Арысты асарлатып жаңғыртады
Арысты асарлатып жаңғыртады

Үкімет жетекшісі көппәтерлі және жеке үйлер орналасқан «Көктем-1» және «Көктем-2» тұрғын үй алаптарында болды, жергілікті мектептің, қалалық аурухананың және халыққа қыз­мет көрсету орталығының қира­ған ғимараттарын көрді.

Премьер-министрге тұрғын үйлік, әлеуметтік, инфрақұры­лымдық және қаланың тіршілік әрекетінің басқа да нысандарына қандай зардап келтірілгені баян­далды. Аралау кезінде А.Мамин жергілікті ақсақалдармен және төтенше оқиға салдарын жоюға тікелей атсалысқан мамандармен әңгімелесті. Олардың қатарына саперлер, медицина қызметкер­лері, құтқарушылар мен жергілікті билік органдары бар. Үкімет басшысы оларға атқарған жұ­мыстары үшін алғыс айтты.

– Бірлескен үйлесімді жұ­мыс­тың арқасында тұрғындарды уақ­тылы эвакуациялау, туындаған төтенше жағдайдың анағұрлым ауқымды салдарға соқтыруы­ның алдын алу мүмкін болды, – деді Премьер.

Аралап көру қорытындысы бо­йынша Асқар Мамин Арыс қаласында төтенше жағдайлар салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия отырысын өткізді. Оның құрамына министрліктер мен облыстық әкімдіктердің басшылары кірді.

Қазіргі ахуал, төтенше жағдай салдарын жою бағытында қабыл­данып жатқан шаралар туралы Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, Ішкі істер министрі Е.Тұрғым­баев, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырза­ғалиев, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов баяндады.

Хабарланғандай, бүгінде қала аумағын минадан арылту, инже­нерлік барлау жұмыстары жал­ғасуда. Өрт сөндіру есептоптары ары қарай қимылдауда. Аза­мат­тарды өз үйлеріне қайтару және олардың мал-мүлкінің қорғалуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. Аумақтарға жүргізілген тексерулер эколо­гиялық жағдайға қауіп төніп тұрмағанын көрсеткен көрінеді.

– Елбасы мен Мемлекет бас­шысы қаланы шұғыл түрде қал­пына келтіруді тапсырды. Арыс қаласын жедел қалпына келтіру үшін бүкіл күш-жігерімізді жұ­мылдыруымыз қажет. Арыс қала­сындағы барлық бүлінген және бұзылған нысанды 2019 жылдың 1 тамызына дейін жөндеп, салуы тиіс. Барлық міндет ұтымды, сапалы әрі мерзімінде орындалуы шарт, – деді Премьер-министр.

Қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірі қатысады. Бұзылған тұрғын үй ғимараттарын жөнге келтіру ісін облыстар өзара бөліп алады. Құрылыс бригада­ларын да солар жіберуге міндет­теледі. Осы мақсатта құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру үшін Арысқа барлық облыс, Нұр-Сұл­тан және Алматы қалалары әкім­дерінің орынбасарлары келді. Мемлекеттік материалдық ре­зерв­тен қажетті құрылыс мат­е­риалдары жеткізілуде.

Кеңес қорытындысы бойын­ша Үкімет басшысы А.Мамин қаланың қалыпты тіршілігін жолға қою және оның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамта­масыз ету жөніндегі 10 кешенді шараны жария етті. Біріншіден, 1 ай ішінде қаладағы барлық тұрғын үйді жөндеу аяқталмақ. Екіншіден, қосымша әлеуметтік қолдау шарасы ретінде қаланың әрбір тұрғынына, яғни 44 781 адамға 100 мың теңгеден бір реттік өтемақы төленеді.

Үшіншіден, арыстық 4 мың бала сауықтыру лагерьлеріне жі­­беріледі. Төртіншіден, ұлттық ком­­паниялардың есебінен қала­дағы жарылыс кезінде бұзылған ғана емес, мұның сыртында то­зығы жете бастаған әлеуметтік нысан­дарды да жөндеу көзделген. Осы құрылыс жұмыстарына ірі өнер­кәсіптік кәсіпорындар мен бизнес қауымдастық та тарты­ла­тын болады. 66 әлеуметтік ны­сан­ды «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бір өзі жөндеп береді.

Бесіншіден, бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі аясында арыстық 300-ден астам шағын және орта кәсіпкердің кәсіпо­р­нына «Атамекен» ҰКП арқылы ірі бизнес қаражаты есебінен қал­пына келтіру және жөндеу жұ­мыстарында көмек көрсетіледі. Алтыншыдан, қала кәсіпкер­леріне биылғы 1 шілдеден бастап 5 миллион теңгеге дейінгі мөл­шерде жеңілдікті несиелер бері­леді. Бұдан бөлек, оларға 2019 жылдың соңына дейін са­лықтық каникулдар ұсынылады.

Жетіншіден, инженерлік инфрақұрылым, электрмен жаб­дықтау және байланыс жүйелері Үкімет резервінің қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Се­гізіншіден, газ және сумен жаб­дықтау жүйелерін жаңғырту және реконструкциялау жоспарланған. Тоғызыншыдан, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қала тұрғындарына арналған жаңа аурухана мен 2 емхана тұрғызылады. Онын­шыдан, 2 апта ішінде қару-жарақ­тарды әкету басталады. Арсенал бас­қа жерге қайта орналас­ты­рылады.

Алдын ала бағалаулар бо­йынша, Арыста 104 көпқабатты тұрғын үй, 7 200-ге жуық жеке үй, 14 мектеп, 2 аурухана, 28 бала­бақша, аумақтық мемлекеттік орган ғимараттары бүлінген екен.