Айта кетейік, орталық еліміздегі АИТВ жұқпасымен өмір сүретін 18 жасқа дейінгі балаларға, «В» және «С» созылмалы вирустық гепатиті бар балалар мен әйелдерге медициналық көмек көрсететін жалғыз ұйым. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге тәулік бойы стационарлық және амбулаторлық көмек көрсетіледі. Одан бөлек, орталықта АИТВ инфекциясы бар балаларға психологиялық көмек көрсетіліп, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, аурудың алдын алуға септігін тигізеді. Үшінші мегополисте қалалық емханалардағы жүктемелерді азайту үшін «Менің емханам» атты көпсалалы клиника ашылып жатыр. Осы медициналық мекемеде келешекте кардиолог, невролог, хирург, эндокринолог, ЛОР, офтальмолог сияқты мамандар көптеп тартылып, электрокардиография, ультрадыбыстық зерттеулер, флюорография сияқты аспаптық зерттеулер жүргізілетін болады деп жоспарлануда. Сондай-ақ скринингтік тексерулер мен мақсатты топтарды диспансерлеуді, иммундауды, СӨС қалыптастыру мен насихаттауды, отбасын жоспарлауды, жүкті және балаларды патронаждауды, әлеуметтік-психологиялық кеңес беруді ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырмақ.
Н. НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы