Қарыздың «көкесі» – коллектор

Қарыздың «көкесі» – коллектор

Голливудтың осы аттас тө­белеске, қылмысқа және ко­медияға құрылған бірнеше туындысы, Ресей режиссері А.Красовскийдің осындай драмасы, сондай-ақ үнді Болливудының («Коллектор Баирава»), Италия, Испания, Германия және өзге елдердің кинофильмдері бар. Бұл аталған тақырыптың қоғамға қызықты екенін көрсетеді. Әрине, коллекторлық қызмет­тің рэкетирліктен айырмашылығы бар. Біріншіден, коллекторлардың ісі заңдастырылған, бұлардың құжат, «корочкасы» бар. Екін­шіден, коллектор бизнесменге «крыша» болмайды, тек борыш­керлерді үркітіп, қарызын тө­леуге иліктіреді, ақша өндіреді. Үшін­шіден, сотталған, қылмыскер болған адамдарға коллектор болып жұмыс істеуге тыйым салынған. Сондай-ақ коллекторларға ұрлық­пен, тонаумен, «берсең қолың­нан, бермесең жолыңнан» деп қа­рақшылықпен шұғылдануға рұқсат етілмейді.  

Коллекторлық фирма ашу қанша тұрады?

Қазіргі кезде бұл сала Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қар­жы нарығын реттеу және да­мыту агенттігіне қарайды. Ол коллекторлық салада жаңа ре­форма бастағалы отыр. Жаңа­лықтар «Кейбір заңнамалық актілерге микроқаржы және кол­лек­торлық қызметті реттеу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында көрініс тап­қан. Мәселен, бұл құжатта қар­жылық реттеуші коллекторлық агенттіктердің (КА) жарғылық және меншікті капиталдарының ең тө­менгі шегін енгізуді көздеп отыр. Өзгерістер не үшін қажет? Ме­морганның түсіндіруінше, кол­лекторлық қызметтер нарығында жүйелі тәуекелдер бар. Мысалы, отандық осы нарықта жосықсыз, адал емес қатысушылардың бары анықталды. Олар клиенттерді қорқытып, доқ көрсетумен айна­лысқан. Сондықтан коллекторлық агенттіктердің заң бұзуына қа­тыс­ты азаматтардың шағымы кө­бейіпті. Бұдан бөлек, борышкердің заттарын жоғалтқандары кездеседі. Егер заң жобасын Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойса, бұл саладағы фирмаларға нақты әрі қатаң талаптар енгізіледі. Біріншіден, оның ауданы кем дегенде 50 шаршы метрден асатын, жабдықталған кеңсесі болуы шарт. Бұл борышкерден алынған мүлікті сақтау үшін қажет. Агенттіктің есептеуінше, мұндай үй-жайды ай сайын жалға алу құны 200 мың тең­геден басталады. Екіншіден, компьютерлер түрін­дегі жабдықтары (әрқайсы­сының шығыны 100 мың теңге болатын 5 жұмыс орнын сай­лау), аудио және бейнетіркеу құрыл­ғылары (200 мың теңгеден 4-5 құрылғы сатып алу), кеңсе жиһазы (500 мың теңге сомаға түседі) болуы міндет. Үшіншіден, білікті 3-4 қызмет­керді жұмысқа алуы керек. Кол­лектор маманның орташа жалақысы 200 мың теңгеден деп есептелді. Бұған қоса, бухгалтері (ең төменгі жалақысы 200 мың теңге), заңгері (ең төменгі жала­қысы 200 мың теңге) болуы қажет. Төртіншіден, КА-дан кредиттік бюромен шарт жасасу талап еті­леді. Осыған ұқсас нормалар биыл лом­бардтарға қатысты қабылданды. Нәтижесінде, бұдан былай Қазақстанда коллекторлық фирма ашу не қолданыстағысының қызметін ары қарай жүзеге асыру үшін 15 миллион теңгеден астам шығын шығару керек болуы мүмкін. «Мұндай талаптар сақталмаса, тә­жірибе көрсетіп отырғандай, құрыл­тайшылары өзі салған азған­тай салым құны шегінде ғана шығын тәуекелін көтереді де, нарықта жосықсыз ұйымдардың туындау қаупі өседі. Бұған КА-лардың заңсыз іс-әрекеттеріне шағым санының ұлғаюы дәлел», – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.  

Қиналғанға араны ашылған жолықпасын

Ведомствоның дерегінше, бүгінде Қазақстанда 172 коллек­торлық агенттік бар. Алайда со­ның ішінде тек 5 компанияның жарғылық капиталы ғана 10 млн теңгеден асады. 2018 жылы Ұлттық банкке коллекторлардың іс-қимылына қатысты 230 арыз-шағым түсті. Жалпы, жыл сайын бұл көрсеткіш тек артуда. 2019 жылы Қаржылық реттеу агенттігі тағы 353 шағымды қарады, бұл алдыңғы жылмен са­лыстырғанда 123 шағымға немесе 53%-ға көп. Мысалға, Иван Лукьянов өзіне ықпал ету үшін коллектордың жеке деректерін, қанша банк кредиті және микронесиесі барын әлеуметтік желі арқылы жұртқа жария еткеніне қапаланады. Бұл – заңға қайшы. Ал Нұржігіт есімді азамат жұмыс істеуіне «Секьюрити Систем» коллекторлық агенттігі және Әсет деген сот орындаушы кедергі келтіргеніне назаланады. «Альянс банктен несие алғанмын. Басында төлеп тұрдым. Жұмыстан шығуыма байланысты өтелмей, пайызы өсіп кетті. Кейін жұмысқа орналастым. Сонда бухгалтер айлық жіберу үшін банкте есепшот ашуды сұрады. Ал есепшоттарымның бәрін коллектор мен сот орындаушысы жауып тастапты. Жаңасын ашуға бұғат қойылған. Сондықтан коллектордың Нұр-Сұлтандағы кеңсесіне барып, жағдайды түсіндірмек болдым. Берешекті 100 пайыз төлеуді талап етті. Жартысын берейін дегенге көнбеді. 4 балаға алимент төлеймін. Жаңа жұмыстағы айлығым 200 мың, оның 110 мыңы алиментке кетеді. 50 мыңы пәтер жалдауға қажет. Қалған 40 мыңды берейін десем «толық төле, әйтпесе есепшотыңды ашқызбаймыз» деп табандайды. «Жұмыс істемесем, берешегімді қалай төлеймін» деп тұнжырайды Нұржігіт. Теңге құнсызданып, дағдарыс созылып, ел тұрмысы төмендеген сайын коллекторлардың табысы мен жұмысы да көбейе беретінге ұқсайды. Ендеше коллекторлар тізесі батқан, әбден ашынған, өмірден түңілген азаматтар саны да өседі деген сөз.  

Коллектор – былықты бұрып әкетер арна

Қолданыстағы заңнама бо­йынша коллекторлық фирмалар жарғылық және төл капиталы көлеміне қарамастан, тіркеуге қойыла береді. Салдарынан, бір топ спортшы не бұрынғы құқық қорғау қызметкері бірігіп, бірер мың теңгеден ортаға тастап, осын­дай фирманы тіркете са­лады. М.Әбілқасымова ұжымы 15 миллион теңгелік жаңа талап коллекторларды қаусатып кет­песіне сенімді. Себебі олар көр­сететін қызмет анағұрлым қымбат тұрады. КА-лар банктерден, мик­ро­қаржы ұйымдарынан, компа­ниялардан қарызды талап ету құқығын сатып алады. Бұл ретте өндірілген борыш сомасының 25%-ына дейінгісін өзі қанжығалайды. Мәселен, еліміздегі белгілі кол­лекторлық ұйым жалпы сомасы 8 миллиард теңге өндіргенін мақтан тұтады. Кейбірінің жетістіктері одан да ірі. Бизнес түгіл, қарапайым адамдар да өзінен қарыз алып бермей жүрген адамдарды енді коллекторға тапсыратын болған. Ол аса қиын емес көрінеді. Бұл үшін жергілікті беделді коллекторлық агенттіктердің біріне қоңырау шалсаңыз жеткілікті. Бірқатары тіпті өз сайты арқылы байланыс формасын толтыруды ұсынады. Содан кейін мамандар өзіңіз қа­лаған уақытта хабарласып, мәселені реттеу бойынша кәсіби әрі тегін кеңес береді. Одан әрі кол­лектор қызметіне жүгіну-жүгінбеу жайында шешім қабылдайсыз. Рас, сізбен сөйлесе сала, коллектор әлдебір байғұсты сілкілеуге тұра ұмтылмайды. Заңға сәйкес, ол сөзіңізге сенумен шектелмей, сіз ұсынған құжат негізінде терең талдау жүргізіп, айғақтарды зерделеп, істі жұмысқа қабылдап алу шарттарын ұсынуы керек. Ақырында өзара келісім бекітілсе, онда коллекторлық фирма сіздің ісіңізді жүргізіп, аяғына дейін жеткізу үшін өз мойнына міндеттеме және толық жауапкершілік алады. Ірі КА-лар борыш өндірумен шектелмейді, сонымен бірге клиенттің ісін, корпоративтік қақ­тығыстарды заңгерлік сүйе­мелдейді. Ұрланған лизинг зат­тарын тауып, иесіне қайтарады. Кей­бірі алаяқтық жолмен немесе күш көрсету арқылы тар­тып алынған ақшаны кері алып беру­мен де шұғылданады. Мәселен, букмекерлік кеңседе ақша тіккен, жеңіске жеткен, бірақ ірі ұтысын ала алмай жүрген адамдар да коллекторларға жүгініп жатады. Жалпы, бүгінде коллектор деп жүргеніміз ағылшынның collector, яғни жинаушы, коллекционер деген ұғымынан туындаған термин. Осы кәсіп иелері пайда бол­ғанға дейін Қазақстанда, кеңес кезінен бері «коллектор» деп кәріз-канализациядан лас сұйықтық пен былықты бұрып әкетуге арналған кең каналды атайтын. Қалай болғанда, ағайын арасына коллектор кірсе, қарым-қатынас бұзылды дей беріңіз.  

Айхан ШӘРІП