Баршаны бауырға басқанбыз десек те...
Баршаны бауырға басқанбыз десек те...
225
оқылды
Кәдімгі қылмыс ұлтараздығын қоздыратын сипат алып кете жаздады тағы да. Абырой болғанда  Қордайдағыдай жағдай қайталанған жоқ. Бірақ  Қазақстанның түстік аймақтарында  кез келген тұрмыстық кикілжің,  қылмыстық оқиға этносаралық  шиеленіс сипатын алып кету қаупі бар екеніне көзіміз жетті. Әңгіме  жуырда Алматы облысы Ұйғыр ауданында болған төбелеске қатысты  болып тұр. Ақпарат құралдары таратқан мәлімет­терге қарағанда, 15 маусым күні кеш­­ке Ұйғыр ауданындағы Шонжы ауыл­ында азаматтардың арасында жанжал шыққан. Жанжал соңы төбелеске ұласып,  бұзақылар бір-біріне пышақ ала жүгірген. Сөйтіп, 5 адамға пыш­ақ тиіп, жараланып қалған. Бұл оқиға кейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде  та­рап, төңіректегі жұртқа һәм тұтас респуб­лика халқына қазақ пен ұйғыр  ұлттарының арасындағы қақтығыс тәр­­із­­ді сипатта жетті. Көптеген  азаматтар  әлеуметтік желілерде ашу-ызаларын білдіріп жатты. Бір жақсысы  оқиғаға облыс басшылары дер кезінде назар аударып,  Алматы облысы әкімі Амандық Баталов 17 маусымда Ұйғыр ауданы тұрғындарымен кездесу  өткізді. Жиында облыс әкімі мәселені ұлтаралық қақтығыс ретінде  бағаламауға шақырды. «Ақсақалдар мұны ұлтаралық қақтығыс деп санамауды, қатардағы бұзақылық деп есептеуді сұрады. Бұдан бөлек, жиын барысында кейбір азаматтар аудан атын өзгерту және аудан орталығының атын өзгерту туралы мәселе көтерді. Облыс әкімі жиында көтерілген мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, артынша тиісті шешім қабылданатынын халыққа жеткізді. Қазір ауданда жағдай тұрақты. Біз әлі осындамыз. Жұмыс жоспары бойынша аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдаймыз», – деді ол. Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірованың  мәліметіне  қарағанда,  жараланғандардың бірқатары ем-дом алып жатыр екен. Әрі олардың денсаулығына қауіп жоқ деседі.  

«Жол бермеу» сылтауы тағы қайталанды

Бұрын «Әліппеде» Сәбит Дөнен­таевтың екі теке туралы мыс­ал өлеңінің желісімен жазылған әңгімеден үзінді берілетін. Онда тар көпірде кездескен екі текенің бір-біріне жол бермей, сүзісе кетіп, ақыр соңында суға құлағаны айтылады.  Бұл – қарапайым ғана мысал. Алайда  бұл мысал кез келген қылмыстың этносаралық қатынас­тардың «дәрі құтысына» от қоятын пілтеге ұқсайтыны таңғалдырады. Өткен ақпан айында Жамбыл облысы Қордай ауданында болған  дүрбелеңге де кәдімгі жол себеп болған. Осы жолы да бір-біріне жол бермеген  жастар төбелесіпті. Кәдімгі екі теке мыс­ал­ындағыдай. Алайда біздің пайым­дауымызша, жолға таласу жай ғана сылтау тәрізді. Әрі  гибридті күрес тәсілдері арқылы елдің ішін бүлдіруді көздейтін  күштердің бұқараны дүрлік­­тіруге бағытталған тәсілдерінің  өзгергенін  көрсететін тәрізді. Бұрын, дәлірек айтқанда 2010 жылдарға дейін  еліміздегі түрлі этнос  өкілдерінің арасындағы азды-көпті  ренішке  нақты қылмыс себеп болатын. Қыз зорлау, балаға жәбір көрсету,  ұрлық-қарлық тәрізді қылмыстардың салдарынан бірқатар аймақтарда жергіл­ікті тұрғындар ренжіскен. Ал соңғы оқиғалар  бұдан былай  қазақ қоғамын дүрліктіру үшін ауыр қылмыстардың жасалуын күтудің қажеті жоқ екенін  байқатады. Яғни, арандатушы күштер үшін  желіккен жастардың қолтығына су бүркудің өзі жетіп жатыр. Әрине, бұл жерде арандатушы күштердің кім екенін  дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен ресми мәліметте  арандатушы күштердің  болуы мүмкін екені айтылады. Олар  экстремистер де, сепаратистер де, кейбір мемлекеттердің сыртқы барлау немесе арнайы күштері де болуы мүмкін. Тіпті,  аймақтарда өзіндік бизнес мүддесі бар топтар да,  есірткі саудасымен айналысатындар да  жастарды түрлі мақсатта пайдаланып, арандатуы әбден ықтимал. Әйтпесе,  кәдімгі қара жолда бір-бірін өткізбеудің кесірінен 4 айдың ішінде  қоғамды үрейлендіретін екі оқиға тіркелмес еді. Біздің  арандатушылардың қарапайым тәсілге көшкенін  тұспалдауымыздың сыры –  осы. Екіншіден, Шонжыдағы төбелеске этносаралық қақтығыс  сипатын кәдімгі хайп қуғандар, әлеуметтік желілерде «батыр»  болып көрінгісі келетіндер берген болса,  бұл – қатерлі қадам. Бәлкім, мұндай мақсат көздейтіндер өздерінің билікке деген  өкпе-ренішін осындай кездерде білдіріп қалуды көздейтін шығар. Иә, мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, саяси һәм  ұлтаралық саясатына іштей наразы болып жүретіндер ел ішінде көп. Алайда кез  келген мәселені  билікке қарсы құрал ретінде  көрсету,  әкімдерге, саясаткерлерге  деген ренішті таразының бір басына, елдің қауіпсіздігін келесі басына тарту тиімді  тәсіл емес. Қазіргі кезде  қауіпсіздік  мәселесі  өзекті болып тұрғанда, мұндай  алаңғасарлық жасамасақ керек еді. Бір ғана коронавирус пандемиясының өзі  тіземізді  дірілдетіп  тұрған кезде оған этносаралық жанжалды қосу абырой әпермейді. Сол себепті тиісті құрылымдар мәселенің ақ-қарасын ажыратады деген сенім бар.  

Жер-су атауларына мұқият болатын кез келді

Қоғамдағы әлеуметтік наразы көңіл күйдің  өршуі  жер-су, көше атау­ларына мұқият  болатын уақыттың келгенін байқатты.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  бұрыштамасы соғылған хат арқылы  осыдан бірнеше жыл бұрын  теріскейдегі бірқатар елді мекендердің, көшелердің атаулары ауыстырылған еді. Ендігі кезек Ұйғыр ауданына да келген сыңайлы.  Әрине, мәселе тікелей аудан атауында тұрған жоқ. Алайда  бұл атау  қазақ ұлты өкілдері үшін «көзге шыққан сүйелдей» көрінетіні рас. Жер-су атауларын өзгерткен жағдайда  қатардағы  тұрмыстық мәселенің бұдай кейін ешқашан  этносаралық сипат алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сыныққа сылтау іздеушілер үшін себеп қашан да табыла бермек. Сондықтан ұлтаралық татулықты сақтауға бағытталған қадамдармен қатар, жанжалға себеп болуы  ықти­­мал кез келген мәселені дер кезінде анықтап, алдын алып отыру әлдеқайда пайдалы іс. Рас, еліміздің ішкі саясатында олқылықтар аз емес. Дегенмен аудан атауын өзгертудің қажет екені көптен бері айтылып келеді. Бәлкім, уақыты жеткен де  болар. Енді кешіктіре берудің қажеті жоқ.  Бірақ  жазушы Марат Тоқашбаев «Жалпы, ұйғыр халқына жаппай қара бояу жағуға болмайды. Олар да өзінше бір халық, туыс халық, түркі халқы, мұсылман халқы. Негізгі мекені қазіргі Қытай жерінде. Ұйғыр халқының еңбекқорлығы мен мәдениетіне, тілі мен дәстүріне құрметіміз үлкен. Бірқатар ұйғыр қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударуға атсалысқаннан болар ұйғырша да тәп-тәуір сөйлей аламын. Бірақ әр нәрсенің ақиқаты болады. Жетісуды ХVІІІ ғасырда қалмақ пен жоңғар басқыншыларынан тазартқан азаттық соғыстарына бірде-бір ұйғыр қатысқан емес. Бірде-бір ұйғырдың қаны төгілген емес. Қазіргі Ұйғыр ауданы Абылай хан, Албан Райымбек, Шанышқылы Бердіқожа батыр қолдары азат еткен қазақ жерінің ұлтарақтай бір бөлігі. Ежелгі аты – Қарадала» деп жазды.  Ал Алматы облысының  әкімі Амандық Баталов  аудан тұрғындарымен кездескенде  атауды өзгерту мәселесін  жоғарыға жеткізуге уәде берді. Кездесу кезінде әкім жергілікті тұрғындардың  Шонжыдағы төбелесті емес, аудан атауын өзгертуге көбірек мән бергенін айтты. Шамасы,  жергілікті тұрғындар  төбелестің алғышартының бірі ретінде аудан атауын  көретін тәрізді. Елдегі жастар саясат, идеология, ішкі саяст мәселелері,  жемқорлықпен күрес,  кәсіпкерлікті қолдау,  ақпараттық және киберқауіпсіздік  тәрізді сансыз  мәселелердің  кез келген оқиғаға тікелей және жанама түрде ықпал ететінін ескергендер аз.   Түйін:

Біз білетін деректерге қарағанда төбелеске қатысып, бір-біріне пышақ ала жүгіргендердің үстінен «бұзақылық» бабы  бойынша іс қозғалмақ екен. Иә,  көшеде төбелесу кәдімгі бұзақылық. Тек қазақ пен қазақ төбелескенін бұзақылық деп қана қарайтын жұрт  төбелесуші жақтың біреуі өзге этнос өкілі болса,  «этносаралық жанжал» деп өре түрегеледі. Сөйтіп,  тұрмыстық  кикілжіңге этникалық ұрандар қосып жібереді. Ал  мұның соңы жақсы емес. Әрі біз кейде ірілік таныта алмай қалатын тәріздіміз.

 

Ардақ СҰЛТАН