Алматы ипподромында 100-ден аса таза қанды жылқылар сынақтан өтіп жатыр. Бәйгеден оза шабатын тұлпарларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Айта кететін жайт, мұндай шара елімізде 1996 жылдан кейін енді өтіп тұр.
Кеңес кезінде, яғни 30-жылдардан бастап ипподромдағы аттарды аттестациядан өткізіп тұру дәстүрге айналған. Мұны мамандар классикалық ат жарысы деп те атайды. Бұл жерде жүйрік жануармен қоса, аттың құлағында ойнайтын, жылқы табиғатын түсінетін жандар да бақ сынайды.
Шараның ерекшелігі – шабандоздар мен бапкерлерге және төрешілерге арнайы атақ пен біліктілік дәрежесі берілді. Классикалық ат жарысында 40-қа жуық жылқы жанашырлары осындай мәртебеге ие болып, қуанышқа кенелді. Соның бірі – 60 жастағы Турганжан Юлдашев. Атадан қалған асыл өнерді серік еткен ол сайыста «Шебер шабандоз» атанды. Бүгінде жастарды ат спортына баулып жүр. Оның ішінде өзінің ұлы да бар. Ат спортының жанашыры саладағы мәселелер жайлы ой бөлісті.