Ерендік

Ерендік

Солай. Дәл со­­лай. Сексеннің сеңгір шыңы­­на көтерілгенше небір от пен судан өткен адамның, жас­тайынан ауыл баласының ауыр еңбегімен, кейіннен мың градустық мартенмен шынық­қан, бара-бара біресе заман тос­қан, біресе қоғам тосқан, бі­ресе адам тосқан сан түрлі сы­нақтарды көре-көре, қарлы Қаратаудай қаптаған қиын­дық­тарды бірінен кейін бірін жеңе-жеңе осы биікке жеткен адамның мықты рухы, мықты ден­саулығы мұндай-мұн­дай­ға бой бермейтінін білеміз. Осындай күндерде Елбасының елі­не еткен еңбегінің бірер қырын ғана еске алсақ та, мұның бәрі ең ал­дымен рухтың мықтылығынан екен­ін көреміз. Тарихта есеміз кеткен ел едік. Осыдан 35 жыл бұрын ғана рес­пуб­ли­­камызға кадрлық эксперимент жа­сала алатын еді, топырағымызға та­баны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны бізді басқаруға жібере са­латын еді. Бағымызға қарай Тәуел­сіздік келді. Ел басына елін сүй­ген ер келді. Тарихта жеке тұл­ғаның алар орны қомақтылығына көз жетті. Нұрсұлтан Назарбаев әл­гіндей елдің етектегі басын төрге шығарып берді. Қоғамды бір фор­мациядан бір формацияға ауыс­тырып берді. Экономиканы жос­пардан нарыққа көшіріп берді. Ха­лықтың санасын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипатын жаңартып берді. Елдің рухын көтерді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жылдардағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты. Тыныштықты, тату­лықты сақтап қалды. Әлемде бұ­рын болып көрмеген саяси инсти­тут – Қазақстан халқы Ассамблея­сын құрды. Елдің кемшілігі сана­лып келген көпэтностылықты ел­дің артықшылығына айнал­дыр­ды. Ассамблея жайында көп жаз­ған журналист ретінде, Пар­ла­мент­ке Ассамблеядан сайланған де­путат ретінде де, Мәжілістегі Қа­зақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі ре­тінде де біз мұны анық айта ала­мыз. Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Н.Назарбаевтың басшы­лы­ғы­мен біз алдымен үй болдық. Мем­ле­кет құра алдық, ел болып тұра алдық, мығым мемлекет ретінде құралдық. Одан кейін би түсетін үй болдық. Бізге бағыты орнықты мемлекет ретінде, ішкі-сыртқы саясаты салиқалы, әлемге әйгілі ел ретінде дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар ағыла бастады. Одан кейін біз өзіміз де би болдық. Еу­ропаның 56 елінің басын бірік­ті­ретін ұйымға төрағалық еттік. Сол ұйымның 11 жылдан бері ша­қы­рылмай жүрген саммитін ша­қы­рып, өткізіп бердік. Одан кейінгі тағы бір ірі жетістігіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіп­сіздік Кеңе­сіне тұрақты емес мү­ше болуы­мыз. Қауіпсіздік Кеңе­сінде әлем­нің ең беделді ұйымы­ның ең бе­делді құрылымына төра­ғалық еттік. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назарбаев фе­номені Батыс пен Шығыс мә­дениетінің тоғысқан жерінде, жос­пар мен нарықтың түйіскен тұ­сын­да, социализм мен капитализмнің ұштасқан жерінде, Шығыс ойшыл­дығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» деп айт­қаны бар. Дәл анықтама. Хал­қымыздың өз ортасынан шыққан, қазақы тәрбие көрген, туған тілінің тұнығына қанған, жас күнінен көпұлтты ортада өскен, өзін өмір бойы қамшылап, барлық тұрғыдан өскен, барлық сатылардан өткен Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдегі сирек саңлақ саясаткердің бірі. Н.Назарбаев ел басқарған тұстағы оны­мен қатарлас тұлғалардың ішін­де ешқайсысы да екі мәде­ниеттің ықпалын бірдей сезінген жоқ, экономиканың бір-бірінен ал­шақ жатқан екі түрінде, от пен судай саналып келген екі қоғамдық жүйеде бірдей жұмыс істеп көрген жоқ, ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде басшылық қызметте бол­ған жоқ, ешқайсысы да ол көрген қо­ғамдық катаклизмдерді көрген жоқ, ешқайсысы да жаңарған мем­ле­кетті өз қолымен құрып көрген жоқ, осындай биікке өзі жеткізіп көрген жоқ. Тарихта жеке тұлға қандай орын алатынын біз елдің басты бай­­тағының орнын таңдаудан да тани алдық. Астана ауыстыру идея­сының жеке-дара авторы да, сол идеяны жүзеге асырушы да – Н.Назарбаев. Елбасы елорданы Арқа төріне алып келу арқылы гео­саясатта да, экономикада да ерек­ше мәнді мәселелерді шешіп берді. Ұлт тарихының атымен жаңа па­рағын ашып берді. Ел иесі, жер киесі түпкілікті анықталды. Ел­ба­сымыз осы шешімімен хал­қы­ның рухын көтерді. Өзіне сенім арт­тырды. Мықты мемлекет құра ала­тынымызға көзімізді жеткізді. Қа­заққа ежелден тән рух асқақ­тығы қайта оралды. Даланың кең­дігіне сай ой еркіндігі қайта келді. Астана ауыстыру Қазақстанның гео­саяси ұстанымдарын орнық­тыра түсті. Бас қаланы орталыққа жа­қындату арқылы елдің қауіп­сіздігі күшейтілді. Қасиетті қазақ жерінің қиыр-қиырын саудаға салғысы келіп баққан сол тұстағы саясаткерсымақтардың көмейіне біржола құм құйылды. Аса ірі жалпыұлттық мақсат ойдағыдай орын­далды. Жаңа дәуір – Тәуел­сіз­дік дәуірі біз үшін іс жүзінде жаңа елорда таңдаудан, Астана қа­ласын салудан басталды. Астана салынғанға дейінгі қазақ пен Ас­та­на салынғаннан кейінгі қазақтың айырмасы едәуір. Оған дейінгі қазақ кемінде кейінгі үш ғасыр бойында рухы жаншылған, еңсесі езіл­ген қазақ, одан кейінгі қазақ бойын тіктеген, ойын бүкпеген, қо­лынан ірі істер келеріне еркін сен­ген, алдағы асуларға бекінген қа­зақ. Бұл арқылы Елбасымыз біз­дің бәріміздің ойымыздағыны бол­дырды. Ерке Есілдің бойына ел қон­дырды. Арқа төсін халқымыз­бен толтырды. Қазақ өз жеріне нық­тап орнықты. Бір ғана осы ең­бегінің өзі Назарбаевтың есімін ел­дік шежіренің төріне жаздырта алар еді. Қазақтың дүниеге танымал ұлт болуы, мемлекетіміздің алыс та, жа­қын да, Батыс та, Шығыс та мойын­дайтын, құрметтейтін елге ай­налуы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен жүзеге асырыл­ғанын біз де ұмытпаймыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақ­тағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Бере де бастады. Н.Назарбаевтың биліктің биі­гінде тұрған шағында мемлекет тіз­гінін өз бастамасымен, өз қо­лы­мен өткізуі, ел басқарудың эста­фе­тасын өзі баулып өсірген, ұзақ жыл­дар бойы сан түрлі биік лауа­зымды қызметтерде сыналған, шың­далған, министрлікті де, Үкі­метті де басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынба­сары деңгейіне дейін жетіп, әлемге танылған, әбден сенімді адамға тап­сыруы да болашақтағы саясат­керлер талай талдайтын терең мән­ді қадам болды. Елбасының ерен­дігіне тағы бір даусыз дәлел – осы. Ерен күрескер бұл сынақтан да сү­рінбей шығады. Құдай қуат берсін!  

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі