Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулығы жақсы. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Соңғы күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулығына қатысты еліміздің көптеген азаматы алаңдаушылық білдіріп, сауал жолдап жатыр. Осыған орай, Қасым-Жомарт Кемелұлының денсаулығы жақсы екенін хабарлаймын. Соңғы кездердегі эпидемиологиялық жағдайдың өрши түсуіне байланысты, ол күнделікті коронавирусқа тест тапсырып жатыр", - дейді Берік Уәли.
"Тапсырылған барлық тест сынамасы теріс нәтиже көрсетті. Мемлекет басшысы өзінің қызмет орнында белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес, мемлекеттік органдар мен ведомстволардың басшыларымен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен онлайн-кездесулер өткізуде. Қазақстан Президенті твит арқылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеп, Тұңғыш Президенттің өзіне тән мықты рухының арқасында, бұл сынақты да жеңіл еңсеретініне сенім білдірді", - деді Берік Уәли.