Дәрігерлер тест нәтижесі теріс болғанына қарамастан, коронавирус диагнозын қоя алады
Дәрігерлер тест нәтижесі теріс болғанына қарамастан, коронавирус диагнозын қоя алады
© сурет интернеттен алынды
Дәрігерлер тест нәтижесі теріс болғанына қарамастан, коронавирус диагнозын қоя алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты. Оның айтуынша, қазір Нұр-Сұлтанда күн сайын 500 адам ауруханаға жатқызылады. Олардың әрбір екіншісінен вирусты пневмония анықталуда. Брифингте тілшілер "Ол науқастардың ауруы кейін коронавирустың бір түрі болып шықпай ма?" деген сұрақ қойды. Ақтаеваның айтуынша, дәрігелер тест теріс нәтиже көрсеткен күнде де, "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы" деген диагноз қоя алады. Соның арқасында науқасты тезірек емдеуге мүмкіндік туады.
"Жалпы, "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы" деген түсінік бар. Бұның барлығы клиникалық хаттамада жазылған. Аурулардың халықаралық классификациясында "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайының" өзіндік коды да көрсетілген", - деді Ақтаева.
Бұл дегеніміз, науқаста коронавирусқа ұқсас клиникалық белгі мен арыз-шағым болса, ең бастысы, бұның барлығы томографиядан анық көрініп тұрған жағдайда консилиум ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткеніне қарамастан "коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы" деп жаза алады. "Соның арқасында науқасқа вирусқа қарсы препараттар дер кезінде беріледі", - деп түсіндірді министрдің міндетін атқарушы. Оның сөзіне қарағанда, вирусқа қарсы терапияны бастау үшін диагноз қою қажет. Ал коронавирус инфекциясына тән белгілер болғанда тиісті ем-дом шаралары қолға алынады. "Сондықтан пневмония болса, коронавирустың бір түрі шығады деген сөз емес. Бұл – коронавирустың бір көрсеткіші, коронавирус инфекциясының ықтимал жағдайы. Ондайда вирусқа қарсы терапияны дер кезінде бастау қажет", - деп аяқтады сөзін Ақтаева.