Жер сілкіну неге жиіледі?
Жер сілкіну неге жиіледі?
586
оқылды
Алматы халқы алаңдаулы. Себебі соңғы күндері бірнеше рет жер сілкінді. «Сейсмо­логиялық тәжірибе-әдіс­темелік экспедициясы» ММ-нің сейсмикалық стан­салар желісінің хабарлауын­ша, 22 қаңтар күні 5.40-та жер сіл­кінген. Одан бұрын 17 қаң­тарда сағат 22.09-да тір­келген зілзала ошағы Алматы қала­сынан 368 шақырым жердегі Қытай аумағында орналасқан. 19 қаңтарда 19 сағат 30 ми­нутта болған жерасты дүмпуі 3-4 балл көлемінде сезілді. Бұл жолы жер сілкінісі көпші­лікке анық білінді. Одан бөлек, 20 қаң­тарда сағат 13.33-те, 21 қаң­тарда сағат 12.31-де жер сіл­кінісі тіркелген. Еліміздің оңтүстік-шығыс ай­мағы, оның ішінде Алматы сейс­микалық белсенділігі жоға­ры аумаққа жатады. Оны бұрын­нан білеміз. Аталған аумақта жылына 10-12 мыңнан астам түр­лі дәрежедегі жерасты дүмпуі тір­келеді екен. Одан да көптің хабары бар. Дегенмен соңғы күндері бол­ған бірнеше жер тербелісі елге кәдімгідей үрей тудырғаны рас. Оның үстіне, бір емес, бірнеше рет қатарынан болғаннан кейін көпшіліктің алаңдайтындай жөні бар. 1887 жылы болған Верный сілкінісінде зілзаладан қаланың жермен-жексен болғанын ел та­рихтан жақсы біледі. «Осы оқиғалардан кейін 110-120 жыл өтті. Сейсмологтар жер сілкінісінің қайталануын зерт­теген кезде сол аймақта күші сон­дай жер сілкінісі қанша уа­қыт­­тан соң қайталануы мүмкін еке­нін есептеуге болады. Біздің зерт­теу­іміз бойынша, Верный дең­гейіндегі жер сілкінісі 100-120 жыл­да қайталануы мүмкін. Ол кезде жерасты дүмпуінің маг­нитудасы 7 балл болған. Ал 8 маг­нитудалы жер сілкінісі сирек бо­лады. Оның қайталануы 150 жыл­дан асады. Алайда нақты болжам айту қиын», – дейді Сейсмология институтының зертхана мең­геру­шісі Алла Садықова.  

Зілзаланы болжау қиын

Бірнеше рет жойқын жер сіл­кі­нісін бастан өткізген елімізде осы саланы зерттеу 1920-жылдардан бастап қолға алынған. Өткен ғасырда түрлі зобалаңды басынан өткізген елімізде 1976 жылы ғана ғылыми-зерттеу институтын құ­руға мүмкіндік туды. Содан бері ға­лымдарымыз барынша алдың­ғы қатарлы елдердің әдістерін өз жеріміздің ерекшеліктеріне қа­рай бейімдеп қолданып келді. Дегенмен жер сілкінісін нақты болжауға қолбайлау көп екені жиі айтылады. Оны Алла Садықова да жоққа шығармайды. «Әлемде жер сілкінісіне болжам үш дең­гейде болады. Олар – 6-7 жылға жа­салатын ұзақ уақытты болжам, сосын 1-2 жылға жасалатын орта мерзімдік болжам, үшіншісі – ең қысқа мерзім 1 айға жасалатын болжам. Біз орта ұзақтықтағы болжам жасаумен айналысамыз. Жыл сайын өткен жылдың ма­териалдарын сараптай келе, ақ­пан айының басында осы жылға болжам жасаймыз. Біздің бақылау желілеріміз қысқа уақытқа бол­жам жасауға мүмкіндік бер­мейді. Желіміз көп болса, ғалым­дарымыздың құрамы артса, нақты болжам бере алар едік», – дейді ол. Соңғы жер сілкіністерінен кейін алматылықтарда «Darmen» қо­сымшасы неге хабардар етпеді?» деген сұрақ туды. «Darmen» мо­бильдік қосымшасы «халыққа жер сілкінді» деп қана хабар таратады. Бұл құрылғы жай жер тербелісін болжай алмайды. Қазіргі уақытта жүйе Алматы айналасында орна­ласқан датчиктермен біріктірілген. Мұндай құрылғы өте аз. «Darmen» мобильді қосымшасын жасау то­бының өкілі Владимир Кучкин «Бізде жылына 12 мыңға дейін жер сілкінісі тіркеледі. Смарт­фон­дарыңызға егер жер сілкінісі 6,1 балдық шамада болса ғана ес­керту келеді» деп жауап берді. Ра­сында да, бүкіл жерасты дүм­пулері жөнінде хабарлама жі­бере берсе, халық үреймен ғана өмір сүретін түрі бар. Бұл сөзді қолдаған Алла Садықова «Жапонияда әр үйде, әр мекемеде жер тербелістерінің белгілі бір амплитудасына жауап беретін датчиктер қойылған. Құрылғы дабыл қағып тұрады. Сол кезде екінші толқын келгенше шешім қабылдап үлгересіз. Ал «Darmen» жүйесін әбден дайын болған кезде ғана іске қосу қажет. Әйтпесе, қа­­­лада дүрбелең тудыруы мүмкін», – деді ол. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биофизикалық және сейсми­калық қызмет жетекшісі Виктор Инюшин «Караван» газетіне бер­ген сұхбатында сейсмикалық ахуал жайлы айта келіп, ғылым саласындағы басты мәселелерге тоқталады. Ол «Бүгінгі таңда жағ­дай алаңдайтындай. Ғалымдар осыдан екі жыл бұрын Алматы маңайында сейсмикалық белсен­ділік артатыны жайлы айтқан. Бол­жамымыз айна-қатесіз дәл келіп тұр, – дейді. Инюшкин негізі жоғары сейсмикалық белсенділік біздің елімізде ғана емес, бүкіл жер шарында болып тұрғанын тілге тиек етті.  

Сесмикалық белсенді кезеңдеміз

Расында да, ғалымдар 1995 жыл­­дан бастап жер шары ғаламдық сейсмикалық белсенділіктің кезекті деңгейіне енгенін айтады. Оған 1995 және 2011-жылдары Жапонияда, 1999 жылы Түркияда, 2002 жылы Ауғанстанда, 2003 жылы Иранда, 2003 және 2008-жылдары Қытайда, 2004 және 2009-жылдары Индонезияда болған жер сілкі­ніс­тері дәлел. Әйтсе де, ғалым «Мем­лекет сейсмология саласын, ға­лымдарды назардан тыс қал­дырып отырған жоқ, демек белгілі бір деңгейде нәтиже бар. Мен бұрынғы сейсмологиялық қызметтің бәрін жоққа шығарғым келмейді. Бұрынғыға қосымша жаңа қызмет түрлерін енгізу қажет. Жаңа идея, жаңа мүмкіндік, жаңа техника керек. Ескерту жүйесі Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Қазақстанда орнатылуы керек. Сонда қай кезде қамдану керектігін алдын ала білетін боламыз», – дейді. Өкінішке қарай, бұл – адамзатқа ортақ үлкен мәселе. Әйтсе де, апат болатын сәтті анықтауға дамыған елдер де дәрменсіз болып отыр. Қазақта «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз бар. Сол себепті қауіпсіздік жайын әрбір алматылық өзі де үнемі жадынан шығармауы тиіс. Мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында, тіпті көпшілік жұмыс істейтін мекемелер мен кәсіпорындарда арагідік болса да, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қоюдың артықтығы жоқ. Мәселен, үйде, ғимаратта ең қауіпсіз жерлер негізгі құрылымдық қабырғалар мен есік жақтаулары екені ай­тылады. Дегенмен кейінгі жыл­дары ғимараттар мен үйлердің бастапқы жобасын өзгерту белең алғаны рас. Бұл апат бола қалған жағдайда қауіпті ұлғайтады. ТЖД мамандары қалада аса қауіпті 20 аймақ барын айтады. Қазіргі таңда осы аймақтардың картасы әзірленуде. Верный сілкінісінен кейін белгілі сәулетші Андрей Зенков «Мен болашаққа сенемін. Біз­дің қаламызда әдемі, көркем, бірнеше қабатты, тастан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарынан ғимараттар салынады. Тіпті құрылғылар арқылы үш-төрт қабатты ғимараттар салуға болады» деген екен. Иә, қазір құрылғылар да, құрылыс материалдарының сапасы да жақсарды. Бір кездері ша­һардағы ең биік ғимарат Алма­тының брендіне айналған 25 қа­баттық «Қазақстан» қонақүйі бо­латын. Қазір одан да биік ғи­мараттар кездеседі. Оның бәрі қалыпты норманы сақтап салынды ма, жоқ па – мәселе сонда.    width=Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ