Марапат төтенше жағдай режимінде облыстың мұқтаж тұрғындарына көмектескен «Jas Otan» Жастар қанатының, Saryarqa Jastary штабының волонтерлері мен «Nur Otan» партиясы филиалдарының қызметкерлеріне табыс етілді. BizBirgemiz республикалық қайырымдылық акциясы аясында өңірде 12 500 отбасы 200 млн теңгеден астам көмек алды. – Еріктілер, дәрігерлер, полицейлер, әскери қызметшілер және коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрғандардың барлығы осы күрделі кезеңнің қаһармандарына айналдыңыздар. Мәдениет және спорт қайраткерлері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер, өз туыстарын ғана емес, көршілерін де, жалғызбасты қарттарды да, көпбалалы отбасыларын да қамқорлыққа алған адамдарға қолұшын беруге үлкен үлес қосты. Біз қайырымды істер, азаматтық жауапкершілік пен нағыз адами іс-әрекеттер барлығы үшін үлгі болғанын қалаймыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Облыстық штабтың еріктілері Теміртау қаласындағы орталық аурухананың қолдауымен Қарағандыға бір ай бойы 8 жастағы баланы тасымалдап, анасымен қауыштырды. Еріктілер мен демеушілер үш баласымен далада қалған отбасына үй тауып орналастырды. Оны жиһазбен, техникамен жабдықтап, Білім беру басқармасымен бірлесіп балаларды қашықтан оқыту үшін жағдай жасап, интернет қосып, дербес компьютер орнатып берді. Saryarqa Jastary штабының еріктісі Сымбат Әубәкірова бес жыл бойы адамдарға риясыз көмек көрсетіп келеді. Бұл – Сымбаттың өмірлік мақсаты. – Осы қиын кезде біз қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткіздік. Демеушілеріміздің арқасында көптеген мұқтаж қарағандылық тегін азық-түлік себетін алды. Мен осы игі ісімді әрі қарай да жалғастырамын. Жақсы істер үшін жас шектеуі жоқ, – деді Сымбат. Елбасының алғысхатына Қарағанды, Саран, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Приозерск, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандарындағы жанашыр жандар ие болды. – Сіздер үшін еріктілік қызмет атқару– қоғам игілігі үшін жасалып жатқан күнделікті жұмыс. Мен сіздерге осы жалынды талпыныстарыңызды сақтап қалуды, жан-дүниенің тамаша ынтасын жоғалтпай, шабыт пен жігерді басқаларға көмектесу үшін жұмсауларыңызды тілеймін. Ал біз сіздерді қолдайтын боламыз, – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. Төтенше жағдай режимінде көмекке мұқтаж жандарды қолдайтын орталықтың қажеттілігі білінді. Осыған орай, қалада облыстық еріктілерді қолдау орталығы ашылды. Ол осы ұйымдардың жұмысын үйлестіретін алаңға айналуы тиіс. – Орталықтың негізгі міндеті – еріктілерді волонтерлік қызметке тарту, еріктілердің тиімді топтарын құру және қолдау, аймақтағы еріктілік институтын дамыту, облыс еріктілеріне кеңес беру және оқыту, – деді Қарағанды облысы бойынша Birgemiz: Asyl Mura жалпыұлттық жобасының үйлестірушісі Ақбота Ақмамбет.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы