Өскеменде ірі көлемдегі ұрлықтың беті ашылды
Өскеменде ірі көлемдегі ұрлықтың беті ашылды
Өңір полицейлері 22 миллион теңгеден астам соманы қолды қылған ұрыларды қолға түсірді. Биылғы жылдың 1 қаңтарында облыс орталығының 40 жастағы тұрғыны Өскемен қаласының 102 жедел әрекет каналына хабарласып, ақша ұрлау фактісі бойынша шағымданған. Тергеу барысында 1 қаңтарға қараған түні белгісіз біреулер жәбірленушінің Сағадат Нұрмағанбетов көшесіндегі пәтерінің жатын бөлмесінің пластик терезесін заңсыз бұзып кіріп, жатын бөлмедегі металл сейфінен 59 мың АҚШ доллары мөлшеріндегі қолма-қол ақшаны жымқырып кеткені анықталды. Нәтижесінде пәтер ұрылары үй иесіне 22,5 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген. – Жедел іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар 30-32 жастағы облыстың үш тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта олар қамауда отыр. Пәтерге ұрлыққа түскендердің бірі Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына, қалған екеуі Алматыдағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев. Бүгінгі уақытта осы ұрлыққа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары жалғасуда.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы