім. Мектепті 1992-2004 жылы бітірдім. Қазақтың дархан даласына Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап, атажұртты аңсаған ағайынның көше бастағанын бала күнімізден естіп-біліп өстік. Бала арманыма айналған Қазақ елінің жоғарғы оқу орнында білім алу мақсатым орындалды. 2004 жылы 26 маусым Алатау баурайындағы Алматы қаласына  келдім. Осы жылы дайындық бөлімінде бір жыл оқып, Ұлттық Біріңғай тестілеуге қатыстым. Бақ пен бап қатар сынға түскен сынақтан сүрінбей өтіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия факультетінің студенті атандым. Осы сәттегі менің және бұл жаңалықты естіген ата-анамның қуанышында шек болмады. Университетті бітіргеннен кейін де ғылыми ізденістерімді жалғастырдым. 2015 жылы Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағынан «Наноматериалдар және нанотехнологиялар» мамандығы бойынша PhD докторы ғылыми дәрежесін, танымал ғалым, академик З.А.Мансұровтың жетекшілігімен қорғадым. 2019 жылы «Химия» мамандығы бойынша Қауымдастырылған профессор ғылыми атағын иелендім. 2017 жылы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жас ғалымы» атағының иегері, сонымен бірге университет дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 80 жыл» медальмен марапатталдым. РМК «Жану проблемалары институтының», «Үздік жас ғалым - 2019» конкурсында жеңімпаз атандым. Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2019» атағының иегерімін. Қазіргі уақытта ғылым мен өндіріс және шәкірт тәрбиелеуді қатар алып жүрмін. Мен 3 докторант, 40 тан астам магистрант және студенттердің дипломдық жұмыстарына жетекшілік жасадым. Ғылым жолындағы шәкірттеріме білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлістім. Бүгінгі күнде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің қауымдастырылған профессоры, РМК «Жану проблемаларының институты», көміртекті наноматериалдар және нанотехнологиялар зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы және осы институт жанындағы «SinGO» су тазартуға арналған сүзгілер өндіріс цехының басшысымын. Менің қазақ еліне келіп, білім алып, тарыдай болса да жеткен жетістігім ең алдымен тиімді мемлекет саясатының жемісі деп білемін. Тәуелсіздік жылдарынан бері Елбасымыз шетелдегі қандастарды отанға шақырды. Бүгінде бір миллионнан астам қандасымыз елге келді. Жас бүлдіршіндер мектепке, жастар колледж мен университетте өз талаптарына сай білім алды. Мамандық иесі атанып, қоғамның сан-салалы саласына қызметке орналасты. Отбасын құрып ұрпақ өсіріп, бейбіт еліміздің дамуына өз үлестерін қосты. Кеңес одағынан іргесін бөлген жас мемлекет Қазақстанның даму жолына күмәнмен қарағандар болды. Жергілікті ағайынмен бірге қандастарымыз да бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарып егеменді елдің ертеңі үшін аянбай тер төкті. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді дана халқымыз. Көреген шешімдері мен алысты болжаған мемлекет басшысының еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. 30 жыл мемлекетімізді басқарған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбевтың еңбегі зор. Экономикалық, әлеуметтік, саяси, білім саласындағы ұстанымын болашақты меңзеген бағдарламаларынан аңғарамыз. Қазақстан Республикасында білім берудің 2005-2010, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында еліміздегі мектеп, колледж, университетте білім саласына бағытталған көптеген өзгерістер енгізілді. Білімді шәкірттер «Болашақ бағдарламасы» арқылы шетелдің өздері қалаған оқу орнында білім алды. Елге оралған болашақ стипендияттары өз білімдері мен тәжірибелерін халық игілігіне жұмсады. «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жас мамандар ауылдық жердегі қажетті мамандардың орнын толтырды. Жас мамандарды мемлекет баспана, бір реттік көтерме қаражат және төмен пайызды несиемен қамтамасыз етті. Тұрақтылық пен береке-бірлігі жарасқан еліміздің халықаралық беделі жыл өткен сайын арта түсті. Шекарамызды бекітіп, әскери күшімізді қалыптастырдық. Төрт құбыласы тең елдермен қырым-қатынасты нығайтып, түркі әлемі мен көршілес «ТМД» елдерімен ынтымақтастығымыз күшейді. Құлдыраған экономикамыз қайта жанданды. Халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылды. Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары мен «Рухани жаңғыру-Келешекке бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мақалалары аясында әлеуметтің әлеуеті артып, рухани қазынамыз толыға түсті. Еліміздің дамуы жылдан-жылға артып келеді. Халықаралық үрдіс шеңберінде демократияға сәтті қадам бастық. Аспан түстес көк байрақ астында 130 ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүрудеміз. Мен дәстүрді қастерлеген, тілі мен ділін сақтаған, өркениет биігіне ұмтылған елімнің ертеңіне сенемін.  

Сейтхан Азатұлы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Химия және химиялық

 технология факультетінің қауымдастырылған профессоры.