Науқас көп, орын жоқ
Науқас көп, орын жоқ
156
оқылды
Елдегі бүгінгі ахуал алаң­датарлықтай. Күн өткен сайын жұқпалы дертті жұқтырғандар саны молайып келеді. Ал емдеуші дәрігерлер мен орын­дар саны шектеулі. Жаны қиналған сәтте науқас қайда, кімге барып емделеді? Нұр-Сұлтан қалалық Ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова күні кеше: «дәрігерлер мен орындар барлығына бірдей жетпейді» деген еді. Қисықованың айтуынша, 17 маусымдағы жағдай бойынша елорданың ауруханаларында 1 711 адам жатыр, бұл төсек орнының 90 пайызы. Олардың 80-і – реани­мацияда. Өкпені жасанды жел­детуге қосылған науқастар саны 4 есе өскен.
«Егер қала тұрғындары нем­құрайлық танытса, дәрігерлер мен төсек-орындар жеткіліксіз болады. Қалалық медицина ұйым­дарында 3,5 мың дәрігер және 8 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Қаладағы халық саны 1 миллион 200 мың адам. Санитарлық нормалардың сақталмауы салдарынан жаппай індет тараған жағдайда, бәріне дер кезінде көмек көрсетілмейді. Егер бұрын бізде бір ғана зертхана болса, қазір қалада күніне 5 мыңға дейін тест өткізетін 8 зертхана бар. 17 маусымға шамамен 170 мың тест өткізілді, қазір 40 мыңнан астам тест қолжетімді. Зертханаға жүктеме көп түсуде. Тек симптомдары бар және жақын байланысы бар адамдар тест тапсыруы керек. Тест­тің жетіспеушілігіне және нәтижелерді жедел өңдеуге жол бермеу үшін, басқаның барлы­ғына тест тапсырудың қажеті жоқ. Зертхананың 20-дан астам қыз­меткері індет жұқтырды. Олар күндіз-түні, тәулік бойы жұмыс істейді. Олар да адамдар, робот емес. Олар әрқашан вирус оша­ғында жүр», – дейді Қисықова.
 

Алматыда жағдай тұрақталмай тұр

Алматыда да ахуал тұрақты емес. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Камалжан Надыровтың айтуынша, қаладағы коронавирусқа байланысты ахуал күрделі көрінеді. Күн сайын қа­лалық ауруханаларға жүздеген науқас келіп түседі. Ол өзінің Facebook парақша­сында: «Қалада жағдай шынымен күрделі. Денсаулық сақтау жүйе­сінің ресурсы шексіз емес. Ден­саулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі бізден ондаған есе көп дамыған елдерде де ресурстар жетіспей жатыр. Науқастар саны көбейіп, кейінгі күндері қалалық клиникаға күніне жүзден астам пациент түсіп жатыр» деп жазады. Қалалық басқарма басшы­сының айтуына қарағанда, ауру­ханаларда орта есеппен алғанда 200-300 орын бар. Ал бұрын орын нау­қастарды жатқызуға аздық етеді. Қазір Алматыда корона­вирус жұқтырғандарды емдейтін он емхана бар екен. Онда 1 300-ден астам науқас емделіп жатыр. Барлық емханаға бірдей COVID-19 жұқтырғандарды жатқыза бермейді. Сонда не іс­темек керек? Надыров бар­лық ем­хананы коронавирус жұқтыр­ғандарды емдейтін орынға айнал­дыруға болмайтынын айтады. Оның сөзінің жаны бар: өзге ауру­мен ауыратын науқастар да меди­циналық көмекке зәру емес пе? Надыров: «Күн сайын қала бойынша 2 500-ден астам шұғыл шақырту болады. Өкінішке қа­рай, жағдайы орташа және ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызуға мәжбүрміз. Жедел жәр­дем қызметінде істейтін дәрігер­лерге салмақ түсіп тұр», – дейді. Соңғы деректер бойынша 3 217 адамнан коронавирус табылған. Жазылғандар саны – 2 128, 15 адам қайтыс болған. Алматы қаласы әкімі Бақыт­жан Сағынтаев: «Карантин шара­ларын босаңсыту – COVID-19-дың өршуіне әкеп соқты. Қала тұр­ғындарынан көшеде жүруін шектетуін сұраймыз. Әсіресе, қарт адамдардың үйде отырғаны абзал. Қаупі дендеп бара жатқан мына ауруды тұншықтыру өзі­мізге байланысты екенін естен шығармайық» деп жазды.   birys  

 Армениялықтарға да орын жетпей жатыр

Арменияда қауіпті індетке шалдыққандар саны 13 мыңнан асыпты. Бас-аяғы 3 миллионға жуық халқы бар мемлекет үшін өте үлкен көрсеткіш. Армениядағы 9 медициналық мекеме арнайы құралдармен жабдықталған екен. Мұнда дерт жұқтырғандарды емдеумен айналысып жатса да, айналдырған екі мың орын жеткіліксіз болып тұр. Бұл елде вирустың кеңінен етек жайғаны соншалық, науқастар аурухана кезегін күтіп жатып, көз жұмып кетеді. Мұнда қауіпті індеттен қаза тапқандар саны 200-ге жуықтаған. Армения премьер-министрі Никол Пашинян: «Біз корона­вирус­қа қарсы күреске барлық күші­мізді жұмылдырдық. Бірақ соның өзінде қазір ауруханалар лық толып, жаңа науқастарды қабыл­дай алмай жатыр. Тіпті, меди­циналық көмекті күтемін деп, кейбіреулер көз жұмады. Бұған қоса, екі науқас реанимация бөлімінде орын жетіспеу салдарынан қайтыс болды», – дейді. Тіпті, Арменияда білікті дәрі­герлер де тапшы көрінеді. Сол себепті де Денсаулық сақтау министрі Арсен Торосян өзге ауруханаларда­ғы мамандарды да осы індетті емдеуге шақырып отыр. Кейбір емханаларда дәл осы науқастарды қабылдауға қосымша орындар дайындалып жатыр екен. «Қазір науқастардың басым бөлігі ауыр, тіпті аса ауыр халде. Армения билігі елді қайтадан карантинге жабу мәселесін қарас­тырған. Бірақ оның экономикаға кері әсерін ескере отырып, қатаң шараларды қолға алған жоқ. Қала берді, адамдардың өзі көзқарасын өзгертіп, сақтық шараларын кү­шейтпей, бұл індетті жеңу мүмкін емес» дегенді айтып отыр.  

Инфекциялық аурухана салынса да...

Үш бірдей қалада BI Group компаниясы қысқа мерзім ішінде дайын бетондардан салып шыққан аурухана да аздық етіп жатқан секілді. Нұр-Сұлтандағы 200 адамға арналған заманауи инфекциялық орталықта осыдан бір ай бұрын 178 адам ем алып жатқан еді. Қазір Нұр-Сұлтанда 1 700-ден астам науқас ауруханада ем алып жатыр. Ал инфекциялық орталықтағы 200 орын кімге жетеді? Алматыда бір күнде 100-ден астам індет жұқтырғандар тіркелуде. Ақмола, Түркістан, Қарағанды, Павлодар облысында да орындар аз көрінеді. Түркістанда тұмау өршіп тұрғаны да аз айтылған жоқ. Соған қарамастан, сақтық шараларын ұстауды ұмытып кетіп жатыр. Франция медицина ғылымы­ның докторы Жанар Төребаева «Ана тілі» газетіне берген сұх­ба­тында: «Эпидемия кезінде дерт жұқтырған адамдар саны бір мезгілде күрт артса, бірде-бір мемлекет, тіпті медицинасы ең қуатты деген елдердің өзі жаппай тараған аурумен күресе алмайды. Науқастарды емдейтін аурухана орындары, дәрігерлер, дәрі-дәрмек жетпей қалады да, сансыз адам көз жұмады. Ал карантин тәртібін қатаң ұстап, халық үйінде отырса, науқастар саны бір мезгілде соншалықты көбеймейді. Дерт жұқтырған адамдарды бақылауда ұстап, жақсылап емдеуге мүмкіндік болады» деген еді. Армения секілді Тәжікстанда да дерт жұқтырғандар көбейіп, ауруханада орын жетпей жатқаны БАҚ беттерінде аз жазылған жоқ. Сондықтан әлем де бұл дерттің алдында қауқарсыз күй кешіп тұр. Елімізде дерт жұқтырған адамдар саны күрт артып барады. Науқастарды емдейтін аурухана орындары жетпей жатыр. Дәрі­герлер де тапшы. Мұндай қиын кезде карантин тәртібін қатаң ұстансақ ғана сақтана аламыз. Сақ болайықшы! Сақта­на­йықшы!  

Гүлзина БЕКТАС