Қазіргі күні еріктілік нақты істермен бекітілген патриотизмнің жоғары деңгейінің көрінісіне айналды. Еліміздің қазіргі жағдайында адам өміріне арашашы мамандармен қатар алғы саптан көрініп, аз қамтылған тұрғындарға азық-түліктері мен дәрі-дәрмектерін үйлеріне дейін жеткізіп беріп, алғыс арқалған еріктілердің еңбегін Елбасы бағалады. Атырауда BizBirgemiz акциясына қатысушы волонтерлер марапатталды. Атырау облысының әкімі волонтерлерге Елбасының алғысхатын табыстады «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Махамбет Досмұхамбетовтің сөзінше, қиын-қыстау кезде Атырау облысы бойынша BizBirgemiz акциясы аясында 9 мыңнан астам отбасыға 222 миллион теңгенің көмегі берілген. Атап айтқанда, жалғызбасты қарттарға, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен басқа да мұқтаж жандарға әлеуметтік пакеттер үлестіріліп, көмек көрсетілді. Оларды 300-ден аса партия белсенділері мен еріктілер жеткізіп берді. Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz республикалық қоғамдық қорынан Birgemiz – Atyrau аймақтық қоғамдық қорына 787 млн теңге қаражат түскен. Оны Атырау қаласы Жылыой, Мақат, Махамбет, Исатай аудандарының 7 санаты бойынша анықталған мұқтаж 15 741 азаматқа 50 мың теңге мөлшерінде тікелей аудару арқылы ақшалай көмек көрсетілген. Алдағы уақытта Құрманғазы, Қызылқоға және Индер аудандарының мұқтаж 3 904 азаматына 50 мың теңге мөлшерінде көмек көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданына Атырау облысынан 150 тонна азық-түлік, киім-кешек тиелген гуманитарлық көмек пен 20 тонна балық жөнелтіліп, қосымша қаржылай көмек көрсетілді. «Тікелей осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, өздеріңіздің бастарыңызды қауіпке тігіп, волонтерлық қызметтеріңізді адал орындап, мұқтаж жандарға көмектескендеріңіз үшін алғыс білдіремін», – деген аймақ басшысы М.Досмұхамбетов бір топ белсенділерге Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың алғысхаттарын салтанатты түрде табыс етті. Төтенше жағдай кезінде Атырау облысында бірнеше волонтерлар тобы мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратуға көмектескен болатын. Осы істердің басында жүрген қоғам белсендісі Әмина Жәрдемқызы «Біздің Атырау волонтерлер штабы барлығы 7 339 061 теңге қор жинап, 2005 әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттерін таратқан болатын. Бүгін міне, штабтың бір топ волонтерлері, белсенділігіміз үшін Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың алғысхатымен марапатталдық. Бұл – бізге деген сенім. Біз әрқашан ұлтымыздың амандығы үшін жұмыла қызмет ете беретін боламыз», – деп волонтерлер атынан сөз алып, белсенділігін арттырып, жұмыстарын жалғастыратынын айтты. Кеше Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев еліміздегі төтенше жағдай кезінде COVID-19 індетінің таралуын алдын алу мақсатында ұйымдастырылған республикалық Birgemiz акциясына қатысып, белсенділік танытқан жастарды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың алғысхатымен марапаттады.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ Атырау облысы