Ұйғыр ауданының атауын өзгертумен мәселе шешіле ме?
Ұйғыр ауданының атауын өзгертумен мәселе шешіле ме?
337
оқылды
 Дос Көшім, саясаткер: – Атау өзгертумен мәселе шешілмейтіні анық. Бірақ атаудың басқаша болуы көңілімізге қонбайды. Мысалы, Павлодар, Петропавловск қалаларының атауын қазақшалағанмен ешнәрсе өзгермейтінін айтатындар бар. Бірақ бұл бізге орыс патшалығы қарғыбауының белгісі сияқты көрінеді. Қайшылық туғызатын мәселелерді заңды, мәдениетті түрде алып тастау қажет. Екі ұлттың арасында туындаған мәселені шешу, тігісін жатқызу үшін билік тарапы басу айтылып, татулыққа шақырады. Кеңес үкіметі кезіндегідей. Бірақ шын мәнінде қандай да бір туындаған кикілжің ұлтаралық рең береді. Нақты осы тақырыпқа анализ жасау қажет. Бізде жанжалдың ыстық-суығы басылғанан кейін қайтып, осы мәселе көтерілмейтін сияқты болып көрінеді ғой. Бұған дейін қаншама ұйғыр-қазақ арасында түсінбеушілік орнады. Оны шешу үшін комиссия құрылды. Мен де сол шиеленістерді шешу мәселесінің басы-қасында болдым. Бірақ дәнекер болуға тырысқандар соңында бүлдіруші болып шығады. Меніңше, қазақта бар бір реніш  ̶  тәуелсіздік алғаннан кейін біздің жерімізде өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп отырғандар қазақ тілін мойындауы, қазақ жерінің егемендігін қабылдауы керек. Кез-келген ұлт өзінің алдағы болашағы қазақ ұлтымен бірге екенін ұғынып, құрметпен қарауға тиіс. Ұйыр ауданының атауын өзгертеміз деп биліктің уәде беріп келе жатқанына қанша жылдың жүзі болды. Бұны іс жүзінде жүзеге асыруға тырысқандар да болған. Бұл ауданға кезінде Ассамблея басшылары, Президент әкімшілігі де барып, мәселені шешуге тырысқанын білемін. Бірақ түбінде нәтиже болмай шықты.   Айгүл Сәдуақасова, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары: – Ұйғыр ауданында туындайтын кикілжіңдерді жан-жақты қарастыру керек. Алматы облысында 2 миллионнан астам халық тұрады. Бұған қоса, тығыз шоғырланған тарихи полиэтникалық топтар да бар. Тарихи дейтініміз, кезінде Ресей патшалығы мен Қытай арасындағы келісім бойынша ұйғырлар сол жерге көшірілген еді. Бұл аймақта көне қазақтың атаулары да болғанын білеміз. Оның барлығы тарихшылар тарапынан зерттеуді қажет етеді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде қандай да бір қақтығыстар туындаса, ең алдымен тегіне мән беріледі. Қай ұлттың өкілі екені бірінші айтылады. Одан бөлек, жастар арасында туындаған конфликт кезінде нақты сипаттамаға мән беру керек. Мысалы, кикілжің жастар арасында туындап отырғаны, олардың жұмыспен қамтылу мәселесі, бір ауылдың тұрғындары екені ескерілуі тиіс. Ең алдымен, барлық этнос өкілдері Қазақстан Республикасының тең құқылы азаматы екенін ұмытпайық. Екіншіден, белгілі бір заңдылық болуы керек. Құқық қорғау органдары бұл жағдайға квалификация беру керек. Ал бізде ең алдымен әлеуметтік желі шулайды. Онда міндетті түрде этникалық болмыс сөз болады да, эмоциялық пікірлер айтылады. Осы ретте, өзге ұлт деген сөзден гөрі, этнос сөзіне басымдық беру керек дер едім. Қазір расымен, коронавирусқа байланысты елдегі жағдай онсыз да күрделеніп тұр. Оның ішінде экономикалық тұрақсыздықтың туындауынан әлеуметтік мәселелер өршіді. Осы тұста Ұйғыр ауданында болған жағдайды бұл аймақтың атауын өзгерту арқылы шешуге болады дегенге келіспеймін. Мәселе нақты зерттеуді қажет етеді. Құқық қорғау органдары мен қатар, жергілікті биліктің жұмысын қарастыру қажет. Шынын айтқанда, бұған дейін де осындай жанжал туындағанда оны жылы жауып қоя салған кездер де болды. Туындаған кикілжіңді анықтау арқылы халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл әділ шешімді қажет етеді. Ал алдын ала біреуді кінәлауға асықпайық. Құқық қорғау органдарымен қатар, жергілікті билік жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Туындаған кикілжіңді анықтау арқылы халық анық, дұрыс ақпарат алуға тиіс. Әділ шешім шығарылғаны маңызды. Ал алдын ала біреуді кінәлауға асықпайық. Болған жайттың мән-жайынан хабарсызбыз. Атау өзгерту мәселесі бойынша Қазақстанда ономастика туралы ережелер бар, арнайы комиссия да құрылған. Ұсыныс беру керек. Оны белгілі бір тәртіп негізінде қарастырады. Жалпы, атау өзгерту туралы мәселе қай кезден бастап шыққаны, соңы немен аяқталғаны,  қандай шешім қабылданғаны толықтай зеттеуді қажет етеді.   Талғат Жақиянов, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі:  Алматы облысында Ұйғыр ауданымен қатар, Панфилов және Еңбекшіқазақ аудандарында да ұйғыр ұлты көптеп шоғырланған. Олардың популяциясы да артып келеді. Белгілі бір уақыт аралығында қайталанып орын алып тұратын шиеленістерге келетін болсақ, оның барлық себебі ауданның атауында тұрған жоқ. Мәселе тым тереңде. Әрине, қазақ халқы, соның ішінде, әсіресе жергілікті қазақтар арасында аудан атауына байланысты реніш те жоқ емес. Ауданның атауы «Ұйғыр автономиясы» деген сияқты қабылданады дейтіндер де кездеседі. Расында, еліміздің басқа өңірінде «тәжік ауданы», болмаса «өзбек ауданы» деген атаулар жоқ. Осы ретте, атауға байланысты айтылған уәжбен келісуге болады деп ойлаймын. «Ұйғыр ауданы» деген атаудың өзі кейіннен қалыптасқан. Бұрынғы тарихи қазақ атауларын негізге ала отырып, қоғамдық комиссия құру және жергілікті тұрғындармен ақылдасу арқылы аудан атауын өзгертуге байланысты шаралар қабылдауға болатын сияқты. Ең бастысы, мәселенің саясилануына және ұраншылдық пен науқаншылдыққа ұласуына жол бермеу керек. Жалпы алғанда, арагідік орын алатын шиеленіс мұнымен тоқтамайды. Қайшылықтардың себебі әлеуметтік мәселелермен байланысты және оны «этноаралық» деп бағалауға еш негіз жоқ. Негізінен, «этносаралық» деген шиеленістің түрі табиғатында жоқ. Қандай да бір тұрмыстық деңгейдегі тұлғааралық қайшылыққа «этникалық» бояу жағу арқылы топтыққа ұластырып, саясиландыру әрекеті бар. Себебі кез келген даудың басты мақсаты – қандай да тәсілді пайдалану арқылы ұту, жеңіске жету. Осындай жағдайда қақтығысушы тараптардың бірі – қазақ, екіншісі – басқа этнос өкілі болса, ол шиеленістің топтық сипатқа ауысып кету мүмкіндігі жоғары. Бұған дейін орын алған және кейбір субъектілер тарапынан «этносаралық» деп бағаланған шиеленістердің барлығы тұрмыстық себептерден бастау алған. Ұйғыр ауданына келер болсақ, ол жерлердегі ұйғырлардың туу санының және демографиялық тығыздықтың артуы жағдайында дәстүрлі диқаншылық кәсіппен айналысушылар санының артуы, соның негізінде жер-су ресурстарына, еңбек нарығына деген бәсекенің де үздіксіз өсуі кезекті шиеленістерге негіз болмақ. Бұлармен бірге ұлттық мектептер аясында жастардың мәдени оқшауланып отырғанын, еңбек саласының әртараптанбаған жағдайын (диқаншылыққа басымдық беру), моноэтносты ұжымдардың бар екендігін де атасақ, ұйғыр этникалық топтарын қазақстандық қоғамға кіріктіру, келісімді қамтамасыз ету саласындағы міндеттердің өзекті екендігін көреміз. Ал бұл мәселелерді түбегейлі шешпейінше, шиеленістердің алдын ала алмаймыз. Шиеленістер тұрақты түрде қайталанып отыратын болады. Қалай шешу керек? Тек ұйғырлар емес, этникалық топтар көптеп шоғырланған елді мекен жастарын білім беру, мамандандыру, жұмыспен қамту бағдарламалары аясында көптеп тарту қажет. Шоғырланған үстіне қабаттаса беру үрдісін азайту үшін «Серпін», «Жұмыспен қамту жол картасы» сияқты бағдарламалар аясында жас ұрпақ пен отбасылардың басқа өңірлерге, әсіресе, тығыздығы төмен солтүстік өңірлерге қоныстануына жағдай жасау қажет. Моноэтносты еңбек ұжымдарының қалыптасуы да аса өзекті мәселе. Мысалы, бір қазақ басшы болса, қарамағына ылғи қазақтарды жинайды. Ал ұйғыр басшы болса, ұйғырларды тартады. Осы ретте, этностар бір-бірімен қатынасқа түсіп, күнделікті ортақ мүдде мен мақсат аясында еңбек ететіндей полиэтносты еңбек ұжымдарын қалыптастыру арқылы да азаматтық бірегейлікті нығайтуға болар еді. Ұйғырлардың мәдени оқшауланып қалуына ұлттық мектептердің болуы да әсер етіп отыр. Ұйғырлардың 90 пайыздан астамы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Үш тұғырлы тіл бағдарламасы қолданысқа енсе, қоғамның тілдік тұрғыдан жікке бөлінуі күн тәртібінен түсетін еді. Бұл бағдарлама елдегі тіл мәселесін бірізділендіруге бағытталып отыр. Ең алдымен, еліміздегі кез келген этнос өкілі қазақша біліп, сол тілде қарым-қатынас жасаса, халқымыздың бірлігі де күшейетін еді.