Ливия: әлем араласқан азаматтық соғыс
Ливия: әлем араласқан азаматтық соғыс
506
оқылды
2011 жылы бұл елді 40 жыл­­­дай басқарған Муаммар Каддафи өлтірілген соң Аф­ри­каның солтүстігіндегі Ли­вияда тыныштық орнаған жоқ. Алдымен террористер біраз қаланы жаулап ал­са, қазір Халифа Хафтар мен Фаиз Сарадж үкіметі билік­ке таласып жатыр. Бұл аза­мат­тық соғыстың соңы әлі кө­рінер емес. Себебі әлемнің бір­шама мемлекеті қос тарап­тың біріне қаражат, қару жет­кізіп тұрса, екінші жағына әс­кер беріп, айтақтап отыр. Алай­да сол елдің басшылары Мәскеу, Берлинде өткен кез­десулерде Ливияда бейбіт­шілік орнауы керек екенін мә­лімдеп тұрады. 19 қаңтар күні Берлинде бір­неше мемлекеттің жетекшілері жиналып, Ливия ісін майшаммен қайта қарады. Негізгі мәселе – қа­рулы қақтығысты тоқтатудың жолдары. Күресіп жатқан қос та­раптың көшбасшылары Халифа Хафтар мен Фаиз Сарадж неміс астанасына келсе де, өзара жолы­ғып, кездеспеген. Бұдан бөлек, жиынға Ресей, Түркия, Франция, Мысыр президенттері, Италия мен Ұлыбритания пре­мьер-министрлері, АҚШ-тың мем­лекеттік хатшысы, Германияның канцлері қатысты. Оған қоса, Қытай, БАӘ, Конго, Алжир, Еуроодақ, Африка одағы, Араб мемлекеттері лигасының өкілдері келген. Осынша елдің Берлинге ат басын тіреуінен-ақ Ливиядағы саяси дағдарыстың масштабын түсіне беруге болады. Яғни, аталған азаматтық соғыстың жалғасуына, не тоқтауына сонша мемлекет мүдделі. Конференцияға қатысушылар Ливиядағы соғысқа нүкте қою үшін күресуші тараптарға қару жіберуге эмбарго жариялап, ешбір тарапты қолдамауға келісті. Сондай-ақ саммитке қатысушылар соңғы аптада Триполиде қол жеткен келісім тұрақты болуы тиіс және оның орындалуын екі тараптың өкілдерінен құралған арнайы комитет бақылайды деген байламға келді. Мұндай келісім сырттай қарағанда іске аса қоятындай. Алайда алыс Африка жеріндегі екі жақ өліспей, берісетін түрі жоқ. Яғни, Берлиндегі келісім құжат жүзінде қалып қоюы әбден мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, бұл соғыстың бүгін-ертең аяқталуына күмән көп. Себебі оған бірнеше мемлекет тікелей, не жанама түрде араласып кеткен. Мәселен, фельдмаршал атағын иемденген Халифа Хафтарды Ресей, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Фран­ция, Италия қолдаса, оның қар­сыласы Фаиз Сарадж басқаратын үкіметті Түркия, Қатар, БҰҰ жақтап отыр. Қолдап, қорғаштауы сөзбен шектелмейді. Мәселен, Ресей Хафтарға көмек ретінде Вагнер жеке әскери компаниясының жал­дамалы сарбаздарын, зымыранға қарсы жүйесін, «СУ» жойғыш ұшақ­тарын жіберді деген ақпарат шықты. Ал Араб Әмірліктері фельдмаршалға көмек ретінде Қытайдың Wing Loong 2 пилотсыз ұшатын аппараттарын жеткізсе, Иордания бронотехника берген көрінеді. Сарадж үкіметінің жағында Батыстың кейбір елдері ғана. Франция мен Италия өзінің экономикалық мүддесін ойлап, әлі Хафтарды қолдап отырғанға ұқсайды. Себебі кезінде Ливияға әскер кіргізуге себеп болған фак­тордың бірі – Ливияның бай мұнай қоры (29,5 млрд баррель) еді. Яғни, Франция мен Италия қолында әскері бар Хафтармен келісім жасап, қара алтынға қол жеткізгісі келетін болар. Батыстың халықаралық мә­селеде қақ жарылатыны сирек жағ­дай. Алайда Ливия ісінде Еуропа мен АҚШ әр тарапты қолдап отыр. Осыған орай Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Берлинде өткен саммитте былай деді: Бұл сыртқы күштер кеңінен араласқан қақтығыс. Ресей, Мысыр бір жақта, Түркия мен басқалары екінші жақта. Еуроодақ мүшелері қос тарапта да жүр. Егер сыртқы күштер бұл жанжалды тоқтатуға шешім қабылдаса, табысқа қол жеткізуге болады. Британия нақ осыны қалап отыр. БҰҰ мойындаған Сарадж үкіметін Батыстың толық қол­дамауының өз себептері де бар. Мысалы, Хафтар әскері Ливия территориясының 90 пайызын жау­лап алған. Яғни, оның жеңіске жету мүмкіндігі мол әрі көпшілік мемлекеттер сенімді бір тұлғамен жұмыс істеуді қалап отыр. Ал Сарадж­дың жеңіске жету мүмкіндігі көп емес. Оған қоса, үкімет де­мо­кратиялық деп есептелгенімен, оның жақын арада бүкіл Ливияға әмір жүргізуі неғайбыл. Әзірге билігі ел астанасы Триполимен ғана шектеліп тұр. Осы қаңтар айында Хафтар әскері елдегі үшінші ірі қала Сиртты басып алды. Енді бұл шаһар бас қала Триполиды жаулау үшін жақсы плацдармға айналуы мүмкін. Әрине, фельдмаршалдың мұндай жетістіктерінен соң Сарадж үкіметін қолдай қоятын ел көп бола қоймас. Алайда ақиқат Сарадж жақта деп, оны БҰҰ мойын­дап отыр. БҰҰ жақтағанды біз де қол­даймыз деген елдер де табылды. Соның бірі – Түркия. Жақында осы ел парламенті президент Р.Ердоғанға Ливияға әскер жіберуге рұқсат берді. Әрине, Түркия неге ұтылып жатқан Сарад­ж­ды қолдай қалды деген сұраққа болжам көп. Бірақ Ердоған БҰҰ-ны, халықаралық құқықты, демократияны ескерді дегенге сену қиын. Түрікбасының да өз есебі бар шығар. Соғыстың жақсысы жоқ. Былтыр сәуір айында ғана бас­талған Хафтардың шабуылынан 146 мың ливиялық босқын атанып, үйін тастап кеткен. Көз жұмғаны қаншама? Ал экономикаға кел­тірілген шығынды есептеу оңай емес. Мәселен, азаматтық соғысты бастан кешірген Сирияның эконо­микасын қалпына келтіру үшін 250 млрд доллар қажет деп мәлім­делген еді. Қара алтынға қанша бай болса да, ішкі бірліктен айырылған, 2011 жылдан бері соғыстан көз ашпаған Ливияның экономикасын аяғынан тік тұрғызуға жұмсалатын қаражат аз болмайтыны анық.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА