Марапатты облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев табыс етті. Ол марапаттау барысында облыс тұрғындарын Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл толуымен құттықтады. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Nur Otan» партиясының үйлестіруімен елімізде BizBirgemiz акциясы қолға алынды. Акция Түркістан облысында жоғары деңгейде өтіп жатыр. Игі істі жүзеге асыруда ерікті жастарымыз елге көмектесті. Карантинде де жұмыс істедіңіздер. Еңбектеріңізді Елбасы бағалап отыр. Отаншыл, мемлекетшіл азаматтар өздеріңіздей жалынды жастардың арасынан шығады, – деп атап өткен өңір басшысы жастардың елге деген жанашырлығын жоғары бағалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Өңірдегі еріктілер сенімді ақтап жүр. Осы орайда BizBirgemiz акциясын жүзеге асыруға көмектескен Түркістан облысы «Jas Otan» Жастар қанатының 138 еріктісі де Елбасының алғысхатымен марапатталды. Салтанатты шарада облыстық «Жастар ресурстық» орталығының директоры Амалбек Өміртай өңір басшысына жастар атынан волонтерлердің бас киімін тапсырды. Облыстағы 40 мыңнан астам әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмекті үлестіруге 600-ден астам қоғам белсендісі, еріктілер атсалысты. COVID-19 дертіне қарсы күресті күшейту және мұқтаж отбасыларға көмектесу мақсатында Елбасы бастамасымен Birgemiz республикалық қоры құрылды. Бұл қорға «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Президент қоры, депутаттар, меценаттар, кәсіпкерлер қаржы бөлді. Белсенді азаматтардың қолдауының арқасында еліміздің барлық аймағындағы жалғызбасты қарттарға, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және өзге де азаматтарға көмек көрсетілді. Аталған қор арқылы 470 мыңнан астам отбасына 50 мың теңгеден аударылған. Түркістан облысында 40 мыңнан астам отбасыға азық-түлік берілсе, Түркістан мен Кентау қаласындағы 17 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды. BizBirgemiz акциясы арқылы жәрдем көрсету белсенділігі мен отбасыларды қамту көрсеткіші бойынша «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы республикада екінші орынды иемденіп отыр. «Jas Otan» Жастар қанаты бүкіл ел бойынша 5 мыңнан астам волонтерді жұмылдырып, 268 мыңдай отбасыға азық-түлік себеттерін, бетперде мен ең қажетті заттарды жеткізіп берді. 100 мың отбасыға 5 миллион тегін бетперде үлестірілді. Бүгінде Birgemiz қоры есебінен Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен Достық ауылының тұрғындары үшін 20 жаңа үйлер құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған 340 млн теңге бөлінді. Жалпы, төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап партиялықтар еліміздің барлық өңірінен Түркістан облысына азық-түлік, киім-кешек, құрылыс материалдары мен жеке гигиена құралдарын жіберді. Түркістан облысында төтенше жағдайға байланысты «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры жұмыс істеп тұр. Мұқтаж жандарды қолдауға бағытталған BizBirgemiz акциясына партия филиалдары, аудан, қала әкімдері, жасотандықтар, партия фракциясының мүшелері, ерікті жастар және кәсіпкерлер мен депутаттар да атсалысты.
Тельман БЕЙСЕН