Гендерлік стереотиптер. Ол не?
Гендерлік стереотиптер. Ол не?
679
оқылды

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде елде қоғамдық қаты­нас­тар­дың демократияландырылуы, ашық қоғам құруға бағытталған саясат, БАҚ саласындағы ырық­сыз­дандыру бұрын көп жазыла бермейтін бірқатар «жабық» тақы­рып­тардың ашық талқы­ла­нуына жол ашты. Солардың ішінде ген­дерлік теңдік проблемаларына қатысты материалдар да бар. Бұл мәсе­ленің қозғалуы адамның қа­рым-қабілеті ескерілмей, тек биологиялық белгісіне қарай қалып­тасқан «алтын басты әйел­ден бақыр басты еркек артық» деген көзқарасты ұстанушыларға ұнама­ғаны, сөйтіп, олар жоғары­дағыдай ұшқары пікір айтушы­лардың қатарын толықтыр­ғаны анық.

Дегенмен елде әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктері туралы мәселенің талқылана бастауы, әйелдердің арта түскен саяси әле­уеті, әйелдер басқаратын үкіметтік емес ұйымдардың тиімді қызметі, әйелдердің табысты кәсіпкерлігі сияқ­ты құбылыстар гендерлік тең­дік тақырыбының көтеріліп, басыла салмайтынын, барған са­йын күш-қуат алып, қоғамдық күн тәртібіне айналатынын байқат­ты. Бұл – ұл-қыздарының соғысқа баруына, тұтқынға түсуіне, зор­лық-зомбылыққа ұшырауына ұдайы қарсылық танытып келе жатқан әйелдердің балалары мен бауырлары бейбіт, тұрақты қоғамда өмір сүруін қамтамасыз ету үшін күреске дайын, рухани, саяси тұрғыдан өскенінің де белгісі.

Халық шаруашылығының түрлі саласында білімді де білікті маман, саяси салада ел мүддесін көздейтін ойлы, білгір көшбасшы ретінде танылған әйелдер қарасы көбейіп келе жатқаны да – соның белгісі. Олардың атын атап, түсін түстеп отыру – бұл мақаланың мақсаты емес. Дегенмен бір-ақ салада – ха­лық атынан сайланған, сол халық­тың мүддесі үшін адал еңбек етіп жүрген, өз әріптестерімен білімі мен біліктілігі жағынан иықтас, теңдес депутат ханымдар­дың әлеуе­ті қоғамда дұрыс пайдаланы­лып отыр ма?

Бізде әйел­дер­дің билік саласына баруы туралы да стереотипті көзқарас қалып­тасқан. Депутаттық кор­пус­ты орынды-орынсыз сынауға құры­­латын пікірлердің арасында халық мұқтажын шешуде жемісті қызмет етіп жүрген депутат ханым­дар да кетіп қалып жатады. Көпшілік елдегі шағын және орта бизнестің дамуына орасан зор кедергі – рейдерлік тартып алуға тосқауыл қою мәселесін көтеріп, арнайы заң жобасын қабылдау қажетіне Үкіметтің көзін жеткізген; компаниялардың коммуналдық қызметтер тарифтерін негізсіз өсіріп, халық есебінен күн көру қулығын әшкерелеген Меруерт Қазбекова; білім беру саласындағы келеңсіз жағдайлардың бетін ашып, мектеп оқулықтарын шыға­ру, оқушылардың тамақтануы есебінен пайда табу жағдайларымен күресіп жүрген Ирина Смирнова сияқты депутаттар екенін біле ме?

Бұлар ең алдымен білік­ті­лік­тері­нің, саяси сауаттылықтарының және гендерлік теңдіктің арқасын­да халықтың мұң-мұқтажын айтып, ел үстінен күн көруді доғаруды та­лап етіп қана қоймай, оның орындалуын бақылау құзыретіне ие болып отыр.

Тағы бір депутат, елдің дамуын тежеп отырған сыбайлас жемқор­лық жанжалдарында ерлер мен әйелдер санының арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін мәлімдеген Дания Еспаева таяуда өткен президенттік сайлауда жеті кандидаттың бірі болып тір­кел­ді. Қазақстан тарихында тұң­ғыш рет әйел адамның президент­тікке үміткер ретінде тіркелуі біздің қоғам үшін үлкен жаңалық болса, сырт елдер үшін де күтпеген жай екенін бұқаралық ақпарат құрал­дарындағы талқылаулардан бәріміз де көріп, білдік.

Негізінен бұған дейін де мұндай талпыныстар болған, бірақ нәзік жандылар өкілінің тіркеуге де жетпей қалуы, біздіңше, ол әйел­дердің талапқа сәйкессіздігінен емес, қоғамдық сананың дайын еместігінен деп ойлаймын. Осыған орай Бейімбет Майлиннің «Берен» әңгімесінде мал үшін кәрі шалға байлап-матап берілген қыз көңілі ұнатқан жігіті іздеп келгенде «қата­рым, теңім, құтқар мені» дейтіні еске түседі. Яғни, бұл жерде жазу­шы кейіпкерінің аузына осы сөз­дер­ді сала отырып, адамдардың бірін-бірі бойындағы жақсы қа­сиет­­теріне, қабілет-қарымының тең­дігіне қарай бағалап, таңдау керегін мең­зей­ді және бұл өмірдің барлық саласында көрініс табуы керек.

Бірақ әйел кандидаттың депу­тат ретінде басқа да батыл ұсыныс­тары болса да, бұл сайыста жеңіске жетпейтіні түсінікті еді. Оған кінә­лі – кандидат емес, «әйел орнын білуі керек» деген гендерлік стереотип, біздің қоғамның қабыл­дауы өте қиын, әсіресе, ер азамат­тардың құлақтарына жақпайтын «гендер» термині.

Бір өкінішті жағы, сол термин­нің өгей баладай күн кешуіне кейде бұқаралық ақпарат құралдары да әсер етеді екен. Бұған мен аттары алты алашқа белгілі тұлғалардың осы тақырыпта қойылған сұрақ­тарға берген жауабын тыңдай, оқи жүріп көз жеткіздім. Бұл жерде өкпені жауап берген үлкен кісілерге емес, қолына қалам, микрофон ұстаған, журналистика мамандығы бойынша білім алып, елге ақпарат тарату ісіне қызмет етіп жүрген адамдарға айту керек шығар.

Өйткені, дәрігерлер қашан, қандай жағдайда болмасын науқас адамға көмек көрсетуі міндетті болса, журналистер тап солай, халықты шатастырмайтын, дұрыс, сауатты ақпарат беруге міндетті деп ойлаймын. Ол үшін ең алдымен тақырыпты зерттейтін журналистің өзінің осы саладағы білім-танымы жеткілікті болғаны дұрыс. Екін­ші­ден, ол ақпарат бергенде белгілі бір адамдардың, топтың сойылын соғуды немесе өзінің бір ішкі қыжылын басуды мақсат етпей, бейтарап ұстанымда болғаны жөн.

Орайы келгенде, ер азаматтар үшін сүйкімсіз «гендер» деген терминнің қайдан шыққанын, қандай мағына беретінін айта кетейік. Бұл – бізге көптеген халықаралық терминдер сияқты шет тілінен енген сөз, түп-тамыры латын тілінде жатыр. Әуелі ағыл­шын тіліне келген («дженде» деп айтылады), олардан орыс тіліне көшкен. Біздің елде белсенді айналымға түсуі өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталады.

Бұл термин адамның биоло­гиялық жынысы мен атқаратын әлеуметтік рөлінің аражігін ажы­рату мақсатында шыққан. Осы бағыт­та зерттеу жүргізіп, 1968 жылы Gender and sex деп аталатын кітап жазған америкалық ғалым Роберт Джесси Столлер терминді биоло­гиялық және мәдени тұрғы­дан ажырата қарау қажеттігін бірін­ші болып көтерген. Осылай­ша, «жы­ныс» (ағылшынша – sex) био­ло­­гия мен физиология саласы­ның зерттеу пәніне, ал «гендер» (ағыл­шын­­ша – gender) психология, әлеу­меттану, мәдени-тарихи құбы­лыс­тарға талдау жасау саласы­на жатқызылды.

Ал біздің қоғамда, әсіресе таза қазақы ортада, осы екеуінің ара­жігін ажырату мәселесі ақсап тұр. Соның салдарынан, өкінішке қарай, көпшілікте гендерлік саясат дегеніміз – тек әйелдердің мүддесін қорғайтын саясат деген ұғым қалып­тасқан. Кейбір көпке таны­мал ағаларымыздың «гендерлік сая­сат дегеніміз – еркектерді тө­мен­­дету» деген ұшқары пікір айту да соған негізделген.

Гендерлік стереотиптер тек бізге ғана тән құбылыс емес. Ол бар­лық елде: бірінде азырақ, бірін­де көбірек деңгейде кездеседі және сол қоғамда ерлер мен әйел­дердің жыныстық айырмашылықтары олардың жеке, сапалық қасиеттері­нен басым болғандықтан туында­ған. Тіпті Платонның өзі «...жаратылысына қарай әйел де, еркек те барлық іске қатыса алады, алайда әйел бар істе еркектен әлсіздеу келеді» (аударма - менікі) деген. Яғни, гендерлік стереотип­тер дегеніміз ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге кеткен, белгілі бір жыныс өкіліне тән деп бекіген қасиеттерді сипаттайды.

Шынтуайтында, адамдардың бойында гендерлік әділет­сіз­дік­терге немесе теңсіздіктерге деген сыни көзқарас ұдайы бола бермей­ді. Өйткені, олар өз ортасында қай замандардан бері қалыптасқан белгілі бір ұғымды, түсінікті жас кезінен бастап бойына сіңіреді. Ол түсініктің ескіргені, заманның өзгер­гені, адамның қасиетін сипат­тайтын басқа көзқарастар қалып­тасқаны, ол – ол ма, белгілі бір стереотиптердің кереғар ұғым тудыра­тыны ескеріле бермейді.

Айталық, әйел ер адамға қара­ғанда науқас, әлсіз адамдарға жақсы­рақ күтім жасайды деген ұғым бар. Себебі, «Ол қамқорлық жасауға бейім. Жаны нәзік, мейірімді» дейді. Сонда қалай болғаны, ер адамдардың қолынан қамқорлық жасау келмей ме? Оларда мейірім қасиеті кем бе? Міне, осындай сұрақтар, бәл­кім, бұл бір кездері осындай міндеттерді әйелге жүктеу үшін қалып­тас­ты­рылған ұғым болар деген ой сала­ды. Себебі, уақыт өте, қазіргі заман­да «әйел еркекке қарағанда мейірімді, қамқор» деген стерео­тип­тің ажырасу процестерін­де, бала тәрбиесіне байланысты даулы мәселелерде ер адамдардың құқық­та­рын шектеуге әсер еткенін көріп жүрміз. Мұндай мысалдарды тағы да көптеп келтіруге болады.

Бір нәрсе анық: әйелдер мен ерлердің рөлі, оларға тән қасиет-қабілеттер туралы стерео­тип­тік ұғымдар адамның таңдау жасау мүм­кіндігін, адами бостан­дық дәре­же­сін шектейді. «Дұрыс әйел» және «дұрыс еркек» болу туралы сенімдер гендерлік теңдікке кедергі келтіреді.

Бұл мәселе философтар, ант­ро­пологтар, психологтарды тол­ған­дырып, олар жүздеген жылдар бойы әйел мен ер адамның айыр­машылықтары туралы том-том зерттеу жазып, жалпылама айтсақ, «сезім әйелге тән, ақыл еркекке тән» деген сыңайлы стерео­типті қалып­тастырды. Бірақ соларға сүйе­ніп, біз ақылды әйел мен сезім­тал еркек жоқ деп айта аламыз ба? Немесе белсенді, қатал талап қойғыш әйел мен бағынғыш, әрекетке бейімсіз еркектер кездес­пейтініне сенімдіміз бе? Билеп-төстегіш әйел мен көнбіс еркек болмайды дей аламыз ба? Жоқ.

Таза біздің ортамызға келетін бол­сақ, халқымыздың қазынасы – ауыз әдебиетінде нәзік жанды­ларға қатысты «Жұмақ – ананың табанының астында», «Қыз – елдің көркі», «Алып – анадан» деген тұжы­рымдамалармен жер мен көк­тей айырмашылығы бар «әйел­дің шашы ұзын, ақылы қысқа», «қатын бастаған көш қараң қалады» деген сөздердің де болуы ақылға сыймай­ды. Ойлай келе мұны да халқымыз­дың салты бойынша бетін қақпай еркін өсіріп, аға-інілерімен жауға қарсы бірге шапқан өр қызды, әлдебір себептерге байланысты мұқату үшін бір пенде оқыс айтып қалған сөз-ау деп болжадық. Ал, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылатыны белгілі. Өкініш­тісі – осы бір ұшқары ұғымды бәз біреулердің стереотип ретінде қабылдайтыны.

Әйтпесе, халықтың жарты­сынан астамын құрайтын және білім алу рейтингісі де басым санат­тың ішінде елді алға апару үшін қызмет етуге қабілеті мен тәжірибесі жететін әйелдер кемшін дегенге кім сенеді? Яғни, бізде қалып­тасқан еркек не әйел осын­дай болуы керек, сондай мінез көр­сетуі, қызмет атқаруы керек деген түсініктер – әр халықтың ғасырлар бойғы даму жолында қалыптасқан, ал қазір бастапқы мәнін жойған стереотиптер ғана.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия

Сарапшылар кеңесінің хатшысы