Алматы халқы алаңдаулы. Себебі соңғы күндері бірнеше рет жер сілкінді. «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ММ-нің сейсмикалық стансалар желісінің хабарлауынша, 22 қаңтар күні 5.40-та жер сілкінген. Одан бұрын 17 қаңтарда сағат 22.09-да тіркелген зілзала ошағы Алматы қаласынан 368 шақырым жердегі Қытай аумағында орналасқан. 19 қаңтарда 19 сағат 30 минутта болған жерасты дүмпуі 3-4 балл көлемінде сезілді. Бұл жолы жер сілкінісі көпшілікке анық білінді. Одан бөлек, 20 қаңтарда сағат 13.33-те, 21 қаңтарда сағат 12.31-де жер сілкінісі тіркелген. Еліміздің оңтүстік-шығыс аймағы, оның ішінде Алматы сейсмикалық белсенділігі жоғары аумаққа жатады. Оны бұрыннан білеміз. Аталған аумақта жылына 10-12 мыңнан астам түрлі дәрежедегі жерасты дүмпуі тіркеледі екен. Одан да көптің хабары бар. Дегенмен соңғы күндері болған бірнеше жер тербелісі елге кәдімгідей үрей тудырғаны рас. Оның үстіне, бір емес, бірнеше рет қатарынан болғаннан кейін көпшіліктің алаңдайтындай жөні бар. 1887 жылы болған Верный сілкінісінде зілзаладан қаланың жермен-жексен болғанын ел тарихтан жақсы біледі. «Осы оқиғалардан кейін 110-120 жыл өтті. Сейсмологтар жер сілкінісінің қайталануын зерттеген кезде сол аймақта күші сондай жер сілкінісі қанша уақыттан соң қайталануы мүмкін екенін есептеуге болады. Біздің зерттеуіміз бойынша, Верный деңгейіндегі жер сілкінісі 100-120 жылда қайталануы мүмкін. Ол кезде жерасты дүмпуінің магнитудасы 7 балл болған. Ал 8 магнитудалы жер сілкінісі сирек болады. Оның қайталануы 150 жылдан асады. Алайда нақты болжам айту қиын», – дейді Сейсмология институтының зертхана меңгерушісі Алла Садықова.
Зілзаланы болжау қиын
Бірнеше рет жойқын жер сілкінісін бастан өткізген елімізде осы саланы зерттеу 1920-жылдардан бастап қолға алынған. Өткен ғасырда түрлі зобалаңды басынан өткізген елімізде 1976 жылы ғана ғылыми-зерттеу институтын құруға мүмкіндік туды. Содан бері ғалымдарымыз барынша алдыңғы қатарлы елдердің әдістерін өз жеріміздің ерекшеліктеріне қарай бейімдеп қолданып келді. Дегенмен жер сілкінісін нақты болжауға қолбайлау көп екені жиі айтылады. Оны Алла Садықова да жоққа шығармайды. «Әлемде жер сілкінісіне болжам үш деңгейде болады. Олар – 6-7 жылға жасалатын ұзақ уақытты болжам, сосын 1-2 жылға жасалатын орта мерзімдік болжам, үшіншісі – ең қысқа мерзім 1 айға жасалатын болжам. Біз орта ұзақтықтағы болжам жасаумен айналысамыз. Жыл сайын өткен жылдың материалдарын сараптай келе, ақпан айының басында осы жылға болжам жасаймыз. Біздің бақылау желілеріміз қысқа уақытқа болжам жасауға мүмкіндік бермейді. Желіміз көп болса, ғалымдарымыздың құрамы артса, нақты болжам бере алар едік», – дейді ол. Соңғы жер сілкіністерінен кейін алматылықтарда «Darmen» қосымшасы неге хабардар етпеді?» деген сұрақ туды. «Darmen» мобильдік қосымшасы «халыққа жер сілкінді» деп қана хабар таратады. Бұл құрылғы жай жер тербелісін болжай алмайды. Қазіргі уақытта жүйе Алматы айналасында орналасқан датчиктермен біріктірілген. Мұндай құрылғы өте аз. «Darmen» мобильді қосымшасын жасау тобының өкілі Владимир Кучкин «Бізде жылына 12 мыңға дейін жер сілкінісі тіркеледі. Смартфондарыңызға егер жер сілкінісі 6,1 балдық шамада болса ғана ескерту келеді» деп жауап берді. Расында да, бүкіл жерасты дүмпулері жөнінде хабарлама жібере берсе, халық үреймен ғана өмір сүретін түрі бар. Бұл сөзді қолдаған Алла Садықова «Жапонияда әр үйде, әр мекемеде жер тербелістерінің белгілі бір амплитудасына жауап беретін датчиктер қойылған. Құрылғы дабыл қағып тұрады. Сол кезде екінші толқын келгенше шешім қабылдап үлгересіз. Ал «Darmen» жүйесін әбден дайын болған кезде ғана іске қосу қажет. Әйтпесе, қалада дүрбелең тудыруы мүмкін», – деді ол. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің биофизикалық және сейсмикалық қызмет жетекшісі Виктор Инюшин «Караван» газетіне берген сұхбатында сейсмикалық ахуал жайлы айта келіп, ғылым саласындағы басты мәселелерге тоқталады. Ол «Бүгінгі таңда жағдай алаңдайтындай. Ғалымдар осыдан екі жыл бұрын Алматы маңайында сейсмикалық белсенділік артатыны жайлы айтқан. Болжамымыз айна-қатесіз дәл келіп тұр, – дейді. Инюшкин негізі жоғары сейсмикалық белсенділік біздің елімізде ғана емес, бүкіл жер шарында болып тұрғанын тілге тиек етті.Сесмикалық белсенді кезеңдеміз
Расында да, ғалымдар 1995 жылдан бастап жер шары ғаламдық сейсмикалық белсенділіктің кезекті деңгейіне енгенін айтады. Оған 1995 және 2011-жылдары Жапонияда, 1999 жылы Түркияда, 2002 жылы Ауғанстанда, 2003 жылы Иранда, 2003 және 2008-жылдары Қытайда, 2004 және 2009-жылдары Индонезияда болған жер сілкіністері дәлел. Әйтсе де, ғалым «Мемлекет сейсмология саласын, ғалымдарды назардан тыс қалдырып отырған жоқ, демек белгілі бір деңгейде нәтиже бар. Мен бұрынғы сейсмологиялық қызметтің бәрін жоққа шығарғым келмейді. Бұрынғыға қосымша жаңа қызмет түрлерін енгізу қажет. Жаңа идея, жаңа мүмкіндік, жаңа техника керек. Ескерту жүйесі Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Қазақстанда орнатылуы керек. Сонда қай кезде қамдану керектігін алдын ала білетін боламыз», – дейді. Өкінішке қарай, бұл – адамзатқа ортақ үлкен мәселе. Әйтсе де, апат болатын сәтті анықтауға дамыған елдер де дәрменсіз болып отыр. Қазақта «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз бар. Сол себепті қауіпсіздік жайын әрбір алматылық өзі де үнемі жадынан шығармауы тиіс. Мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында, тіпті көпшілік жұмыс істейтін мекемелер мен кәсіпорындарда арагідік болса да, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қоюдың артықтығы жоқ. Мәселен, үйде, ғимаратта ең қауіпсіз жерлер негізгі құрылымдық қабырғалар мен есік жақтаулары екені айтылады. Дегенмен кейінгі жылдары ғимараттар мен үйлердің бастапқы жобасын өзгерту белең алғаны рас. Бұл апат бола қалған жағдайда қауіпті ұлғайтады. ТЖД мамандары қалада аса қауіпті 20 аймақ барын айтады. Қазіргі таңда осы аймақтардың картасы әзірленуде. Верный сілкінісінен кейін белгілі сәулетші Андрей Зенков «Мен болашаққа сенемін. Біздің қаламызда әдемі, көркем, бірнеше қабатты, тастан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарынан ғимараттар салынады. Тіпті құрылғылар арқылы үш-төрт қабатты ғимараттар салуға болады» деген екен. Иә, қазір құрылғылар да, құрылыс материалдарының сапасы да жақсарды. Бір кездері шаһардағы ең биік ғимарат Алматының брендіне айналған 25 қабаттық «Қазақстан» қонақүйі болатын. Қазір одан да биік ғимараттар кездеседі. Оның бәрі қалыпты норманы сақтап салынды ма, жоқ па – мәселе сонда.