Алматыда шабандоздар мектебі ашылмақ
Алматыда шабандоздар мектебі ашылмақ
230
оқылды
Ат баптау өнерін атадан балаға мұра ету маңызды. Бір өкініштісі, қазір аттың құлағында ойнайтын жастардың көптігімен мақтана алмаймыз. Енді ат спортын жақсы көретін жанашыр азаматтар осы олқылықтың орнын толтырмақ ниетте. Олар  Алматыдан шабандоздар  мектебін ашуға күш салып жатыр. Осы істің басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, мектепте елімізбен қоса, ат спортына қызығатын шетелдік азаматтар да білім ала алады. «Республикалық зауыт жылқылары тұқымы палатасы» директоры Талғат Жайсаңбаев игі істі жүзеге асыруға демеушілер тартылғанын қалайды. Өйткені ат спортының қыр-сырын үйрететін ұстазды шетелден шақыртып жатыр екен. –Мектепті қыркүйек айында ашуды жоспарлап отырмыз. Бізде ат спортына қызығатын дарынды, епті жастар бар. Оларға кәсіби түрде білім беруді бір жүйеге келтіру керек. Балалар бұл жерден атты күтіп-баптауды, ат жарыстарына қатысуды үйреніп, шабандоздық шеберлігін шыңдайды.  Оқу ғимаратын Алматы ипподромы беріп жатыр. Мұндағы басты мәселе – қажетті құрал-жабдықтар болып тұр. Оларды да шетелден алдыртып жатырмыз, сапалы, соған сәйкес бағасы да қымбат. Қазір осы жұмыс бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ұстазды Англиядан шақырып жатырмыз. Өйткені бізде маман тапшы, – дейді Талғат Жайсаңбаев. Ойдағы жоспар сәтті жүзеге асса, шабандоздар мектебі жеңілдікпен және коммерциялық бағытта білім беретін болады.                                                                                                                       Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ