Ұстаз да, кенші де бас иеді
Ұстаз да, кенші де бас иеді
140
оқылды
Әр іс талмауға, талпынуға, қажымауға жетелейтін сыңайлы. Болаттың қайнауда шынығатынындай, дәрігер де сан түрлі қиындықпен бетпе-бет келеді. Ақ халатты абзал жандарды күн сайын мадақтауға боларын білеміз. 21 маусым медицина қызметкерлері күні қарсаңында оларға ел атынан алғыс жаудырамыз. Біреудің жанына араша түсу үшін жүректі болу шарт. Әйтпесе, өлім мен өмір арасындағы жанта­ласты жаныңмен сезіне алмайсың. Олар сиқыршы сияқты. Қолынан келмейтіні жоқ дерсің. Үзілген үмітті қайта жалғап, дер кезінде кө­ңілді орнына түсіруді де біледі. Елжан Біртановтың наурыз айындағы мәлімдемесіне жүгінсек, елімізде 70 мың дәрігер мен 140 мың кіші медицина қызметкері бар. Сіз бен біз үйде отырып, әліп­тің артын баққанда аталғандар індет-майданында жүр. Сіз індетке қарсы қорғаныс киімінің қанша­лық ауыр екенін білесіз бе? Ме­дицина қызметкері Гүлзат Ержан­қызымен тілдескенімізде киімнің салмағы ауыр екенін, жүру біршама қиындық тудыратынын айтқан-ды. Ол күресте табандылық таны­тып жүрген әрбір әріптесіне алғыс айтады әрі соларға қарап өзін сабырлы болуға шақырады.
«Қорғаныс киімінің ауырлы­ғы сондай қимыл-қозғалысқа ыңғайсыз. Жүріп-тұруда біраз қи­наламыз. Сол киіммен еркін қи­мылдап, науқастарға қол ұшын созуға дайын тұратын әріптес­те­рімді көргенде қуанамын. Соларға қарап, ауырлықты елемеуге, кө­ңілімді басқа нәрсеге аударуға тырысамын. Сөйтіп жүргенде бә­рін ұмытып кетемін. Беттегі ме­дициналық бетперденің ізін, де­недегі ауырлықты сезбей қалатын сәт туады. Мұның бәрі алғыс біл­дірген жанды, дертінен айыққан науқасты көргенде ұмытылады. Сондықтан барша әріптестерімді медицина қызметкерлері күнімен құттықтаймын», – дейді Гүлзат Ержанқызы.
Иә, олардың жақсылыққа жа­ны құмар. Мұны біз әлем пан­де­мия құрығына ілінбей тұрғанда-ақ білеміз. Бірақ жанымыз көзі­мізге көрінгенде ғана денсаулық пен дәрігердің қадіріне жететін жаман әдетіміз бар. Десе де, қо­ғамда болып жатқан жағдай олар­дың қызметіне күмәнсіз адал еке­нін көрсетті. Жұрт үшін түн ұй­қы­сын төрт бөліп, жан аямай күресіп жүр. Індетпен күрес кезіндегі жағ­дай драма жанрындағы ең үздік фильм сценарийінен де асып түсті. Бұған төтенше жағдай кезінде көзіміз жетті. Үй-ішін, бала-ша­ғасын бірнеше ай бойы көрмей, сіз бен біздің амандығымыз үшін бел шеше жұмыс істеді. Ұйқы қысып қажыса да, бетіне респиратордың ізі түссе де, кеудесінде сағыныш оты маздаса да шегінген жоқ. Қоғамға «Біз сіз үшін жұмыста жүрміз. Сіз біз үшін үйде қалыңыз» деп басу айтты. Бірігіп, санитарлық талапты сақтасақ қана індеттің беті қайтатынын мәлімдеді. Ал дәрігердің отбасы жақыны қашан келер екен деп жол тосты. Мұны біз теледидардағы түрлі сю­жеттен көрдік. Ағайын-туыс әңгі­месінен естідік. Балалардың анасы мен әкесін сағынғанын жүзінен байқадық. Qazaqstan арнасы түсір­ген сюжеттің бірінде «Анашым, біз сізді сағындық. Қашан келесіз? Сабағымды оқып, айтқанды тың­дап жүрмін» дегенді естігенде ерік­сіз көзге жас келеді. Осы сөзді естіген ана жүрегінде тағат болсын ба?! Баласы осылай дегенде құстай ұшып жетер еді-ау. Бірақ ол – дәрігер. Елдің, ұлттың саулығына жауап беретін арда қызметтің иесі. Дәрігерді осынша қиындықты еңсере отырып, алға қарай жүре­тініне бола ақ халатты абзал жанға теңейтін болар. Жоғарыда індетті майданға теңегеніміз есіңізде болар. Демек, майдан даласын көзіңізге елес­тетіңіз. Алғы шепте жүргендердің алғашқы болып құрыққа түсетіні, соққы тиетіні белгілі. Сол сияқты медицина қызметкерлері корона­вирус жұқтырды. Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Лязат Ақтаеваның айтуын­ша, елімізде 1 904 медицина қыз­меткері вирус жұқтырған. Соның ішінде 30%-ы жұмыс барысында індетке іліккен. Олардың арасында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та бар. Әріптестерімен бірге індеттің бетін қайтаруға ат­салысқан министрдің жағдайына елі алаңдаулы. Вирус жұқтырған барша дәрігердің айығып, қыз­метіне оралғанын қалайды. Қызметке оралу демекші, ме­дицина қызметкері дерттен айық­қан соң, бірнеше күн оқшауланып, сауыққаны жұмысына қайта ора­лып жатыр. Олардың бойында «екінші мәрте вирус жұқтыру қаупі басым-ау» дейтін ойдың жоғына таңданасың. Қайта науқастың жағ­дайына, ауруханадағы ахуалға алаң­даулы екенін байқайсың. Осын­дайда Луций Сенеканың айтқаны еске түседі. «Жазылудың ең негізгі шартының бірі – жа­зылуға деген құлшыныстың бо­луы». Дәрігер алдымен дәтке қуат, науқас дертіне шипа болсам дейтін сыңайлы. Ибн Сина не деп еді? «Дәрі­гердің үш қаруы бар: сөз, өсімдік, пышақ». Әрине, медицина ғылы­мының білгірі сөзінің жаны бар. Алайда жаңа заман өлшемін ес­керсек, дәрігерге сөз, жүрек пен жігер қажет сияқты. Емдейтін дәрі де, құрал да жетіп артылады. Соны ерік-жігерімен меңгеріп, ауруды жүрегімен сезініп, сөзімен емдей­тін дәрігер санаулы. Қоғам осын­дай медицина қызметкерлерінің көп болғанын қалайды. Осы жолы мереке «Біздің сү­йікті дәрігер» фильміне ұқсайды. Анатолий Николаевичтің туған күн кешіне жиналатынындай биыл дәрігерлерге лебіз ерекше. Ұстаз да, кенші де, жоғары шенді қыз­мет­кер мен бала да дәрігердің өл­шеусіз еңбегін бағалайды. Сый-құрмет көрсетеді. Өйткені олардың қауіп­пен бетпе-бет келіп, адам өмірі үшін жанын салып жүргеніне куә. Төл мерекеңіз құтты болсын, біздің сүйікті дәрігер!  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ