Жазушыларға арналған жаңа жоба
Жазушыларға арналған жаңа жоба

Бұдан былай қолына қалам ұстаған әрбір қаламгер жеке веб-сайтын тегін аша алады. Ұлттық мемлекеттік Кі­­тап палатасы «Цифрлы Қазақстан» бағ­­дарламасы аясында қолға алып отыр­ған бұл жоба «Ақпараттық-техно­ло­гия­лық орталығы» қоғамдық қоры­мен бір­лесіп жүзеге асырылмақ. Жоба не­гізінен қаламгерлердің шығарма­ла­рын бір жерге жинақтап, олардың бір­текті электронды базасын құруды, олар­­дың оқырманмен, шетелдік жазу­шы­лармен байланысын дамытуды көздейді.

Ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осы жобаның болаша­ғына сенім білдіре отырып, кезінде өзі­нің жеке сайтын миллионнан астам ақшаға жасатқанын айтып, тегін жасалған сайттарды иеленген қалам­гер­лерге қызығып қалғанын әзіл ара­лас­тыра жеткізді. Академик Сейіт Қас­қабасов Smart qalamger жобасына жарқын болашақ тілеп, батасын берді.

Бұл жоба мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. «Ақпараттық-технологиялық орталығы» – қоғамдық қор болғандықтан, Кітап палатасының электронды базасын жасауда серіктесіп жұмыс істеу үшін дайындалған жоба. Яғни, әр жазушы жеке сайтын өз контентімен толтырып, шығармашы­лығын ғаламторда қалың оқырманға ұсына алады. Қазіргі заман талабына сай жазушыларымыз оқырманмен тікелей жұмыс істеуі қажет. Бұрынғы «мемлекет шығарманы сатып алсын, ақша төлесін» деген масылдық психо­логиядан арылуды көздейді. Сапалы шығарма онсыз да жерде жатпайтын болған заман туды. Жазушы өз шы­ғармасын өзі ғаламторда да сатып үй­ренгені жөн. Алайда бұл – біздің қо­ғам­да біртіндеп жүзеге асуға тиіс құбылыс.

Жаһандану дәуірінде еліміз бәсе­кеге қабілетті, дамыған елдер қата­рын­да болуы үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының маңызы зор екені баршаға мәлім. Жазушыларға жаңа заманның, уақыттың талабына сай болуға мүмкіндік беретін Smart qalamger жобасы жазушылар тарапынан үлкен қолдауға ие болып келеді.

 

Ақбота ӘЛІМ