Салтанатты жиында облыс әкімі Маңғыстау облысы бойынша науқанға 100-ге тарта ерікті атсалысып, 6 мыңға жуық отбасыға адрестік көмек көрсетілгенін ерекше атап өтті. Республикалық Birgemiz қорынан өңірлік Birgemiz – Mangystau қорына барлығы 979 млн 100 мың теңге бөлініп, барлығы 19 582 мұқтаж жанға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Бүгінгі таңда өңірлік Birgemiz – Mangystau қорына барлығы 120 650 000 теңге көлемінде қаражат бөлініп, 4 санат бойынша 2 413 адамның тізімі жасақталуда. Сонымен қоса, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдайға байланысты зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіп, қолдау білдіру мақсатында Маңғыстау облысынан 77,5 тоннаға жуық гуманитарлық жүк түркістандықтарға жөнелтілді. – Осы күрделі кезеңде облыс бойынша 300-ден аса волонтер бір кісідей еңбек етті. Волонтерлеріміздің бұл еңбегі көпке үлгі бола білді. Ерікті жастардың игілікті ісіне ризашылығын білдірген Елбасымыз арнайы алғысхаттарға қол қойып, өңірлердегі волонтерлерге жолдаған болатын. Бұл ретте 2019 жылды Нұрсұлтан Әбішұлы «Жастар жылы» деп атаса, ал 2020 жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Волонтер жылы» деп жариялауы символдық мәнге ие болды. Сіздер өз отаншылдықтарыңызды, азаматтық пен жанашырлықтарыңызды таныта отырып, бүкіл өңір жастарына үлгі көрсеттіңіздер. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қасиетті сөз бар. Осы істеріңізге өңір басшысы ретінде алғыс айта отырып, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Елдің дамуына жастық жігерлеріңізді жұмсап, өз үлестеріңізді алда да қоса беріңіздер. Бүгін сол волонтерлердің бір тобына Елбасының алғысхатын салтанатты түрде тапсырамын, – дей келе, облыс әкімі Серікбай Трұмов 10 волонтерді арнайы марапаттады.
Әбілмансұр ЖАСАН