Қазақстанда коронавирусқа шалдығудың ауыр жағдайлары артып барады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева хабарлады. «Коронавирусқа шалдығу өсімімен қатар пневмонияның ауыр жағдайларының саны да артып келе жатыр. Егер наурыз-сәуірде жансақтау бөлімшелерінде өте ауыр жағдайдағы 30-35 пациент болса, бүгінде реанимация бөлімшелерінде 125 пациенттің жатқандығын айта аламыз. Олардың ішінде 2 пациент өкпені кстракорпоральды оксигенациялау аппаратын қолданып жатыр. Бұл ағзаны оттегімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық қызмет саналады»,- деді Ләззат Ақтаева Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. Бұған дейін ол дәрігерлер өте ауыр хәлде жатқан 322 пациенттің бетін бері қаратқанын айтты.